Әкелер форумы өтті
Қазақта «Ұл әкеден үйренбей, сапар шекпес, қыз шешеден үйренбей, өнеге алмас» деген бар. Осы сөздерді мәйек ете отырып, орталық мамандары бүгін алғаш рет І облыстық әкелер форумын өткізді.
Отбасы күніне орай ұйымдастырылған тағылымды шараға Сыр өңірінің абыз ақсақалы, қаламы қарымды жазушылардың бірі Сәпен Аңсат, белгілі дінтанушы Бахтияр Оспанов, азулы айтыскер ақын Нұрмат Мансұр мен жас кәсіпкер Мағжан Ералиев қатысты.
Отбасында үлгілі әке, қоғамда орны қалыптасқан, ел қолдайтын, жастарға өзіндік айтар ойы бар азаматтар әдемі әңгіме өрбітті. Отбасы құндылығы, бала тәрбиесі, соның ішінде әке рөлі мен әкеге деген сүйінпеншілік тақырыбын түрлі саладан қонақ ретінде келген қатысушылар да кеңінен қозғады. Рухани азық алар форумда спикерлер бала тәрбиесін басты орынға қоюға кеңес беріп, қоғамдағы әке рөлін бірлесе күшейтуге шақырды.
Шынында, атақты «Абай жолы» романында мынадай бір тағылымды эпизод бар. Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әкесінің үйіне күн кешкіре жетіп жығылған он үш жастағы шәкірт Абай аттан түскен бетте анасына қарай бет алады. Сонда байсалды Ұлжан: «Әй, балам, анда әкең тұр, әкеңе барып сәлем бер», – дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай жалт бұрылып, әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі. Ұлы жазушы М.Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.
Аталған шараның да мақсаты – жастарға тәлім-тәрбие беру, басты құндылық – отбасы құндылығын, әке рөлін дәріптеу болды. Ол өз мақсатына жетті. Шара әсем дауысты әнші Үміт Медеуованың ән-шашуымен қорытындыланды.