Айтары көп ақын

Еркін кездесу форматында өткен шараға жастар көп жиналды. Олар айтыскер ақынға түрлі сауал қойса, енді бірі айтысқа қалай келгенін сұрады. Кездесуде Мұхтар жастарға тағылымы мол, өнеге болатын әңгіме өрбітті. Айтылған әңгімелердің ішінде анаға, әкеге, туған-туысқа, бауырға, үлкен құрмет көрсету, ысырып, уақытты қалай тиімді пайдалана білу қажеттігі туралы айтты.Табысты болудың сыры мен сөз құдіреті, айтыс өнеріндегі қоғамның өзекті мәселелерінің айтылуы мен орындалу жайлары, тұлғалық қасиеттер жайлы ой-толғамдарымен бөлісті.
Ақын бүгінгіжастар тәрбиесі туралы ойын білдірді.
– Қазір әлеуметтік желілерге байланған заман. Жастар кітап оқымайды. Кітап оқу мәдениеті жоғалып барады. Содан да болар біздің жазушыларымыздың қадірі азайды. Жастар классик қаламгерлерді білмейді. Ол дегеніміз кітап оқымаудың кесірі. Мен, әсіресе, қыздардың біліміне қатты алаңдаймын. Қыздардың білімді болғанын қалаймын. Себебі, кейінгі ұрпақтың тағдыры ‒ болашақ аналар ‒ бүгінгі қыздардың қолында. Болашақ аналар тәрбиелі, инабатты, білімді болса, келер ұрпақтың өмірі де жарқын болады, – деді ол.
Шараның мақсаты – жастардың шығармашылық қабілетін шыңдау, сөз құдіретін сезінуге тәрбиелеу, табысқа жетудің сырын ұғындыру, – дейді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, Мұхтар Ниязов Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі. Шығармашылық жолын өлең жазумен бастап, қазіргі таңда облыстық, республикалық, халықаралық айтыстарда топ жарып жүр. Республикалық «Асыл арна» телеарнасындағы «Сүбелі сөз» хабарының жүргізушісі.
Ted Talks форматында өткен кездесудің тағы бір мақсаты жастардың шығармашылық қабілетін арттыруға, өнерге деген қызығушылығын оятуға септігін тигізу.
Кездесуде жастар сұрақтарына тұщымды жауаптар алды. Жиын соңында ақын белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табыстады.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.