Әке әлемі
Ілгеріде бір ана арқасүйер азаматынан ерте айрылып, әулеттің бүкіл жүгін өзі көтеруге тура келеді. Балалары шекесі торсықтай кілең ұл болады. Анасы кішкентайларына керекті заттың бар¬лығын үй босағасына өзі іліп қойған отағасының киімінің қалтасына салып қояды екен. Содан балалары бірдеңе сұраса «Әкелеріңнің қалтасынан барып алыңдар» дейтін көрінеді. Ондағы ойы әкелерін әрқашан естерінен шығармау ниеті.
Міне, бұл өткеннің өнегесі, тарихтың тағылымы. Осы қағида арқылы әкелер құндылығын, қасиетін бағамдай беріңіз. Иә, әкенің берген тәлімін жүз емес, мың мектеп те бере алмасы анық. Әкенің қас қабағы – өмірдің бас сабағы. Бұл – бұжымас өмір айнасы.
Әке – асқар тау. Оның отбасындағы орны бөлек. Яғни, ол – отбасының тірегі де, тәлім-тәрбие беріп, бағдар беруші. Әке болу дүниеге ұрпақ әкелумен өлшенбейді. Ол балаларың үшін өзіңді қамшылау, сары ауыз балапандарды асырап, керегімен қамтамасыз етіп, қанаттандыру.
Әкелер жайлы түрлі мысалдар да жеткі¬лікті. Мәселен, мейірімділігі анадан асып түсетін әкелер бар біздің қоғамда. Оны күнделікті ел арасында жиі естіп те, көріп те жүрміз.
«Айтпаса, сөздің атасы өледі» деген. Сондай-ақ, өкініштісі сол өз отбасын тас¬тап, жауапкершіліктен жалтаратын әке деген ардақты атқа дақ түсірген жандар да жеткілікті арамызда. Ащы да болса ақиқаты осы. Бұл әкелікті таяз түсініп, атүсті қарай¬тындардың көрінісі.
Қалай десек те әрбір адамның мінезі мен тағдыры әрқилы келеді. Оны тезге салғандай түзеп, түзу жолға тәрбиелеу адамның өзіне тікелей байланысты болмақ. Сондықтан қоғамымызда да әртүрлі деңгейде әкелер бар. «Ел болғасын жақсы да, жаманда бар» .
Мақаланың түйінін Құнанбайдың мына сөзімен қорытын¬дылағанды жөн көрдім. Бірде бала Абай әкесіне қарап: «Менің зейінім бөлек, зерекпін, әке. Сіздей болу үшін маған енді не қажет?» деп қасындағы Құнанбайға қарайды. Сонда Құнекем: «Қарағым, Құнанбайдай болуың үшін, әуелі Абайдай ұлды бол» деп тіл қатады.
Міне, сөз. Бала қандай білімді болса да, әке алдында әрқашан бір саты төмен тұрады. «Бір бала әкеден өте туар, бірі әкеге жете туар, бірі кері кете туар» деген даналар өсиеті бар. Әке әлемі теңіздей терең, бұлттай биік. Оны түйсікпен түсініп, тарызылау үшін кеудедегі алтын сандығың ашық болуы абзал. Әкелер күні аясындағы оймақтай ой осыған саяды.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ