Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жинағанын кімдер алады?

Жинағанын кімдер алады?

Күздің алғашқы күнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдау жолдады. Көпшілік күткен Жолдау «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» деп аталып, онда алдағы мақсат міндеттер айқындалды.
Жаңа Жолдауда мемлекетті басқару ісі, экономикалық даму, азаматтардың  әл-ауқаты, білім, денсаулық сынды бірқатар сала бойынша жүзеге асуы тиіс жұмыстар сарапталған. Оның ішінде көпшілікті елең еткізгені халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттырудағы жоспарлар.
«Жас кезінде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген. Бойда қуат барда толымды тірлік жасап, қарттық шақта оның жемісін жеп, рахатын көргенге не жетсін?! Иә, расымен бүгінде бірі зейнет жасына жетіп, қалған өмірдің қызығын көрсем, ендігісі зейнетақы қорына жиналған қаржының игілігін осы күнде көрсем деген ниетте. Әсіресе, соңғы мәселе бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатыр. Өткен жылғы Жолдауда мемлекет басшысы Үкіметке азаматтардың зейнетақы жинағын мақсатты пайдалану мүмкіндігін жыл соңына дейін пысықтауды тапсырған.  Алайда бұл мәселенің шешімі ұзаққа созылды. Мәселенің нүктесі кешегі Жолдауда қойылды. Дегенмен, ол мүмкіндікке кімдердің ие болатыны әлі белгісіз.
Белгілісі сол, бұл мүмкіндікті елімізде 700 мың адам ала алады екен. Яғни, осынша салымшы өз жинағының белгілі мөлшерін тұрғын үй алуға, білім алуға, емге жұмсай алады. Президент өз сөзінде бұл реформа азаматтардың еңбек қатынасын ашық жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуына ынталандыру екендігін атап өткен. Осы орайда Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп жыл соңына дейін қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды, дайындық жұмысын бастауды тапсырды.
Осыған байланысты Үкімет үйінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәселені жан-жақты түсіндіріп берді.
– Кімдер, қандай жағдайда жинағының бір бөлігін ала алады? Біріншіден, ол жұмыс істеген, жұмыс істеп жүрген азаматтар, яғни бірыңғай зейнетақы қорында жарнасы бар азаматтар алуға мүмкіндік бар. Егер де олардың сомасы жеткілікті шегінен асып жатса. Мұндай азаматтар саны болжам бойынша 530 мың адамды құрайды. Екіншісі – зейнет жасына жеткендер. Егер олардың жинақтаушы қорында қаражаттары бар болса, олар қаражаттың 50 процентіне дейін ала алады. Мұндай азаматтардың саны 178 мыңнан асады, оның ішінде құқық қорғау органдарының зейнеткерлері де бар, – деді министр брифинг барысында.
Сонымен, болжам бойынша жаңа мүмкіндікті игілігіңізге жарату үшін 30 жасыңызға дейін қорға кемі 2 млн 538 мыңнан жоғары қаржы жинақтауыңыз керек. Сондай-ақ бұл көрсеткіш жас шамасына қарай әр түрлі келеді. Ал 40 жастағы азаматтардың жинағы 3 млн 437 мың теңгеге жетуі шарт. Бірақ бұл қордағы жинақтың жалпы сомасы емес, зейнетақының бір бөлігін алғанда қорыңызда қалуы тиіс қаржы. Егер сіз ипотекамен үй алғыңыз келсе, кемі бастапқы жарна кемі 1 млн 200 мың шамасында болса, сізге 30 жасқа дейін кемі 4 млн теңгені жинақтау қажет болады деген сөз. Сарапшы мамандардың есептеуі бойынша 30 жасқа дейін қорға аталған көлемдегі қаржыны жинау үшін 22 жастан жұмыс істеу және айлық табысы 270 мыңнан кем болмауы шарт. Статистикалық көрсеткіш бойынша орташа айлық табысы 117  321 теңгені құрайтын қызылордалықтар үшін бұл мүмкіндік ауылы алыс сыңайлы. Себебі, 30-40 жылдан аса еңбек өтілі бар азаматтардың қорында да мұндай ақша жоқ екені белгілі.
Зейнетақы қорындағы жинақтың белгілі бір бөлігі пайдалануға беріледі дегені сол-ақ екен, бұл турасында әркім өзінше топшылай бастаған. Көбісі жағымды жаңалыққа қуанып, мүмкіндіктен үмітті еді. Десе де, министрліктің болжамынан соң, әркім өзінің шама-шарқын түсінген сияқты.

Айдана САЙДУЛЛА
12 қыркүйек 2020 ж. 272 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 427 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам