Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Бас шаһардың бас газеті

Бас шаһардың бас газеті

Алашқа ана атанған Сыр өңірінің бас шаһа­ры –Қызылорда қаласы. Қызылорда –  Арал мен Жаңақорған­ның арасын жалғайтын жеті ауданның өзегі, жүрегі, орталығы. Атынан айналайын, Ақмешіт, бүгінде  ерекше қарқынмен дамып келеді. Соңғы дерек­тер бойынша  аймақта 800 мыңға жуық адам тұрады. Сылаң қаққан Сыр мен қарт Қара­тауды,  Қызылқұм мен Бетпақ даланы қабат қоныстанған облыс аумағы да кең. Оның жалпы көлемі – 226 мың шаршы шақырым. Бұл – бүкіл қазақ жерінің 8,3 проценті. Еуропаның Австрия, Венгрия, Бельгия, Чехия,  Швейцария сынды мемлекеттері облыс төңірегіне түгелдей сыяды. Тіпті алпауыт саналатын Германия жері Қызылорданың аумағындай ғана екен.
Қызылорданың қазіргі даму қарқынын оның өсіп-өркендеуіне тілектес әрбір адам біледі. Бұл қала Ақмешіт, Перовск, Қызылорда секілді әр кезеңде әртүрлі атауға ие болған. Тарихи деректерге сүйенсек, 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында алғаш қорған ре­тін­де салынған. Оның ішін­дегі ақ кірпіштен өрілген ме­шіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталды. 1853 жылы Орынбор генерал-гу­бернаторы В.А.Перовский қо­қандықтармен соғысып, жеңіс­ке жетеді. Қала Перовск ата­лып, 1867 жылы ол Сыр­дария уезінің орталығына ай­налады. 1922-1925 жылдары қала қайтадан Ақмешіт атанды. Сырдария өзенінің бойында орналасқан әсем қала жыл өткен сайын дами түсті. Ол 1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасы болды. Астана болған сәттен бұл қала Қызылорда деп аталды. Әлі күнге дейін осылай аталып келеді. 
Қызылорда облыс орталығы болған соң мұнда өзіндік әде­би, мәдени, рухани ортасы болатыны белгілі. Өз кезегінде ақпарат айдынында желкенін керіп, оқырман қауымға аймақ­тағы жаңалықтарды жеткізіп отыратын баспасөзі де болады. Қызылорда қаласының төл ба­сылымы, Сыр еліндегі бас шаһардың бас газеті саналатын «Ақмешіт апталығы» алғашқы саны шыққан күнінен бастап өз оқырманын таба білді. 
Қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге өз кезегінде мерзімді басылым­дардың да қосқан зор үлесі бар. Бұл ретте 1994 жылдан бері жарық көріп келе жат­қан «Ақмешіт апталығы» басы­­лымында да Сыр журналис­тикасының қара нарлары еңбек еткенін атап өткен жөн. Газет негізін қалаған Әділхан Бәймен мен басылым жүгін басшымен бірдей көтерген Аманжол Оңғарбаев «Ақмешіт апталығының» келешегіне сен­ді. Бір кездері мемлекеттік тілдің туын көтерген басылым қаламгерлері елдің жасампаз істерге толы шежіресін жазу жолында үнемі ізденіс үстінде жүрді. Әсіресе, аймақтың тыныс-тіршілігін, халықтың әлеуметтік жағдайын, жеткен жетістігі мен еңбек адамын насихаттау журналистер ат­қарған толассыз істердің қата­рында екенін айта кеткен жөн. Бұл газетті Нұрлан Көбеген­ұлы, Нұржан Нұр­мағанбетов,  Нағымжан Сауяев, Мұрат Жетпісбаев, Кенжалы Ерім­бетов, Дүйсенбек Аяшұлы, Әділжан Үмбет, Қаныбек Әбдуов сынды елге белгілі қалам иелері басқарды. Тағы бір айта кетерлігі, А.Жанаев, Қ.Әшірбекұлы, Ш.Дәрмаған­бетов, А.Сәдібекұлы, К.Бер­дәу­ле­тов, А.Келімбетов, Н.Ел­­тай, С.Боқанов, Ә.Жақыпов, Ш.Серікбаев, И.Сейтов, Ш.Ма­ханбетовтей шығармашы­лық өкілдерінің де осы газетте қаламының табы жатыр Соны­мен қатар суретші Қайырбай Зәкірұлының, фототілші Бо­лат Омарәлиевтің, ақын Әділ Ботпановтың, журналистер Айнұр Тұңғышбаева, Алтынай Молжанова, Гауһар Қожах­метованың қалалық газетте ізі қалғанын айта кеткен жөн.
Облыстық және аудандық басылымдардың басын бірік­тірген «Сыр медиа» жауап­кершілігі шектеулі серік­тестігіне қосылғалы бері газет мүмкіндіктері артып, жаңаша форматпен шыға бастады. Редакцияның материалдық-техникалық жарақтандырылуы заманауи сипат алды. Кез келген өңір үшін ақпараттық жүйенің бәсекеге қабілеттілігі айрықша басымдық алып, газеттің баспа нұсқасымен бірге электрондық жүйесін қатар дамыту талабы қойылып отыр. Газеттің электронды нұсқасы әзірленіп, бүгінде әлемнің қай түкпірінен оқимын деген адам болса да мүмкіндік бар. Газет сайтына жергілікті жаңалықтармен қатар әлем­де болған оқиғалардың ақпа­раттары беріліп отыр. Бұл жағынан алғанда “Ақмешіт апталығын” тек Қызылорданың айнасы ғана емес, сонымен қатар жаһан жаңалықтарының жаршысы болып келе жатқанын атап өтуге болады.
Бүгінде ақпарат әлемінде өзіндік орны бар «Ақмешіт апталығы» газетінің тізгінін ұстау бізге бұйырды. Сол себепті басылымның жүріп өткен жолына зер салып, тарихына қысқаша шолу жа­сап отырмыз. Бұған дейін де аймақтағы жағымды жаңа­лықтармен қатар әлеуметтің әлеуетіне қатысты мәселелерді көтеріп келе жатқан газеттің жүгі жеңіл болмаған. Біз де хал-қадірімізше аға буын қа­ламгерлердің ізін жалғап, «Ақмешіт апталығын» Қызыл­орданың тыныс-тіршілігін бей­нелейтін, өлке тарихын ше­жірелеп, халықтың үні іс­петті басылым болуы үшін еңбектенеміз.
Азиз БАТЫРБЕКОВ
19 қыркүйек 2020 ж. 423 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 530 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам