Кішкентайлардың қуанышына куә болдық

Сейсенбі күні қала аумағында бой көтерген бірқатар балалар ойын алаңымен және аялдамалармен танысу мақсатында қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен баспасөз туры өтті.
Алғашқы нысан «Жастар үйі» маңында салынған балалар ойын алаңы. Заманауи талапқа сай бой көтерген алаңда бүлдіршіндер асыр салып ойнауда. Кішкентайларды қызықтап әңгімеге тарттық. Мұхаммеджан есімді бала күнде осы жерде достарымен бірге сырғанақ теуіп, әткеншек ойнайтынын қуана жеткізді. Оның айтуынша, жақын маңдағы барлық балалар кешкі мезгілде осында ойнайды. Бірі доп теуіп, енді бірі жаттығу жасап, мәре-сәре болады.
Биыл Қызылорда қаласында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы негізінде 30 ойын алаңы салынды. Соның бірі – Панфилов көшесі бойында орналасқан ойын және спорт алаңы. Алаңқайлардың барлығы жаңа заманауи талапқа сай салынған. Бүгінде бұл алаңқайлар балалардың шат-шадыман күлкісіне көмкеріліп, ойнап, қуанышқа бөленгеніне ата-аналары да дән ризашылықтарын білдіруде.
– Жасыратыны жоқ, бұрын бұл жердің топырағы бұрқырап жататын. Қазір көрсе көз тоятын әсем де көркем алаңға айналды. Өзімнің де үш балам бар, күні бойы осында асыр салып, доп теуіп ойнайды. Солардың қызықшылығына қарап қуанамын. Осындай ойын алаңын салып берген қала әкімдігіне алғыс айтамыз, – дейді қала тұрғыны Феруза Сазакова.
Келесі нысан – Бөкейханов көшесінен салынған жаңа аялдама. Бүгінде мемлекеттік бағдарлама негізінде «Азамат» ЖШС мердігер мекемесі қала аумағында 70 аялдама салу жұмыстарын жүргізуде. Жобаның техникалық қадағалаушысы «Раян и К» ЖШС құрылыс жұмыстарының сапасына бақылау жүргізуде. Тағы бір атап айтарлығы, қаланың шеткі аумақтарына осындай балалар ойын алаңы мен аялдамалар салу жалғасатын болады. Бұл ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана.
Баспасөз турында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Абзал Рысбек қала тұрғындарының игілігі үшін салынған нысандардың бұзылуына жол бермеу қажеттігін айтып, тұрғындарды жанашырлықпен қарауға шақырды.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ