Қызылорда қаласында 60 алаң жаңғырып, жаңадан 30 ойын алаңы мен 3 стритбол салынуда
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың жұмыс сапасын тексерді.
Қала басшысы алдымен, Ақмешіт ықшам ауданында болып, №28 үйдің ауласына салынған балалар ойын алаңының сапасын тексерді. Балаларды қуанышқа бөлеген алаң толығымен заманауи талаптарға сай. Қауіпсіз әрі сапалы жасалған жұмысқа тұрғындар алғысын білдіруде.
«Бұрын балаларымыз ойнауға кетсе, бір жерін жарақаттап ала ма деп алаңдап отыратын едік. Қазір қорқыныш сейілді», - дейді қала тұрғыны Салтанат Күзербергенова.
Биыл Қызылорда қаласы бойынша аталмыш бағдарлама негізінде 30 балаларға арналған ойын алаңын салу жоспарланған. Қазіргі таңда 18 нысанның құрылысы толығымен аяқталып, 12 алаңды жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар қала бойынша 60-тан аса ойын алаңдарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аралау барысында шаһар басшысы ықшам ауданға қарасты №26,27 үйлердің тұрғындарымен де тілдесіп, өтініш-тілектерін тыңдады. Тұрғындардың мәселесі бойынша сала басшыларына жекелей тапсырма жүктеп, оны 10 күннің ішінде шешуді тапсырды. Сонымен бірге барлығы өз бақылауында болатынын жеткізді.
Одан әрі қала әкімі Ғ.Мұратбаев көшесі №4 мекен жайында салынған спорт-жаттығу алаңына барды. Жобаны «Ақмар и К» ЖШС жүзеге асыруда. Құрылыс жұмыстары негізінде 18 адам жұмыспен қамтылған.
Бұдан бөлек қала аумағында тағы 2 балаларға арналған стритбол алаңдары салынуда. Бұхарбай батыр көшесі №113 Г мекенжайында орналасатын стритбол алаңының құрылысына бүгінде мердігер мекеме анықталып, құрылысы басталған. Жобаны жүзеге асыруға жауапты "СпецСтрой ЛТД" ЖШС. Қазіргі уақытта алаңның ескі топырақтары шығарылып, орнына құм, ГПС, Грави салынып, асфальт төселді. Қажетті жабдықтарға Алматы қаласына тапсырыс берілген. Спорттық жабдықтар апта аяғында жеткізілетін болады.
Тасбөгет кентінде орналасқан стритбол алаңыныңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Нысанға тас төселіп, қажетті спорт жабдықтарына тапсырыс берілген.