Бұл – Қызылорда көшесі
Замана өзгерісіне бейім, сәулеті мен келбеті жарасым тапқан Қызылорда қаласы бүгінде алысқа көз тастайтын қарышты қалаға айналып отыр. Қойнауына құт дарыған қаланың көшелері де көшелі еліміздің көркіне көрік қосып келеді.
Қала күні қарсаңында қаламызбен аттас Қызылорда көшесіне барып қайттық. Мақсат – көше тарихын зерделеп, тұрғындармен тілдесу. Қызылорда көшесі ілгеріден бері осылай аталып келеді. Көшенің Солтүстік жағы Қызылжарма каналынан басталып, оңтүстік беткейі Рокоссовский көшесіне дейін жалғасады. Ортаңғы жақтары Б.Майлин, С.Торайғыров көшелерімен қиылысады. Көшеде 80-ге жуық отбасы орналасқан. Орта есеппен әрбір үйде 6 адамнан тұрады деп қарастырсақ. Көше шамамен 500-ге жуық адамның ордалы шаңырағына құт болған. Бұл көшеде еңбек ардагерлері де, көпбалалы аналар да тұрады. Көшенің екі беті жасыл желекпен көмкеріліп, ағаш түптері түгел әктелген. Көше тақтайдай тегіс. Тұрғындардың айтуынша, әрбірі көшеге құрметпен қарайды.
– Мен осы көшенің байырғы тұрғынымын. Жасым сексен екіге таяды. Жол бойы мекемесінде жұмыс жасап, содан зейнеткерлікке шықтым. Көшеміз көз алдымызда қаламен қатар дамып келеді. Инфрақұрылым толық жүргізілген. Балаларымыз жанымыздағы №253 орта мектепте оқиды. Тарихы терең білім ордасынан қаншама шәкірттер түлеп ұшты. Жастарымыз да тәртіпті. Үлкенге ізет, кішіге қамқор танытып тұрады. Тазалықты тұрақты жүргізіп тұрамыз. Менікі, сенікі деген бөлек көзқарас жоқ. Бір-біріміздің қуаныш-қайғымызға біркісідей атсалысып келеміз. Бір сөзбен айтқанда, көшеміз көрікті, тұрғындарымыз тату, – дейді көше тұрғыны Бергенбек Алданазаров.
– Көше атауы осы жер берілгелі бар. Жастайымнан осында тұрамын. Көшемді өзіме құт санаймын. Он екі құрсақ көтердім. Соның тоғызы көз алдымда. Отыз жеті жыл поштада халыққа қызмет көрсетіп, қазір елдің тілеуін тілеп отырмын. Қыздарымда, келіндерім де өзім сияқты көпбалалы ана.
Қызылорда – болашақтың қаласы. Балалар болашағына куә болғаннан артық не қуаныш бар?! Қолым қалт етсе көрпеше көктеп, тоқыма тоқимын. Біз қаланың бұрынғы қиын-қыстау кезеңдерін көргенбіз. Қала орталығына шықсам марқайып қайтамын. Қаламен аттас көшеде тұрғанымды мақтан тұтамын. Ел өркендесін, ер көркейсін. Біздің тілек осы, – дейді батыр ана Шәрікүл Қалматова.
Қаламен аттас көрікті көшені көзбен көрдік, көңілге тоқыдық. «Үй ішінен үй тіксең, үйден жылы болады» деген нақыл сөз бар. Сол секілді қаламыздағы Қызылорда көшесі жүрекке жылылық сыйлап, бойыңа қуат береді екен.
Біз алдағы күндері Қызылорданың басқа да көшелері жайлы жазатын боламыз. Күтіңіз бізді, оқырман.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ