Шеткі аймақтарда жол түгел жөнделеді
Жалпы адамзат баласына қажетті қолданыстардың бірі – көше. Қала аумағындағы шеткі аймақтардың ретсіз жолдары туралы жергілікті тұрғындар талай мәрте билікке базынасын жеткізіп келген. Өйткені олар күз, көктем айларында көшенің күйі қашады, адам аяқ алып жүре алмайтын жағдайда қалады.
Бұл туралы қала әкімі Н.Машбекұлынының жылдық есепті жиынында ұсыныс-пікірлер жеткізілген болатын. Сонда шаһар басшысы «Бұйырса биылдан бастап, шеткі аймақтарда көше мәселесін шешетін боламыз» деген еді. Осы мақсатта қала аумағындағы жол жөндеу жұмыстары бастау алуда.
– Өткен жылы қала көлеміндегі 30 көшеге жергілікті бюджет қаражаты есебінен орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Сонымен қатар, Әл-Фараби мөлтек ауданы бойынша 10 көшеге және Саяхат тұрғын ауданы бойынша 40 көшеге тас жол құрылысы жүргізілді. Осы бағыттағы жұмыстар биылғы жылы да жалғасын тауып, республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен қала аумағында бір жол құрылысы және 36 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен С.Бейбарыс көшесінен Қызылжарма каналына дейін магистралды жол құрылысы жалғасын тауып, тұрғындар өтініші бойынша КБИ, Шанхай, Титов, Гагарин, Арай, Әл-Фараби, Қорқыт ата тұрғын аудандарының көшелері қамтылды. Қазіргі таңда, Арай м/а, Алпамыс көшесі, Гагарин тұрғын ауданындағы Гагарин, Бұдабай ақын көшелері мен Қашаубаев тұйығы, Сәулет мөлтек ауданындағы Абдоллаев және Қорқыт ата тұрғын ауданындағы Тұран көшесіне асфальт төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың – Жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаламыздағы 109 көшеге жөндеу жүргізілуге қаржы бөлу ұсынылды. Ендігі кезекте тиісті шаруалар атқарылатын болады. Барлығы халық игілігі үшін жасалып жатыр, – дейді қала әкімінің орынбасары Ерлан Бердібаев.
Қаладағы Қорқыт ата тұрғын ауданындағы атқарылып жатқан игі шаруалардың сапалы жүргізіліп жатқанын көз көріп, көңіл көншіді.
Қала тұрғыны Әбсаттар Әбдіғаппаров: – Бұрын мектепке, балабақшаға бару мұң болатын. Біздің климатымыз белгілі. Жеріміз кебір болғасын тіптен жыл сайын көшеміздің көркі кетіп тұрған. «Жол қадірін жүрген білер» деп осындайда айтылса керек-ті. Адам түгіл көліктің өзі келе алмай, көше басына қойып кететінбіз. Содан талай ұрлық та түскен. Енді міне, сол қиындықтардың бәрі артта қалды. Қазір қуанышты күйдеміз. Есік алдына дейін келген тақтайдай тегіс жол жанымызды жадыратып, көңіл құсын көкке шарлатады. Сыр елінің салтанат құрғаны осыдан айқын аңғарылып тұр. Осындай қиын кезеңге қарамастан жолымызды жөндеп жатқан ел ағаларына алғаусыз алғыс айтамыз, – дейді бізбен әңгімесінде.
Иә, расымен де мұндай игі бастама тұрғындарды қуанышқа бөлеуде. Көшенің көрікті болғаны біріншіден, жүріп тұруыңа жақсы, екіншіден, еліңнің еңсесін биіктетеді. Өйткені көшелі елге айналғанымыз көшемізден көрініп тұруы тиіс.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.