Елордада жәрмеңке өтті
19-20 қыркүйек күндері Елордада Нұр-Сұлтан қаласы мен Қызылорда облысының әкімдігінің ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді.
«Хан-Шатыры» сауда орталығының жанында Тұран даңғылы мен Д.Қонаев көшесінің қиылысында өткен жәрмеңкеге Сыр шаруалары мен диқандары 327,8 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды. Жәрмеңкеге аймақтан 30 жүк көлігіне тиелген 160 тонна күріш, 20 тонна балық және балық өнімдері, 100 тонна бақша, 20 тонна асқабақ, 20 тонна көкөніс және жеміс-жидек өнімдері, 5 тонна сүт және кондитер өнімдері жеткізілді. Бірыңғай конструкциямен жабылған алаңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлығы нарық бағасынан 15-20 процент арзан бағада саудаланған.
Сыр елінің елордаға тартуы екі күнге жалғасты. Жәрмеңкеге Қызылорда қаласы мен жеті ауданының 70-ке жуық шаруашылық пен кәсіпорындары 360 тоннаға жуық жоғары сапалы өнім ұсынды.
Айта кетейік, Қызылорда облысы биыл агро салада айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Егіс көлемі 1,1 мың гектарға артып, 184,2 мың гектарды құрады. Нәтижесінде, дәнді дақылдар 99,9 мың гектар, майлы дақылдар 5,7 мың гектар, мал азықтық дақылдары 61 мың гектар, картоп, көкөніс, бақша 17,6 мың гектарды құраған. Ал негізгі дақыл – күріш көлемі 89,5 гектарға жетті. Егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артып, әртараптандыру бағытында соңғы 6 жылда мал азықтық дақылдар 8 мың гектарға, майлы дақылдар 6,9 мың гектарға, күріштен өзге дәнді дақылдар көлемі 3,7 мың гектарға ұлғайған. Бүгінгі күнге дейін облыста 227 мың тонна көкөніс, бақша, картоп және 19,7 тонна ет, 48,5 тонна сүт өндірілді.
«Ақмешіт ақпарат»