Бар қазақтың бақ ордасы
Есте жоқ ескі заманды, күмбірі құлақ түбінен күңгірлеп естілетін ықылым дәуірді, дабысы дуылдап сезілетін сонау бір кезеңдерді көз алдыңа әкелетін, Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ секілді бабаларға басты орда болған қалалардың сынығын көз алдыңа көлденең тосатын, тыныс-тіршілігін ұғындыратын бір мекен бар. Ол – бір кездегі Ақмешіт, қазіргі Қызылорда.
Өзі де бар қазаққа астана болған, ұлылардың ізі, табанының табы, қолының таңбасы қалған қастерлі қала.
Ұлы Ұлыстың ізі іспетті ұлттың тағдыры шешілген, осы біздің қазір қазақ дейтін халық ретінде бөркіміз аспандай болып жүрген атымызды қайта оралтқан, Алаш арыстары күн-түн демей, тыным таппай, тыныс алмай еңбек еткен елдің ордасы болған бұл қала.
Қамысқаладан тамырын тартып, Ақмешіт деген аяулы есімді иеленіп, ұғымға бөтен, ойға жат Перовск дейтін атауды да иеленіп, ақыр соңы "әйтеуір Орда деген ұғымды кіргізіп" Қызылорда атанған қаланың тарихы бар қазақтың жүріп өткен жолымен біте қайнасып жатыр. Бір қаланың даму жолынан тұтас ұлттың өмірін анық байқауға болады. Сонысымен де Қызылорда әр қазақ үшін қастерлі, қасиетті, құнды қала.
Әлдекімге құм суырып, аптап ыстығы ми қайнатып, желі бетіңді қарып, суығы сүйегіңнен өтетін сұрықсыздау мекен болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл қаланың тағдыры түгел ұлттың тарихы екенін, аласапыран заманда алақандай жүрегімен Алашты аялағанын, "алқакөл сұлама, ақтабан шұбырындыда" Анаң, зұлмат-зобалаңда панаң болғаны еске түскенде бар ардағың осы шаһар екенін айтпай білесің, қапысыз ұғасың.
Сөйткен Қызылорда бүгінде заманның ыңғайына, дәуірдің дамуына бейімделіп өсіп-өркендеп келеді. Көркі күн сайын кемелденіп, көркем келбеті сәт сайын түрлене түсуде. Жайқалған гүлзары, буырқанып атқылаған бұрқағы, тал-дарағы самалмен тербеліп, билегені, сұлудың бұрымындай теп-тегіс жолдары, самаладай жанған неон шамдары, есті ескерткіштері, дана дарияның қос қапталында бой көтерген көп қабатты үйлері, бәрі-бәрі заманауи Қызылорданың шырайын ашып, ажарын арттыруда.
Өткен мен бүгінді, қазір мен болашақты байланыстырып, жалғастырып тұрған алтын көпір секілді Қызылорда қаласының күні құтты болсын! Қара жер тұрғанша тұр, қастерлі қалам! Жайнай бер, жарқырай бер, жасай бер!

Ержан БАЙТІЛЕС,
ҚР Президенті Баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі.