Құсқа кесел қайдан келді?
Қыркүйектегі көпті алаңдатқан мәселенің бірі – құс тұмауы. Елімізің солтүстік өңірінен бастау алған құсқа келген індет кім-кімді де алаңдатпай қалмады. Себебі, әзірге бізде жоқ дегенмен елге келген індеттің ел жағдайына әсер етпей қоймайтыны белгілі. Әсіресе, еттің бағасы қалта көтермейтін заманда екі үйдің бірі құс етін тамақ қылатынын ойласақ, «құс тұмауы» туралы ақпарат көптің тамағынан ас өткізбей уайым шеккізді. Тіпті, өзі бағып отырған тауығының еті мен жұмыртқасын жеуге де қорқып қалды. Қайдан жұғатынын кім білсін деген үрей де жоқ емес.
Құс шаруашылығы өркен жайған солтүстіктегі ағайын үшін бұл оңай болмады. Құс өсіруді кәсіп еткен ел бір күнде табысынан айрылды. Құсқа індет қайдан келді?
Коронавирус індетінің үрейінен айықпаған ел бүгінде «құс тұмауына» да үрке қарауда. Мал-жанның амандығын сұрайтын қазақты бұл жағдай бей-жай қалдырмады.
Бір тәулікте 180 мыңнан астам тауық қырылған солтүстік өңірге құс тұмауының қайдан келгенін ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева бұл індет жабайы құстар арқылы келгенін айтады. Сондай-ақ бүгінде республикалық қордан 1,4 млн доза көлемінде вакцина бөлінген. Құс өсіруді кәсіп еткен тұрғындар үшін кеткен шығынға өтемақы төлеу жайы да жергілікті жерден комииссия құру арқылы анықталмақ. Комиссия қорытындысымен өтемақы төленетіні де белгілі болды.
Бір атап айтарлығы құс тұмауынан адамға қауіп жоқ деуге болады. «Аты айтып тұрғандай, бұл құстардың ауруы. Мұның вирусы адамға бейімделмеген. Қазақстанда осы күнге дейін құс тұмауымен адамның ауырғаны туралы дерек тіркелген жоқ. Үй құстарына тұмау жабайы құстардан жұғады», – деп түсіндіреді ветеринария ғылымдарының докторы, вирустар экологиясы лабораториясының меңгерушісі А.Қыдырманов. Дегенмен сақтық қажет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құс тұмауынан қорғану үшін бірнеше сақтық шараларын ұсынған. Атап айтқанда шикі не толық піспеген құс еті мен жұмыртқасын жемеуге, үй құсының ауырғанын байқаған бойда ветеринар дәрігерге хабарлауға, құс еті мен жұмыртқасын тоңазытқышта басқа азық-түліктен бөлек қоюға кеңес береді.
Құс тұмауынан кейін жұмыртқа тапшылығы болуы мүмкін бе деген сауал да жауапсыз қалмады. Ауыл шаруалығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің мәліметі бойынша елімізде жұмыс істеп тұрған 35 құс асырау кешені ішкі нарықты толық қанағаттандыра алады. Еліміздегі құс фабрикалары жылына 5 млрд жұмыртқа өндіреді екен.
Өңірдегі ахуал қандай? Аймағымызда 17 мың құсты қамти алатын 1 құс фабрикасы 3 құс өсіретін шаруашылық бар. Мұнан бөлек бүгінде есік алдында тауық өсіруді шағын кәсіп еткендер де аз емес. Облыстық ветеринария басқармасы тарапынан құсты тұмаудан сақтау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірлік коммуникация орталығында брифинг берген аталған басқарма басшысы Ерсұлтан Әпетов құстарды ауладан шығармау қажеттігін ескертті:
– Жыл құстары мезгілге қарай ұшып келеді, кетеді. Әсіресе, өзен, көл сулы аймақта орналасқан елді мекендерде жабайы құстардан сақтану шараларын түсіндірудеміз. Үй құстарын барынша сыртқа шығармай, өз аулаларында ұстау маңызды. Бізде эпизоотиялық ошақ пайда болған жоқ» деді басқарма басшысы.
Соңғы ақпараттар бойынша солтүстіктен басталған кесел оңтүстік өңірлерге де жетті. Мәліметке сүйенсек, Түркістан облысында жеке қосалқы шаруашылықтарда 273 құс қырылып қалған. Демек, сақтық қажет.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА