Белорустардың «ұршығы» Шиеліге қайдан келді?
Редакциямызға Шиелі ауданы Ы.Жақаев ауылы №149 Ә.Монтаев атындағы орта мектеп музейінің меңгерушісі Рауза Байсалбайқызы хабарласты. Музей үшін әрбір жәдігер құнды екені сөзсіз. Оның айтуынша ауыл мектебіндегі музей тағы бір жәдігермен толығыпты. Ауыл тұрғыны Ермек Тұрысбеков анасы жіп иірген белорустардан қалған «ұршықты» музейге өткізуге әкеліпті. Кезінде бір сәт босамайтын «шағын зауыт» бүгінде шаң басып тұр. Бізді қызықтырғаны – белорустардың жіп иіретін станогының ауылға қайдан келгені.
Ауыл тұрғыны Ермек Тұрысбеков анасы айтқан естелікті де қағазға түсірген екен. Бұл жәдігер Ермек Тұрысбековтің нағашы әжесінен қалған дүние екен. Анадан қызына жеткен жәдігерді кезінде анасы Қалдыгүл де игілігіне пайдалалынып, кәсіп көзі еткен.
«Менің анам 1928 жылы туылған. Екі ғасырдың куәгері болды. Сонау қиыншылық кезеңді анам қинала еске алады. Өйткені, сол кезеңдері аналарымыз тезек теріп, отын арқалап, әкелері мал бағумен айналысқан. «Ауылымызда жер аударылып келген қаншама ұлт пен ұлыс өкілдерімен біте қайнасып бір атаның балаларындай өмір кештік. Орыстар, украйндар, белорустар, поляктар, кәрістер, шешендер т.б. өзге ұлт өкілдері кешегі Кеңес өкіметі кезеңінде 1978-1980 жылдарға дейін өз туыстарымыздай болып кеткені шындық. Сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында да, қанша қиыншылықты, бірге бастан кешірдік.Соғыстан кейінгі ауыр жылдар ата-анамызға жеңіл тимегені рас. Біз олардың әдет-ғұрпымен таныссақ олар біздң әдеттерімізді үйренуге ұмтылушы еді. Соның бірі- ұршық.Жіп иіретін әжеміздің ұршығы болған. Сонда да болса әкем белорус көршіміз көшіп бара жатқанда жіп иіретін ұршығын сатып әперген болатын.Соғыс жылдары осы ұршықпен жылы киімдер майданға шұлық, жемпір, бас киім қолғаптар, жемпірлер т.б. бұйымдарды тоқып аттандырып өз қолғабысымызды азды-көпті тигізіп отырдық.Әкем «қыз бала қолымен жасалған бұйым үйінің берекесін келтіреді»- деп отыратын. Әкеміз бен анамыз біздің тігін тігу,тоқыма тоқу істерімен айналысқанымызды жөн көретін. Дегенмен өзім қол ұршық және аяқ ұршықпен жұмыстандым» –деп анам айтып отыратын еді, – дейді Ермек Тұрысбеков.
Екі ғасырдың куәгері, өз анамның және нағашы ата-әжемнің көзін көрген қолдарымен ұстаған.Қаншама адамға өзінің кішкентай ғана құрылғы арқылы халыққа қызмет еткен ұршықты, ауылымыздағы әрі өзім оқыған №149 Ә.Монтаев атындағы орта мектебіндегі Рауза Байсалбайқызы негізін қалаған қоғамдық негіздегі мұражайына тапсырғанды жөн көрдім,
Мұражайда ауыл тарихы айшықты бейнеленген.Сондықтан да әке-шешемнің апамның көзін көргендер,еңбек еткен аға-апалар бейнесін осы жерден табамыз. Немерелеріміз осы мектепте оқиды, келешек ұрпаққа насихаттап, біздің балаларымыз ата-әжелерінің еңбектеріне мақтан етеді деп есептеймін, дейді ол.
Гүлмира Ділдәбекова