Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ақсақал кім, шал кім?

Ақсақал кім, шал кім?

Бұл – өзекті өміршең тақырып. Адам туады, түлейді. Өсіп ержетеді. «Жасында байқары жоқтың, қартайғанда айтары жоқ» деп жатады үлкендер. Расымен, адам ақсақалдық жасқа бірден келмейді. Ол – өмірлік тәжірибе арқылы қалыптасатын өнегелі іс. 
Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар.
Неменеге жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр, – деп жырлаған Мұқағали өлеңінің астарында аласармас ақиқат жатыр. Қарттарымыз – қадір тұтар қазыналарымыз. Ардагерлерімізді ардақтап, құрмет көрсету – әрбіріміздің перзенттік парызымыз.
Елімізде 1991 жылдан бері 1 қазан халықаралық қарттар күні болып бекітіліп, жылнама күнтізбесіне енгізілді.
Ақсақал деп қалдық, енді осының тінін тарқатып көрейін. Шерхан Мұртаза: – Дүйім жұрт сөзін тыңдап құлақ асқанды – абыз, ауыл-аймаққа әмірі жүретінді – ақсақал. Ал күйбең тіршіліктің шырғалаңынан шыға алмай жүргенді шал деген болатын. Бүгінде өкініштісі сол қартқа лайықты аталы сөзін айта алмайтын тұщымды ойы, сүбелі сөзі жоқ жандар жеткілікті арамызда.
Қазақ хандығы тұсында хандар ақсақалдармен ақылдасып, шешім шығаратын болған. Көзі қазы, көңілі таразы ақсақалдар елдің ішкі мәселесін жүйелі жолға қойып отырған. Ақсақал айтқан кесімді сөзіне тоқтау – қазақи қалыптасқан сана.
Өткенге ой жіберсек, дәстүрлі қазақ қоғамында әлеуметтік институттардың бірі ақсақалдар институты болып табылады. Бұл ұлттық рухани-парасаттылық құндылықтарын сабақтастырып, қоғамдық сананы орнықтыруда ерекше маңызға ие. Қазыналы қария – әдет-ғұрып, салт-дәстүр жоралғылардың дәнекері. Байырғы заманнан келе жатқан ақсақалды сыйлаудың үш түрлі мәні бар. Бірінші, асқан ақыл иесі. Екінші, дәстүр мен салтты берік сақтап оның орындалуын қадағалайтын дана. Үшінші ата-бабалар жүрген жолды ардақтап қастер тұтқан құрмет иесі. Бұл – өткеннің өнегесі, бүгінгінің бағдары.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішовтің айтуынша, қазір қалада 29 мың ардагер тұрады. Оның 1397-і тыл ардагері. 5-і Ұлы Отан соғысы ардагері. Ардагерге деген елдің ілтипаты ерекше. Жыл сайын демалыс орындарына жіберіліп тұрады. «Ардагерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында да пәрменді жұмыстар жасалып жатыр. Ел ағаларының еңбек жолдары ескеріліп, ғибратты ғұмырнамаларын кейінгі буын үлгі тұтып келеді.
Қазіргі қоғамда аймағы ардақтайтын ақсақал да, шаруашылық шеңберінен аспайтын шал да бар. Келінімен билеген қартты да көзіміз көріп жүр. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін уақыт деген ұлы форма өзі-ақ дәлелдеп шығады. Тек артынан сөз ерген шалдан, артында сөзі қалған ақсақал көп болса игі. 
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
29 қыркүйек 2020 ж. 587 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам