Әлеуметтік жоба әлеуетті көтереді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы әлеуметтік саладағы күрмеулі мәселенің шешуі мен үкіметтік емес ұйымдардың жаңа бағдар түзуіне жол ашты. Нәтижесінде Президент сөзіне арқау болған азаматтық бастамаларды қолдау және оларға жан-жақты көмек көрсету идеясы нақты жоспар мен жүйелі шараны қалыптастыруда. Аймақтың өзінде «Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесін» өткізу, үкіметтік емес ұйымдарға қолдау білдіретін орталық қалыптастыру секілді бірқатар жұмыс қолға алынған. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова баспасөз конференциясында хабарлады.
Басқарма басшысы азаматтық бастамаларды қолдау мақсатында әдістемелік көмек көрсетуге арналған «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» қайта құрылатынын жеткізді. Қазіргі таңда аймақтағы үкіметтік емес ұйымдарға жұмыс жасайтын азаматтар, олардың жұмыспен қамтылуы және жұмыс жасамай тұрған қоғамдық бірлестіктерді жабу жұмыстары жүргізілуде. Аталған шара Жолдауда көрсетілген міндеттердің орындалуын және қоғамдық бірлестіктердің жұмысын жандандандыруға ықпал етеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, қоғамдағы әлеуметтік мәселенің оң шешім табуына түрткі болу мақсатында «Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі» бастау алмақ. Жоба аясында ең өзекті деген әлеуметтік жобалар қолдау тауып, жүзеге асырылатын болады. Облыс көлеміндегі барлық үкіметтік емес ұйымдар қамтылатын ауқымды жоба қыркүйек айына жоспарланған.
– Қазір сын сағаттағы сыналған тұсымызда біздерге береке мен бірлік, бір-бірімізге қолдау, жұмыла жүк көтеру ауадай қажет. Қазіргі ахуалға байланысты тың, жаңа әлеуметтік жобалар керек. Ол үшін біз өңірдегі азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп қыркүйек айының соңында «Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесін» өткізуді жоспарлап отырмыз. Ұсынылатын жобаларды біз ең алдымен Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерге бағыттаймыз, – деді Мира Жомартқызы.
Бүгінде облыста 996 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Алайда, соның 454-і ғана белсенді жұмыс істейді. Басқарма басшысының сөзінше, алдағы уақытта құжат жүзінде құрылып, қоғамға пайдасы жоқ бірлестіктер жабылатын болады. Облыстық ішкі саясат басқармасы осы мәселені қолға алатынын баса айтты.
Бұдан бөлек, Жолдауды ақпараттық сүйемелдеу жөнінде арнайы облыстық медиа-жоспар әзірленіп, облыс әкімімен бекітілген. 3 негізгі бөлімнен, 145 тармақтан тұратын медиа-жоспар ақпараттандыру бағытында басты негіздеме болмақ. Бүгінге дейін Жолдаудың негізгі міндеттерін насихаттау бағытында бұқаралық ақпарат құралдарында барлығы 2415 материал жарияланған.
Ерсін ШАМШАДИН