Қызылорда қысқа дайын ба?

Жылу беретін межелі мерзім де таяп қалды. Қала әкімдігінде өткен жиын Қызылорданы жылытумен қамтамасыз ету мәселесіне арналды. Облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов пен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаланың өзекті мәселелерін кеңінен талқылап, оны шешу жолдарын саралады. Сонымен қатар жиында жол, су, жарық, жылу, тұрғын үй құрылысы және тасымалдау саласы бойынша да түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылды.
Биыл жылу беру маусымы жылдағы жоспарға сай 15 қазаннан басталады. Бүгінде орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған нысандардың 90 проценті қысқы маусымға толықтай дайын. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов мәлім етті. Бүгінде қала бойынша 7 кварталішілік жылу желілерінде жаңғырту жұмысы аяқталып қалды.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов күн райы күрт өзгеріп, бірнеше күн қатарынан сынап бағанасы төмендесе, қаланы жылумен қамту ертерек басталуы қажет екенін айтып, дайындық жұмыстарын әлде де жетілдіре түсу керектігін тапсырды.
Жиында жол құрылысы мәселесі айтылды. Биыл республикалық, облыстық және жергілікті бюджет есебінен қаланың 200-ден аса көше күрделі және орташа жөндеуден өтуде. Халықтан келген арыз-шағымдар ескеріліп, басымдық қалаға қарасты кент және ауылдық округтерге, қаланың шет аумақтарына берілген.
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл жұмыстардың алдағы жылы да қарқынды жалғасатынын жеткізіп, жыл аяғына дейін арнайы жоба дайындалып, республикалық бюджетке өтінім берілетінін атап өтті.
Жиында тұрғын үй құрылысының қарқыны мен сәулеттік кескіні назардан тыс қалмады. Бұл ретте сала басшылары жұмыстардың жоспарға сай атқарылып жатқанын жеткізіп, межелі жұмыстар жыл соңына дейін аяқталатынын жеткізді. Жалпы биыл қала көлемінде 345 529 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Құрылыстың негізгі бөлігі Сырдария өзенінің сол жағалауында жүргізілуде.
«Ақмешіт ақпарат»