Ардагерін ардақтаған «Қазгермұнай»

1 қазан – Қарттар күні мерекесі қарсаңында «Ардагер-Мұнайшы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен мұнайшы ардагерлерге арналған ізгі шара өтті.
«Ардагер-Мұнайшы» қоғамдық қоры «Қазгермұнай» БК компаниясының қолдауымен құрылған. Бұл – кеніш басында еңбек еткен мұнайшылардың зейнетке шыққан соң да қамқорлықсыз қалмауын ойлаған компания басшылығының өз ардагерлеріне әрдайым қолдау жасау мақсатында жасаған ізгі ісі. «Жас кезіңде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген осы болар. «Ардагер-Мұнайшы» қоғамдық қорының бір бөлмесіне жиналған зейнеткерлер сағыныса көрісіп, бір жасап қалды. Шара ең алдымен індет кезінде қайтыс болған ардагерлерді 1 минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Мұнан соң қоғамдық қор төрайымы Рәзия Қалжанова барлық ардагерлерді мерекемен құттықтап, биыл мерейлі жасқа жеткен мерейтой иелеріне қазақы дәстүрмен шапан жауып, сый-сияпат жасады. Сонымен қатар жақында зейнетке шығып, ардагерлер қатарына қосылған мұнайшыларды да құттықтап, оларға «Манкент» шипажайына демалуға жолдама берді.
– Мен 1999 жылы «Қазгермұнай» компаниясына жұмысқа қабылданғанда мұнай өндіру жұмысы енді басталып жатқан кез болатын. Кеніш басындағы қызу жұмыс әлі көз алдымызда. Ондағы қалашықтардың салынуына куә болдық. Көз алдымызда компания қанат жайды, өсті. Мақтанышымызға айналды. Компанияның өз жұмысшыларына деген көзқарасы да ерек. Еңбек қауіпсіздігі, жұмысшылардың жағдайы, жатын орны мен тамағы, тасымалы бәрі-бәрі жақсы жолға қойылған. Бұл компания басшылығының еңбек адамына деген құрметі дер едім. Ал мұнайшылар зейнетке шыққанда да оларды қамқорлыққа алып, зейнеткерлердің демалуына, бір-бірімен жүздесуіне, емделуіне жағдай жасауы көңіл қуантады. Зейнетке шыққаннан кейін үйде отырып қалмай, әлі де еңбегімізді бағалайтын, бізді іздейтін ұжым бар екеніне қуанамыз, жүрекке жылылық сыйлайды. Мұндай қор республикада жалғыз десем, қателеспеген болармын, – дейді кешегі мұнайшы, бүгін зейнеткер Асия Харуллаева.
Бұл бір ғана зейнеткердің емес, барлық мұнайшы ардагерлердің лебізі дер едік. Себебі мереке қарсаңында жиналған ардагерлер өздерін әрдайым іздейтін компанияға, «Ардагер-Мұнайшы» қоғамдық қорына шексіз ризашылығын білдірді.
Рәзия Қалжанова, «Мұнайшы-Ардагер» қоғамдық қорының төрайымы:«Ардагерлер елеусіз қалмайды»
«Ардагер-Мұнайшы» қоғамдық қоры 2012 жылы «Қазгермұнай» БК компаниясының өз ардагерлерін әлеуметтік жағынан қорғау мақсатында құрылған. Сол уақыттан бері компания қоғамдық қор жұмысына қолдау білдіріп, зейнетке шыққан мұнайшыларға жағдай жасап келеді. Ардагерлерге жыл сайын демалуға, емделуіне мүмкіндік жасалып және мереке күндері сыйақы беріледі. Бұл – компанияның ардагерлерге жасап отырған үлкен қамқорлығы. Елеусіз қалмаған мұнайшы ардагерлердің өздері еңбек еткен компания басшылығына ризашылығы шексіз. Қазгермұнай» БК компаниясының бас директоры Мұстафаев Мұрат Кеңесбайұлы бастаған басшылықтағы азаматтарға ардагерлер атынан үлкен рахметімді айтамын.Г.МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ