Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Бүгінгі бала атқа міне ала ма?

Бүгінгі бала атқа міне ала ма?

Ұлттық спорт ойындары руханиятымыздың бір тіні тәрізді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық спорт түрлерін  насихаттауға және дамытуға үлкен мән берілген.
«Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботой» қонысына жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз ревалюцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің негізін қалады. Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер тұрман мен үзеңгі ойлап тапты» делінген Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында.
Қазіргі қазақ елінің көкпар, бәйге, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ спорт түрлерінен әлемдік деңгейде өткізілген «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында да жарыс ұйымдастырылып, жоғары бағаға ие болды. Бұл біздің баба дәстүрін дамытқанымыздың бір көрінісі. Жалпы ат спорты дала ойындарына жатады. Ал дала ойындарында даңқымыз озық.

Қала баласына мүмкіндік
Иә, тегінде қазақ пен жылқыны мінездес деп жатуы тегін емес. Біз тумысымыздан ат құлағында ойнап өскен елдің баласымыз. Жылқы бағу оны жүгендеп міну біздің қанымызға сіңген қасиет. Бүгінде заман ағымына сай ат спорты ойыны Сабалақ шағын ауданында орналасқан орталықта кеңінен қолданысқа еніп отыр. Енді жеткіншектеріміз жылқыны тек интернеттен ғана көрмейді. 
Ат спорты алаңына біз де бардық. Он шақты бала дайындықта жүр екен. Ақ тозаңды аспанға атқан ақбозаттар терге малынып, қос танауы делдиіп терең тыныстап тұр.
Жұман есімді балаң жігіт мұнда екі жылдан бері қатысатынын айтты. Ол ат спортына қабылдау жүріп жатқанын мектептегі достарынан естіген. Содан оған ата-анасы да қол­дау көрсетіп осында тіркелген. Бүгінде аттың бүкіл қыр-сырын толығымен үйреніп келеді.
Айбек пен Нұрбек есімді бір үйдің егіз балалары да осында тұрақты келіп тұрады.
– Ат спортына қатысқанымызды мақтан тұтамыз. Сабаққа кесірін тигізбейді. Қазір онлайн оқу болғандықтан бәріне де молынан уақыт табамыз. Келгелі көп нәрсе үйрендік, – дейді қос жеткіншек бізбен әңгімесінде.
Жалпы атқа мініп өскен бала ептілікті, қырағылықты, жылдамдықты бойына сіңіріп өседі. Бұл бала болашағы мен денсаулығына аса қажетті. Өйткені ержігітке тән қасиеттердің барлығы жылқыға жақын жүрген жігіттің бойынан танылып, жігерлілікке тәрбиелейді. 
Ат – ер қанаты
Ұлттық спорт түрлерін облыс аймағында дамыту мақсатында облыстық дене шынық­тыру және спорт басқармасы жанынан құ­рылған «Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубы» қазақ күресі, жекпе-жек, тоғызқұмалақ, көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, асық ату секілді спорттық ойындарға балалар баулуды қолға алған. Спорттың осы сегіз түрінен 12 жаттықтырушы жұмыс жасайды. Оның төрт жаттықтырушысы ҚР спорт шебері атағын иеленген білікті бапкерлер. Алғашқы даярлық тобында 375 спортшы шұғылданады. Бұл Сыр елінің спортына жаңа леп бергені анық.
– Ат спортына 10-16 жас аралығындағы балалар қатысады. Күнделікті сабақ кестесі бекітіліп, ереже бойынша жаттығулар жүргізіледі. Әр топқа бір жарым сағат бө­лінген. Жылқыларды шаршатып алмауды да ойлаймыз. Мұнда барлығы 18 ат бар. Әрқайсысы өзінше күтімді қажет етеді. Өзім атқа мінуді бала кезімнен үйрендім. Мұнда қала іргесіндегі ауылдардан да балалар келеді екен. Ең әуелі балаға атқа қалай жақындау керектігін үйретеміз. Жылқы ерекше көңіл бөлгенді күтеді. «Ат – ер қанаты» деп тегін айтылмаған. Атқа мінгенде адам бойына жаңа қуат пайда болып, өмірге құлшынысы артады. Күз жәрмеңкесінде, Нау­рыз­ мерекесінде өткізілген жарыстарға қа­тыс­тық. Алдағы уақытта да үлкен сайыстарда Сыр елінің мерейін асырамыз деп сене­мін, – дейді Бақытжан Аңламасов есімді бапкер.   
Тағы бір атап өтерлігі Айназ есімді қыз бала осы спортқа биылғы жылы тіркеліпті. Айназды атқа мінуге деген қызығушылығы талпындырған. Бапкерінің айтуынша, Айназды жамбы атуға баулитын көрінеді. Өйткені осы спорт қыз баласына тән. Ал атқа міну қазақ қыздарына жат нәрсе емес. Өйткені, ерімен қатар атқа мініп ел қорғаған аналарымыздың тағдыры тарихтан тін тарқатады.
Ұлттық спорт – ұлылық сипат
Сыр өңірінде алғаш 2018 жылы ашылған ат спорты Сабалақ шағын ауданында және Амангелді ауылында жеткіншектер тәр­биелейді. Бұған 10-12 жас аралығындағы жас­өспірімдер қатысады. Онда Бақытжан Аңламасов, Ержан Төребек, Данияр Қауыш­қан есімді білікті мамандар еңбек етеді. Спорт түрлері бойынша 3 топ жұмыс жасайды. Олардың арнайы киімдері басқарма тарапынан қарастырылған. Қатысушының дене формасына бейімделіп, ұлттық нақышта тігіледі. Әр спорттың өз аттары бар. Бір-бірі­не ауыстырылмайды. Оларды арнайы атсейіс күтіп баптайды. Өйткені спорт түріне бейімделген жылқылардың жасауы мен жарауы қажетті кезде жарап тұруы абзал. Ерекше атап өтерлігі жылдың суық және ыстық мезгілдерінде аттарды пайдалануға болмайды. Себебі жануардың жарақат алмауы аса маңызды. Ол кезде қатысушылар «Қайнар бұлақ» спорт кешенінде білек күштері мен дене икемділігін дамыта түседі.
Қазақ халқының ұлттық спорт ойында­рының тарихы тереңде жатыр. Ең алғаш 1920-1930 жылдар аралығында арнайы спорт жарыстары қолға алынған. Содан бергі уақытта тұрақты жарыстар өткізіліп келеді.  Еліміздің ұлттық спорт түрлері әлемдік додаларда олжа салып, ұлттық спорт ұлылық сипатқа негізделіп келеді. Бұл біріншіден балалардың денсаулығына пайдалы. Ұлттық спорт ойындарының кең тараған түрлері қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, ойындары көне заманнан күні бүгінге дейін халықпен қатар жасап келеді.
Маманның мәліметі
– Жоспарымыз көп. Біздің басты­ мақсаты­мыз – ұлттық спортты дамыту. Соған бейім балаларды тәрбиелеу. Ат спортынан бөлек қазақ күресі де қарқынды дамып ке­леді. Онда 50 баладан екі топ жұмыс жасайды. «Қайнар бұлақ» және «Евразия» спорт кешенінде жаттығу залдары бар. Сол жер­де жас балуандардың жігерлерін жанып, дүбірлі додаларға қатысуға әзірлейміз. Ерсұлтан Мақсұтов, Нұрбол Бекмағанбетов есім­ді өз ісінің білікті мамандары Сыр өңірінің сайып­қырандарын тәрбиелеп шығаруды қолға алған. Бұйырса бұл жерден «Әлем барысы», «Евразия барысы», «Қазақстан барысы» ата­натын атпалдай азаматтар шығады деп се­неміз. Құ­рылғанына небары 2 жыл ішінде 4 спорт шебер­лігіне үміткерлерді шығардық. Бұл – үлкен жетістік. Олар: Төлеген Айдос, Ысқақ Саят, Жақсыбай Әли, Жүсіп Әділет. Бұлардың бар­лығы бапкердің жетістігі екенін айта кету керек.
Ұлттық жекпе-жек ойыны да аймағымызда жақсы жолға қойылып отыр. Амангелді Әлжан есімді жаттықтырушы жүйелі жұмыс жасап келеді. 2018 жылы Арал ауданында жасөспірімдер арасында өткізілген респуб­ликалық чемпионатта Әмірбек Елтияр үздік үштіктің қатарынан көрінді. Бұл да біздің үлкен жетістігіміз деп білемін.
Асық спорты да кенжелеп қалған болатын. Бүгінде жүйелі жолға қойылған. Тасбөгет кентіндегі №176 орта мектептен Нұрбек Убаев­ жетекшілік етіп келеді. Мұнда 6 баладан 2 топ жұмыс істейді. Спорттың қай саласын қарасаңыз да серпін бар. Ұлттық спорт түрлерін жаңа деңгейге көтеру қазақ елінің мәртебесі деп танимын. Себебі, спорт арқылы әлемде мыңдаған ел қазақ деген елді танып біліп жатыр десек қателеспейміз.  Егер ел болып ұлттық спорт түрлерін бұдан әрі жетілдіре түссек, Қызылорданың әлемдік деңгейде тағы бір мәрте таныла түсуі әбден мүмкін. Ұлттық спортымызды дамыту арқылы бұқараның көптеп спортпен шұғылдануына, дені сау, рухы күшті ұрпақ тәрбиелеуде маңыздылығын зор болмақ, – дейді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубы коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жазира Каринева.
«Апталықтың» анықтамасы
Ер-тұрман – салт мінетін ат тұрманның жалпы атауы. Оған ер, тоқым, жүген, ноқта, айыл, өмілдірік, құйысқан, қамшы, тұсамыс, шідер жатады.
Ер – әбзелдің негізгі ағаш түрі. Ол әртүрлі атауға бөлінеді. Ағаштан жасалып, тұтас ойылған ерді «Ойма ер» деп атайды.
Өмілдірік – ер кейін кетпес  үшін аттың омырауына шеттік арқылы тағылатын әсемдік әбзел.
Құйысқан – ер ат мойнына кетпес үшін ат құйрығы астынан екі жамбас үстімен ер шеттігіне жалғасатын күмістелген әбзел.
Тоқым – ер астынан келетін былғарымен қапталып, киізден жасалған әбзел.
Жүген – ат басына кигізілетін негізгі әбзелдерің бірі.
Ноқта – жүген астынан түсетін әбзел.
Айыл – ер тоқымды ат арқасына бекітетін қайыс әбзел, тартпа деп те атайды.
Қамшы – атты жанай сипап ұратын әбзел.
Тұсамыс – аттың алдыңғы аяғына тұсалатын әбзел.
Таға – аттың тұяғы мүжілмес үшін салынатын темірден жасалатын әбзел. Міне, бұлардың барлығы бұрыннан келе жатқан жылқының ер тұрманы мен жабдығы. Мұны көнекөз қариялар бес саусағындай біледі. Ал кейінгі толқынға біле жүргені абзал. 
Тілші түйіні
Иә, ұлттық спорт бізге жат емес. Оның ішінде ат спорты біздің қанымызға сіңген қасиет. Ұлы даланың ұрпақтары ұлттық спорт түрлерінен танылып жатса таңырқамаңыз. Өйткені ол тегімізден тартқан талантымыздың танылуы.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ 
03 қазан 2020 ж. 660 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам