Арғымақ текті халықпыз...

Ұлы дала ұлағаты
Халқымыздың атқа міну мәдениеті тақырыбы аясында көркемсурет галереясында "Ұлы дала елінің тұғырлы тарихы" атты көрме өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.
– Жылқы – біздің қадіріміз, қасиетіміз. Бұл халқымыз үшін жәй ғана төрт түліктің бірі емес, тұтас ұлтымыздың жүріп өткен жолы ретінде құндылығы жоғары. Қазақ пен жылқы егіз ұғым. Оған байланысты тілімізде де сөздік тіркестер өте көп. Қазақ біреуге өкпелеген кезде "ат құйрығын кесісті", ел шетіне жау тисе "атқа қонды", билікке келсе "атқа мінді" деп теңеген. Әдетте, қазақты жылқы мінезді деп бағалайтыны тағы бар. Қай заманда да біз аттан түскен жоқпыз. Қарапайым қойшы, бақташысына дейін астына жалғыз атын мініп, мал баққан. Жылқы – ең текті жануар, көзі – көреген. Атбегілер оның 360 градустағы аумақты еркін көре алатынын айтады. Иппотерапиясы өз алдына бір бөлек әңгіме, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ұлы дала ұлағатын дәріптеген көрмеге келген көрермен сонау ықылым заманнан бастау алған халқымыздың атқа міну мәдениетіне зер салды. Сыр шертетін түрлі жәдігерлер көне кезеңнің сырын ұқтыра түскендей. Дарқан даланы дүбірлетіп өткен ат тұяғы ізінен құнды мағлұмат беретін олардың әрқайсысынан ескі дәуірдің исі аңқып тұр. Ежелден ат баптаған бабаларымыздың жаһандық мәдениетті дамытуға үлес қосқаны жайлы бейнеленген фотосуреттер, облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақталған ат әбзелдері, шабандоздың киім үлгісі, этнографиялық бұйымдар мен тұрмыстық заттар, ер қаруы – бес қару сынды дүниелер тереңнен тартқан тамырымызды айшықтай түседі. Сонау ауыздықтап ат мінген бабалар заманына бір сәт оралғандай күй кешесің. Әсіресе, қайыстан өрілген қамшы мен былғарыны кере тартып жасалған ер-тоқым бедерінен өткен дәуірдің табы анық сезіледі. Ал, жалт-жұлт еткен гауһар тастармен безендірілген әйелдер ер-тоқымы сол заманда-ақ халқымыздың қолөнерлік қасиетінің биік шыңда болғанын айшықтап тұрғандай. Қараған көздің жауын алады. Тарихшылар XVIII ғасырға тән деп жорамалдаған әйел белдігі, сәукелесі, үзеңгіге ыңғайлы етіп жасалған кебіс, бойтұмар, топсалы білезік сынды бұйымдар сан мың жыл бұрынғы ерлермен иық тірестіре атқа қонған қазақ әйелінің арғымақ үстіндегі образын еріксіз көзге елестетеді.
Ал, галереяның келесі залындағы қабырғаны майлы кенеп бетінде бедерленген сәйгүліктердің суреттері түгел жауыпты. Бірінде ауыздығымен алысып, көкке қарғыған асау бейнесі, екіншісінде арғымағымен қосып жауға шапқан батыр образы, үшіншісінде жаратылыстың нағыз көркемдігін әспеттеп тұрған сұлу мүсінді жорға кейпі әдемі көрініс тапқан. Ал, енді бір суретте шашасына шаң жұқтырмай келе жатқан бір топ үйірлі жылқының әсерлі суреттелгені соншалық, қараған жанарды таптап өтердей екпін сезіледі. Құдды бір жаныңнан дүбірлеп шауып өте шығардай өте сәтті бейнеленіпті. Қарап тұрып, бояу құдіретіне де, оған арқау болған сәйгүлік сымбатына да таңдай қағасың.
Қамшы кұдіреті

– Ат әбзелдерінің ішінде аса маңыздылыққа ие – қамшы. Оған жылқының тері, исі сіңген. Ерте заманда ат үстінде күндік жол жүрген бабаларымыз шаршағанда айдалада мызғып алатын болған. Сол кезде қамшыны ер-тоқымының астына қойып, өзінің айналасын атының шылбырымен дөңгелектеп қоршап тастаған деседі. Сонда жылқының ащы тері мен исінен сескенген құрт-құмырсқа, жылан, шаян секілді зиянкес жәндіктер жоламай, шылбырдан асып өтпеген көрінеді. Міне, жылқының, қамшының құдіреті қайда жатыр? Осының бәрін жетік білген бабаларымыз өзінің өмірін осылайша сақтандырып отырған. Мұны да бір дала данышпандарының көрегендігі десе болғандай. Сондай-ақ, жылқы малы өте сейіс, сақ келеді. Оның бұл қасиеті ертеректе, әсіресе, жауынгерлерге ерекше жәрдем бола білген екен. Мәселен, Шыңғысхан жорық сапарында жолда өзен-көл кездесе қалса, шөлдеп қажып келе жатқан әскерінен бұрын әуелі жылқысын суарған көрінеді. Сөйтіп, сарбаздарын жаппай қырылып қалудан сақтап отырған, – дейді саналы ғұмырын атбегілікке арнаған ақсақал.
Иә, ел арасында Қожабек ата секілді тұлпар тақырыбы төңірегінде таңды таңға ұрып әңгімелейтін жандар қатары әлі де бар. Себебі, сан мың ғасырдан бастау алған қазақ пен жылқының бір-бірінен ажырағысыз байланысы тұтастай жаһандық атқа міну мәдениетін қалыптастырып кетті. Әсілі, белгілі жазушы Асқар Сүлейменовтің "Өзгелер маймылдан жаралса жаралған шығар, бірақ, қазақ жылқыдан жаралған" дейтін сөзі рас болса керек. Шындығында, қазақтың арғы-бергі тарихын саралап қарасаңыз, ұйқысыз өтсе де, жылқысыз өтпегенін көруге болады.
Айта кетейік, дала жүйрігінің асылы, қыр-сыры туралы мол мағлұматқа кенелгісі келетін жандар үшін аталмыш көрменің есігі 15 ақпанға дейін айқара ашық. Келемін, көремін десеңіз, мәрхабат!
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.