Көзілдіріктегі әлем
Қызық. Бүкіл әлем коронавирусқа қарсы дәрі іздеп жатқанда офтальмолог-дәрігерлер көзілдірікке тәуелділердің күн санап көбейгенін айтып, дабыл қағуда. Бұл жаңалық бір қарағанда қызық көрінгенмен, ғалымдар мен дәрігерлердің зерттеулерін оқып, еріксіз бас шайқайсың. Үлкен мәселе. Мына жарық әлемді тек көзілдірікпен көретіндер күн санап көбейіп барады. Ең қиыны – жастар.
Ғалымдардың айтуынша, жаңа ғасырда ауру түрі де жаңарған. Мәселен, климаттың өзгеріске ұшырау себебінен аллергия және тыныс алу жолдары ауруларымен ауыратындар саны күрт өскен. Сондай-ақ артық салмақ әлемдік мәселеге айналды. Бүгінде әлемде артық салмақтан зардап шеккендер саны 1,9 млрд-ты құрайды.
Жаңа ғасыр дертінің бірі саналған көз ауруы бүгінде әлемді жайлап барады. Дәрігерлер мұны тіпті эпидемия деп атап отыр. АҚШ-тың Мичиган университетінің ғалымдары бүгінде алыстағыны көрмеу немесе миопияның әлемдік мәселеге айналғанын айтуда. Бір атап айтарлығы, эпидемия жай әсіре сөз емес, ғалымдар болжауы бойынша ғасыр ортасына таман миопиядан жер шары тұрғындарының зардап шегетінін айтып дабыл қағуда. Демек, офтальмологтардың дабыл қағуы тектен-тек емес.
Бүгінде алыстан көрмеу дерті Шығыс Азия мемлекеттері үшін өзекті мәселеге айналған. Бір атап айтарлығы, көз ауруымен ауыратындардың 80-90 проценті – орта мектеп түлектері.
Мына деректі қараңыз, Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы ең үлкен көз аурулары ауруханасынан жазғы және қысқы каникул кезінде жасөспірімдердің лық толуынан орын табу қиын. «Nature» журналы мынадай мәлімет жазады: бұдан 60 жыл бұрын қытайлықтардың 10-20 проценті ғана алыстан көрмеуден қиналса, бүгінде бұл цифр 90 процентке жеткен. Оңтүстік Кореяда 19 жастағы жігіттердің 96,5 процентінің көзі алыстан көрмейді.
Жастардың көру қабілетінің нашарлағаны туралы американдық әйгілі «Vision Impact» институтының атқарушы директоры Кристан Гросс мынадай пікір білдірген: «2016 жылғы зерттеуге сүйенсем, 2000 жылдары әлем бойынша 1,4 млрд адамның көру қабілеті нашарлаған. Бұл планета тұрғындарының шамамен 23 проценті. Мамандар 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 4,8 млрд-қа дейін өсетіндігін болжауда. Бұл дегеніңіз жер шары тұрғындарының 49,8 процентінің көзі нашар көреді деген сөз» дейді.
Эпидемияның уақыт жылдамдығынан қалмай әлемді жайлап бара жатқанының себебі қандай? Жауап дайын. Бұл – адамзаттың тұрмыс салтының цифрлануының әсері.
– Соңғы он жылдықта біз қолымыздағы телефоннан көз алмайтын болдық. Тіпті, арақашықтық тәртібін де сақтамаймыз. Ал балалар ерте жастан гаджеттерден көз алмайтын болды, – деп түйіндейді американдық ғалым. Сонымен қатар таза ауада серуендеудің азайғаны, әрдайым гаджеттен көз алмау адамның жанарын өзгеріске әкелді.
«Научный авангард» ғалымдар бірлестігінің мүшесі, офтальмолог Дарья Барышникова да көздің көру қабілетінің нашарлауын компьютер алдында тапжылмай отырудан дейды. Гаджетке, компьютерге, телевизорға үзіліссіз қадалып отыру көзге өте зиян. Сол себепті компьютермен жұмыс істеу кезінде сағат сайын көзге жаттығу жасау керек екенін айтады.
Коронавирус карантині әлем тұрғындарының көзіне салмақ түсірді деуге болады. Американдық «The Washington Post» газеті түрлі жастағы тұрғындардан цифрлы әлемге күн сайын қанша уақытын жұмсайтынын білу үшін арнайы сауалнама жүргізген. Мәселен, Калифорния штатында тұратын жазушы карантин кезінде экран алдында күн сайын 7 сағат 48 минут отыратынын айтса, хьюстондық дәрігер тіпті рекорд жасаған деуге болады. Ол күн сайын 8 сағат 32 минут уақытын монитор алдында өткізетін болған. Тіпті, осы уақытта «карантиндегі миопия» деген термин қалыптасып үлгерген. Жалпы оқшауланудың көзге әсерін осыдан-ақ біле беріңіз.
Көру қабілетінің нашарлау жағдайынан ресейліктер де қалыс қалып жатқан жоқ. Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі мәліметі бойынша 2000 жылдары 13,7 млн тұрғын көз ауруынан зардап шексе, бұл көрсеткіш бүгінде 20,7 млн-ға жеткен. Оның ішінде алыстан көрмеу бірінші орынға шыққан.
– Жастар бүгінде қашықтан білім алуда, компьютер мен гаджетке үңілген көз қатты шаршайды. Онсыз да көзі нашар көретіндердің көру қабілеті бұдан әрі төмендей береді, – дейді Дарья Барышникова. Ал жалпы карантиндік шектеулер алынғалы гаджетке үңілетіндер қатары азаюы мүмкін деген үміт болғанмен, мұны дөп басып айту қиын. Себебі, желіге байланғандар аз емес.
Біз неге көзілдірікке тәуелді болдық? Бұл әлі де сұрақ күйінде қалып отыр.
Американдық ғалым ата-аналарға балаларды жастайынан көзілдірік киюден сақтаудың жолы бар екенін айтады. «Балаларды алыстан көрмейтіндер қатарынан сақтағыңыз келсе, оның бір ғана жолы бар. Қолыңыздағы алақандай құрылғыны сөндіріп, таза ауаға алып шығыңыз.
Миопия немесе алыстан көрмеу – көру қабілетінің төмендеуі. Бұл көздің көру қабілетін бұзады, катаракта мен глаукомаға алып келеді. Көздің көру қабілетін қайта қалпына келтіре алмауға және соқырлыққа жеткізуі ғажап емес.
Мақалаға әлемдік көрсеткіштерді арқау еткенімізбен, бүгінде айналаны тек көзілдірік көмегімен ғана көретіндердің жасарып келе жатқаны жасырын емес. Ендеше, цифрландырудың жақсысын алып, зиянынан жас ұрпақты сақтауға осы бастан көңіл бөлейік. Дәрігерлердің дабыл қағуы тектен-тек емес.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА