Елбасы өнеге алған рухани құндылық «Абай аманатында» «Абай аманаты» Елбасы көзімен
Елбасының «Абай аманаты» мақаласын оқи отырып, бүгінгі күнгі ең өзекті мәселе рухани құндылықтың бастауы, ағар бұлағы, шығар шыңы Абайда екеніне көз жеткіздім.
Тәуелсіз, жас мемлекетіміздің негізін қалаған елбасының өзі Абай мұрасынан үлгі алып, оның шығармалары арқылы ақынның өсиетімен ел басқарудағы тәжірибесі теңдессіз әдіс болғанын баяндайды. Елбасының Абай мұрасынан бастау алуы қазақтың басқа да шаңырағындай, өз отбасында ауыз әдебиетімен сусындауынан басталып, тіпті ақын атындағы мектепке қабылданып, ақынның ұлы мұрасынан нәр алуының өзі - бір мектеп. Елбасы өзінің жасынан зерек болып, бар шаруаға төселуін, еңбек пен білімді қатар меңгеруін Абайдың рухани мектебінен алған өнегесімен байланыстырады. Рас, сол дәуірдегі ақын, жазушы, ағартушылардың бәрі ұлы ғұламаның толассыз білімі мен өнегесінен бастау алды. Оқыған, ойы зерек, көзі ашық азаматтар ақынның «қалың еліне» айтқан мұңы мен зарына құлақ түрді. Елбасының Абай ұлылығынан өнеге алғанын ақынның туған өлкесіне тыныштық әперіп, экологиялық апаттан аман алып қалуы, жаңа ел астанасының іргесін қалауы, еліміздегі 130 ұлт пен ұлыстың татулығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуіне сіңірген еңбегінен аңғарамыз. Сонымен қатар, елбасы небары 176 өлең, 45 қарасөз, 3 поэма қалдырған саны аз болғанмен, сапасы адамзаттың өмірлік тәжірибесіне үлгі болар ақынның мұрасына, рухына бас иіп, оның 170 жылдық, 175 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде атап өтуге мұрындық болды. Бүгінде Абай есімі жер жүзінің бәріне мәлім. Оның еңбектері әлемнің 30 тіліне аударылды. Бірнеше елде Абай рухына арналған салтанатты шаралар өтеді.Елбасы өз мақаласында ел басқарудағы өнегелі істерін ақын өнегесімен байланыстыруы, мысалы: жаңа заман талабына сай оқу -ағарту ісіне шетел тәжірибесін енгізуі, жас ұрпақтың әлемнің ең таңдаулы ЖОО білім алу мүмкіндігі – мұның бәрі мемлекетіміздің болашағының зор, мақсаты айқын, бағдары бекем болуға жасаған қадамы екені анық. Шынында да, Абай өлеңдері қай кезде де жаныңа жақын, керегің табылады, әр сөзі даналық, ақыл- кеңес болып алдыңнан шығады.Адалдық, адамгершілік, ар -ұят, қанағат- бәрі ақынның рухани ұлағатында, Абай ілімінде. Мақаланы оқып, таразылай отырып, елбасының көрегендігі, ел арасындағы алауыздықты жоюы, ел басқарудағы әділдігі теңдесі жоқ Абайдан алған өнегесі деп білемін. Оның астарында елге, жерге, тілге, салт дәстүрге деген үлкен құрмет жатыр.
Айгүл Өткелбаева,
Әли Мүсілімов атындағы№101 мектеп-лицей директоры
Әли Мүсілімов атындағы№101 мектеп-лицей директоры