Ұлы ақынды ұлықтаған көшбасшы
Абайды тану – қазақты тану, оның маржан тілін, зор мәдениетін тану. Абай мұрасы – мәңгілік. Барша қазақ баласы Абайды тануға, білуге, Абаймен мақтануға тиіс. Ұлы ақын өз халқын өркендеген, өскен, еркін халық ретінде көруді арман еткен. Бүгінде біз Абай аңсаған ұлы өзгерістің куәсі болып отырмыз.
Бүгін жарық көрген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласын оқып таныстым. Онда Абай жырлаған баба арманы мен өсиетін бүгінгі ұрпақ, болашақтың даму жолында абыроймен іске асыра алатынына сеніміміз мол.
Мақала Тұңғыш Президент ұлт мүддесі үшін ақын шығармашылығының маңызын ерекше атап өтеді: «Абай заманында толық бодандыққа душар болған қазақ жері бұтарланған, бөлшектелген. Қармайтын тал қалмай, ел тұңғиыққа сүңгіген. Кезінде төрткүл дүние тарабын тоғыстырып, Алаш жұртының айбынын асырған, мәңгілік ұйытқысына айналған кіндік шаһар – Түркістан өз мәртебесін жоғалтқанына біраз уақыт өткен. Шын мәнінде, Абайдың иек артып, тәу етіп баратын астанасы да жоқ еді. Елдікті аңсаған, бірлікті көксеген данышпан үшін мұнан артық қасірет табылмас. Бүгінгі күні әлемді аузына қаратқан салтанатты елордасы бар егемен мемлекетте өмір сүріп жатқан оның жасампаз ұрпағы мұндай ұлттық шексіз құндылықтың қадірін біліп, маңызын түсінуге тиіс. Абайдың осы арманының орындалғанына, Есілдің жағасында еңселі байтақ қаланың ірге теуіп, бой көтеруіне мұрындық болғаныма мың да бір шүкіршілік етемін».
Бүгінгі жастардың бойынан талап пен жігерді, білім мен іскерлікті, ұлттық намыс пен қайсарлықты көргіміз келсе дана тұлғаның шығармашылығына үңілу – ең маңызды қадам. Сондықтан Елбасының «Абай аманаты» атты мақаласы Абай Құнанбайұлын әлемдік деңгейде насихаттауға, жастардың өнеге алар тұлғасына айналуына септігін тигізері анық.
Нұрсұлтан Хабидуллаұлы,
Облыстық "Рухани жаңғыру" орталығының маманы
Облыстық "Рухани жаңғыру" орталығының маманы