Әкімдер рейтингі:Нәлібаев нешінші орында?
Ел басқарудың оңай емесі белгілі. Бір ауылға бас-көз болмақ былай тұрсын, бір отбасына ие бола алмай жүрген азаматтар да бар. Ал бүтін бір қалаға жетекшілік ету кез келгеннің қолынан келе бермейді. «Тoppress.kz» ақпарат порталы тамыз-қыркүйек айлары бойынша еліміздегі үздік қала әкімдерінің рейтингін жасапты. Аталған ақпарат порталы еліміздегі 14 облыстың орталық қалалары бойынша саралау жұмыстарын жүргізген.
Басқа қалаларды әңгімеге арқау етпей-ақ қояйық. Бізге бәрінен бұрын Қызылорданың әкімі қала басшыларының рейтингінде нешінші орыннан көрінгені қызық болып тұр.
«Тoppress.kz» ақпарат порталы Нұрлыбек Нәлібаевтың тамыз-қыркүйек айларындағы атқарған жұмыстарын негізге алған. Ауыз толтырып айтатын нәтижелі тірліктің бірі ретінде қала орталығындағы медициналық ұйымдарға жасанды тыныс алу аппараттары мен оттегі концентраторларын алу үшін құрылыс компанияларын біріктіре білгені алға тартылған. Шынында да, пандемия белең алған шақта Қызылордадағы құрылыс компанияларын «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» шақырған басқа емес, дәл осы Нәлібеавтың өзі болғанын айта кеткен абзал. Нәтижесінде 40 млн теңге жиналып, жасанды тыныс алу аппараттары мен оттегі концентраторлары алынды.
Ақпарат порталы Нұрлыбек Машбекұлының халық үніне құлақ асып, қоғамдық көліктегі жол жүру ақысын қымбаттатпай бұрынғы тарифті сақтау туралы шешімін де оң бағалаған. Бұдан бөлек Қызылорда қаласының жылу беру маусымына әзірлігін алға тартып, мақтауға тұрарлық жұмыс ретінде бағалап отыр.
Қыркүйек айында қала әкімі жыл соңына дейін 14 тұрғын үйдің құрылысын аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ Қызылордада саябақтарды дамытып, көгалдандыру жұмысына да ден қойылған. Қала күні қарсаңында «Сыр-ана» монументі жаңғыртылып, «Дәрігерлер» аллеясы мен «Денсаулық» саябағы ашылды. Тағы бір айта кетерлігі, 600 орындық мектеп пен балалар алаңдары пайдалануға берілді. Сонымен бірге тұрғындарға Сырдария өзенінің сол жағалауынан соғылған жаңа үйден пәтер кілті табысталды.
Қызылордада ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар мұнымен бітпейді. Биыл жаяу жүргіншілерге арналған жолға ерекше көңіл бөлінгені байқалады. Қаланың бірқатар аумағында тротуар салу жұмыстары қызу жүруде. Бұдан бөлек жол жөндеу жұмыстарының да қарқыны жаман емес.
Жасаған жұмысы тікелей ел назарында жүретін Нұрлыбек Нәлібаев осындай тірліктерді атқарып, әкімдер рейтингінде үздік үштіктен көрінді.
А.АҚЫЛБЕК