Тасбөгетте тірлік көп атқарылған
«Тасбөгет» атауы қайдан келді?
Бір кездері Сыр өңірінің сән-салтанатын асырып, қолтығынан демеп тұрған Тасбөгеттің дәуірлеген атағы бүкіл одаққа жайылды. Шындығында, алып плотина құрылысы облыстың ғана емес, бүкіл елдің ауыл шаруашылығының дамуына ықпал етті. Су – тіршілік көзі, сондықтан бөгеттің іске қосылуы біздің аймақтың екінші тынысын ашты. Сол заманда бұл халыққа ауадай қажет алып құрылыстың бірі еді. Елдегі соғыстан соңғы ауыр жағдайға қарамастан 1945 жылы плотина салу қолға алынды. Экономикасы тұралаған аймақтың еңсесін көтеріп, егіс алқабын молайту үшін бөгет салу кезек күттірмейтін өзекті мәселе болатын. Содан 1947 жылы 29 тамызда арнайы қарар қабылданып, республика жоғарғы кеңесіне «Қызылорда плотинастрой» қыстағынан қала типтес жұмысшы поселкесін салу және оны Тасбөгет деп атау ұсынылды. Жаңадан салынатын поселке Қызылорда қалалық кеңесіне қарасты болуын сұрады. Бұл ұсыныстар бірден мақұлданды.
Қаланың іргесіне қоныстанған Тасбөгет кенті күн санап дамып, көріктеніп келеді. Кезінде Сырдария ауданының орталығы болған кентте бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар ауқымы кең. Қай салада болмасын ілгерілеушілік байқалады. Осы орайда кент әкімі Семсер Сыздықовқа жолығып, атқарылған жұмыстарды саралаған болатынбыз.
Кент әкімі жолды өзі бастап, Тасбөгеттегі оңтайлы жұмыстарды көрсете бастады. Тағайындалғанына көп болмаса да кенттің тыныс-тіршілігіне бойлай бастағаны көрініп тұр. Алдымен жол жөндеу жұмыстарынан бастаған Семсер Сыздықов мемлекеттік бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Биыл Тасбөгет кентінде «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында 3,9 шақырымды құрайтын 3 көше күрделі жөндеуден өтуде. Қазіргі уақытта тас төсеу жұмыстары аяқталып, негізгі жұмыстар басталды. Күрделі жөндеу Т.Батыршаев, А.Әбдібаев, Ж.Бәкішов көшелерінде жүргізілді. Одан бөлек кентте жалпы ұзындығы 74,2 шақырымды құрайтын 52 көше болса, бүгінгі күні барлығы 44 шақырым болатын 37 көшеге асфальт жабындысы және 8 шақырым көшеге малта тас төселді. Сонымен қатар кенттің 23 көшесіне барлығы 957 дана көше жарығы орнатылды, – деді Тасбөгет кентінің әкімі.
Тасбөгетке «Сабалақ» саяжайы да қарайды. Жалпы соңғы кездері Сабалаққа да тұрғындардың көшіп келіп жатқаны байқалады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мұнда 7 мыңның үстінде тұрғын бар екен. Бүгінде Сабалаққа ауыз су тартылуда. Келесі жылы үй-үйге ауыз су кіргізу жұмыстары жүреді.
Негізінен Тасбөгеттегі халық саны 32 мыңнан асады. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны 16719 адамды құрайды. Кент әкімінің айтуынша, биыл жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы аясында 49 млн 700 мың теңге болатын 12 жоба қаржыландырылса, қайтарымсыз грант аясында 31 млн 113 мың теңге болатын 56 жоба қолдау тапқан.
Біз Тасбөгетті аралап жүріп, тұрғындармен де тілдестік. Кентте ел үшін атқарылған, жұрттың көңілінен шығатын жұмыстар аз емес.
– Кентіміздің соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанына куә болып келемін. Бүгінгі таңда шет аймақтарға тас жолдар мен жаңа үлгідегі жарық бағаналары орнатылуда. Бұл дегеніміз қаншама тұрғынның қуанышы. Ел игілігі үшін қызмет жасап жүрген азаматтарға тұрғындар атынан алғыс білдіремін, – дейді Тасбөгет кентінің тұрғыны, зейнеткер Ақылбек Арыстанов.
Спорт мектебінде 700 бала жаттығады
Тасбөгеттегі 32 мыңнан аса халықтың баласы құмарта баратын спорт мектебін кенттегі жасөспірімдер түгел біледі десек, артық айтқандық болмас.
№5 олимпиадалық резерві мамандандырылған жасөспірімдер спорт мектебі тұрғындарға жақсы таныс. Олай дейтініміз, бұл жерден 2018 жылғы жастар арасындағы олимпиада чемпионы Диас Бахраддин шыққан. Бұл – байдарка және каноэде есуден Қызылорда облысы және Қазақстан Республикасы спорты тарихындағы алғашқы медаль. Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында жасөспірімдер олимпиадасында қызылордалық Диас Бахраддин байдарка және каноэде есуден алтын медальды иеленіп, еліміздің әнұранын шырқатқан еді. Бұдан бөлек басқа да жасөспірімдер ел ішіндегі жеңісімен қуантуда.
– Бұл спорт мектебінде 8 үйірме жұмыс жасайды. Қазақ күресі, дзюдо, самбо, байдарка және каноэ, жекпе-жек түрі, бокс, каратэ секілді үйірмелер бар. Қазір мұнда 23 жаттықтырушы, 62 топ бар. Барлығы 700 бала жаттығады, – деді спорт мектебінің директоры Серік Сексенбаев.
Сонымен бірге кент орталығында тренажорлық және стритболдық ойын алаңының құрылысы да аяқталған. Спорттық алаң жаттығу құралдарымен қамтылған. Стритболға арналған арнайы алаң да соңғы үлгідегі спорттық құралдармен жабдықталған. Тұрғындардың айтуынша, бұл алаңдарда кенттегі балалар мен жасөспірімдер бос уақытын өткізіп, жаттығатын көрінеді.
– Жаңа спорт алаңдарының пайдалануға берілгені жақсы болды. Балаларымыз бос уақытын осында өткізіп, жаттығады. Бұл бір жағынан спортпен шұғылданушы балалардың шынығуына сеп болса, екінші жағынан денсаулықтары мықты болады,– дейді кент тұрғыны Кәмшат Сұлтанова.
Қираған жарық бағаналары
Жалпы соңғы уақытта Тасбөгет кентінде жол-көлік апаты да орын алуда. Кенттің дәл орталығында болған апатты жұрт ұмыта қойған жоқ. Қатты жылдамдықпен келген көлік анасы мен нәрестесін қоса қағып кеткен болатын. Біз кентке кіре берісте көше жарық бағаналарының қирап, құлап жатқанын байқадық. Жұмыс бар жерде кемшіліктің болатыны жасырын емес. Автокөліктер соғып, қиратып кеткен жарық бағаналарының жайын білу үшін кент әкімін әңгімеге тарттық.
– Кентте біраз көше жарықтандырылды. Сонымен қатар қаланың орталық көшелерінен алынып тасталған жарық бағаналарын біз өзімізге алдық. Сөйтіп оларды қайта әрлеп, кенттің жаңа көшелеріне орнатудамыз. Ал қираған жарық бағаналары алдағы уақытта қайта қалпына келтірілетін болады, – деді кент басшысы.
Кент әкімінің сөзінше, өткен жылы бюджеттен 21 млн 914 мың теңге қаралып, Тәуелсіздік көшесі жарықтандырылған. Биыл осы жобадағы қалған 4 көшеге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жарық бағаналары орнатылуда. Соңғы екі жыл көлемінде кент әкімдігінің жергілікті өзін-өзі басқару шоты есебінен қаржы қаралып, кенттегі тағы да 9 көшеге жарық қойылған.
Біз өз кезегінде Тасбөгет кентіндегі еңбек ардагері Олжабай Тобағабыловты сөзге тарттық.
– Тасбөгет кентінің тыныс-тіршілігі сонау Сырдария ауданының орталығы болып тұрған кезінен көз алдымда. Қазір тұрғындардың жағдайы, жақсы. Әр үйге көгілдір отын кіріп тұр, көшелерімізге тас жол салынған және балаларға арналып түрлі ойын алаңдары пайдалануға берілді. Тұрғындардың қала орталығына қатынауы үшін әр бағыттағы автобустар өз қызметін көрсетуде. Сондай-ақ кәсіпкерлік нысандарының саны артып, халық үшін жағдай жасалуда. Біздей үлкен қарт кісілерге осыдан артық бақыт жоқ деп білемін. Себебі бұрынғы кішкентай кент күннен-күнге гүлденуде. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасады деп сенеміз, – деді еңбек ардагері.
Шет көшелер шеттеп қалмайды
Тасбөгеттің жыл санап үлкейіп, халқының саны да артып келе жатқаны белгілі. Мұндағы халық санының өзі кейбір аудандардағы тұрғындар санымен тең түседі. Сол себепті халық шоғырланған шет аумақтарда әлі де болса атқаратын жұмыс бар. Басқасын айтпағанның өзінде шаңы бұрқыраған көшелер, дұрыс орнатылмаған электр бағаналары «мені қашан жөндейсің?» деп сұранып тұрғандай әсер қалдырады. Бір жақсысы, бұл мәселе де кент әкімінің назарында екен.
– Тасбөгеттегі шет көшелер шеттеп қалмайды. Алдағы уақытта барлығына жол төселіп, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалатын болады. Тек кезең-кезеңімен жүзеге асатынын атап өткім келеді,– деді кент әкімі.
Бүгінде Тасбөгетте 4 мектеп және 9 мемлекеттік балабақша бар. Соның бірі – 2018 жылы ашылған 140 орындық «Нұр Орда» балабақшасы. Заманауи үлгідегі балабақшаның жалпы ауданы 7 мың 500 шаршы метрді құрайды және бүлдіршіндердің мектепке дейінгі тәрбиемен толыққанды қамтылуына барлық жағдай жасалған. Бүгінде мұнда кезекші топтар жұмыс жасауда.
Соңғы жылдары Тасбөгеттің ерекше қарқынмен дамып келе жатқаны баршаға аян. Облыстық балалар ауруханасы бой көтеріп, жаңадан бірнеше тұрғын үй салынды. Дарынды балаларға арналған білім ошағы ашылды. Тасбөгеттегі тіршілік осындай. Сөз соңында тұрғындардың «орталық көшелердің шұрық тесік жолдары жөнделсе екен» деген тілегін жеткізе кеткенді жөн көрдік. Жаңадан келген әкім ел үніне құлақ асады деген үміттеміз.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ
Суретті түсірген: Нұрболат Нұржаубай