ҚАЛА СӘУЛЕТІ – ЕЛДІҢ ДӘУЛЕТІ
Сейсенбіде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжіліс барысында қаралған алғашқы мәселе – қаланың және оған қарасты елді мекендердің қала құрылысы құжаттарында белгіленген талаптардың сақталуы. Қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне өткен жылы жалпы саны 23мыңнан астам арыз-шағым тіркелді.
– Қазіргі таңда Қызылорданың сәулеттік келбетін дамыту бағытында қала құрылысы құжаттарында белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Жаңа ғимараттардың сәулеттік келбетін арттыру бағытында әзірленген эскиздік жобалары сәулет-қала құрылысы кеңесінде қаралады, – деді қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жақсылық Ержанов.
Мәжілісте қаралған екінші мәселе – Тасбөгет кентінің әлеуметтік экономикалық дамуы. Бұл туралы Тасбөгет кентінің әкімі Пахуатдин Шамұров мәлімдеді.Бүгінде кентте 4 орта мектепте 5774 бала білім алып жатыр. Өткен жылы кентте құрылысы басталған 140 орындық мемлекеттік балабақшаны биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр Сонда кенттің 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер толықтай балабақшамен қамтылатын болады. Тасбөгет кенті бойынша шағын бизнес саласы биыл да қарқынды дамып келеді. Жыл басынан кәсіпкерлік нысандар саны 306 болса, биылғы үш айда 25-ке артып, жалпы саны 331-ге жетті. Бұл салада 1 мың 465 адам еңбекпен қамтылып отыр. Жалпы жеке меншік секторында барлығы 6000-нан астам тұрғын жұмыс жасауда. Ал жұмыссыздық деңгейі былтырғы жылдың соңындағы 1,3 пайыздан қазір 1,2 пайызға төмендеді. Жиын соңында қала басшысы тиісті сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді. Алда Қызылорда қаласының 200 жылдығын жоғары деңгейде атап өту межеленіп отыр. Оған қаланың әрбір тұрғыны өз үлесін қосуы тиіс.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.