Әкім Ергешбаев ел мұқтажын ескерді ме?
Қазалы ауданы – көптеген экономикалық жобалар қарқын алған өңір. Ірі бизнес құрылымдары республика көлеміне ғана емес, әлемдік нарыққа да құнды отандық өнім шығаруды жүзеге асырады. Тұрғындардың әлеуметтік ахуалы, тұрмыстық деңгейі де жыл санап жоғары көрсеткішке жетіп, қоғамдық бастамалар өз жемісін беруде. Ендігі міндет – инфарқұрылымды дамыту, экономикалық әлеуетті арттыру. Бұл туралы аудан әкімі
Мұрат Ергешбаев баспасөз
конференциясында мәлімдеді.
Атқарылған тірліктің мән-жайынан хабар берген аудан әкімі сөз басын экономикалық көрсеткіштен бастады. Биыл өңірдегі кәсіпкерлерге бөлінген қаржы көлемі мен инвестиция ауқымында айтарлықтай өзгеріс байқалады.
– Жыл басынан бері өнеркәсіп кәсіпорындарында 10 млрд 44 млн теңгенің өнімі өндірілді. Аудан кәсіпкерлерінің 381 жобасына несиелер мен гранттар берілді. Бұл кәсіпкерлікті дамытуға үлкен мүмкіндік сыйлауда. Мәселен, бұған дейін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі бойынан екі кешен пайдалануға берілсе, биыл осы жолдың бойынан жеке кәсіпкер есебінен көпсалалы қызмет көрсету кешені салынуда. Жоба толық жүзеге асса, «Қашқан су» көлінің жағасында демалыс орны жұмыс жасайтын болады, – деді аудан әкімі.
Аудандағы ауыл шаруашылығы көрсеткіші де көңіл қуантады. Оны бір ғана инвестиция көлемінен аңғару қиын емес. Жыл басынан бері салаға тартылған инвестиция көлемі 831,5 млн теңгені құрап, 383,4 млн теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар Сырдария өзенінің деңгейі төмендеуіне байланысты дәнді дақыл көлемін орналастыруды әртараптандыру, суды аз қажет ететін және өнім сапасы жоғары сортты ұлғайту бағытында қадамдар өз жемісін беруде. Нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда дақыл көлемі айтарлықтай артқан. Қазалы ауданы ауыл шаруашылығына бейімделген өңір екенін ескерсек, бұл үлкен жетістік екені сөзсіз.
Ауыл шаруашылығымен қатар аудан халқының мұң-мұқтажына айналған жер учаскесін алу, оңтайландыру ісі де әкім назарынан тыс қалмапты. Аудан басшысы тындырылған тірліктің көш басында инфрақұрылымды дамыту мәселесі тұрғанын атап өтті:
– Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту кезек күттірмейтін мәселенің біріне айналып отыр. Себебі тұрғындардың жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін бөлу жөніндегі ұсыныстары жылдан-жылға өсіп келеді. Осы мәселені шешу мақсатында ауданда 6 қоныстану аймағы игерілуде. Қазалы қаласынан 261 гектар, Әйтеке би кентінен 460 гектар жер учаскесін электрмен жабдықтау, ауыз сумен қамту, газ жүргізу жұмыстары қолға алынды. Жұмыс толық аяқталса, 2000-нан астам жер учаскесі ашылып, тұрғын үй салуға мүмкіндік болады, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Аудан әкімі жер учаскесімен қатар, тұрғын үй құрылысына да көңіл бөлінгенін жеткізді. 2017 жылы Әйтеке би кентінде 18 пәтерлік 5 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 90 отбасы баспаналы болса, биыл 18 отбасыға пәтер кілті табысталған. Бұдан бөлек Әйтеке би кентінде 12 жалдамалы үйдің құрылысын жүргізуге жоба-сметалық құжат әзірленсе, 10 үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Өңір басышысы сөз соңында ауыз сумен қамту, газдандыру жайына тоқталды. Алдымен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстар туралы:
– Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету күн тәртібінен түскен емес. Аудандағы барлық ауылға ауыз су жеткізілген. Дегенмен үш ауылда сервистік желі тартылмаған еді. Осы бағытта «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Арыстан би ауылынан 17 жоба жүзеге асуда. Оның ішінде елді мекенге сервистік ауыз су желісін тарту жұмысы да қаралған. Ал Жанқожа батыр және Майдакөл ауылдарына құрылыс жұмыстарын бастау үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінді, – деді.
Қыс маусымында тұрғындарды «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету мәселесі жиі көтерілетіні жасырын емес. Аудан әкімі кенттегі тұрғын үйлердің 85 проценті табиғи газға қосылған және биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы Ғани Мұратбаев елді мекеніне газ апару үшін құрылыс жұмысы жүргенін атап өтті. Сондай-ақ халық көп қоныстанған Қазалы қаласын газдандыру жұмысы да қолға алынғанын жеткізді.
P.S. Қазалылықтар үшін жер учаскесі мен инфрақұрылым күн тәртібіндегі мәселе еді. Аудан әкімі алғашқысын 2000-ға тарта жер учаскесін бөлу арқылы шешсе, инфрақұрылым ахуалын мемлекеттік бағдарламалар мен бюджет есебінен оңалтты. Алдағы уақытта қордаланған өзге де олқылықтар кезең-кезеңімен шешімін таппақ.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ