ҚАЗАЛЫДА 100 ЖОБА ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛДЫ

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші 5 жылдығында ауданда 17 жоба толық іске қосылса, биыл осы бағдарлама аясында «РЗА» АҚ-ның ірі қара өсіру кешені мен сүт зауытының II ші кезеңі іске аспақ. 2,5 млрд. теңге құрайтын жобаны жүзеге асыру арқылы мал басы 1200 басқа ұлғаяды деп күтілуде.
"Кәсіпкерлерге субсидия беру, арнайы грант арқылы қаржыландыру жалғасын тапты. Жыл көлемінде 12 жоба субсидияланып, 5 кәсіпкерге 6 млн. теңге қайтарымсыз негізде грант берілді. Сонымен қатар, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы негізінде 100 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде, жыл көлемінде шағын және орта кәсіпкерліктің белсенділігі артты. Кәсіпкерлер қатарына жаңадан 620 адам қосылды. Қазіргі таңда 4 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілерінде 9 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған", - дейді Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев.
Жаңа өндіріс орындарын көбейту мақсатында ашылған «Өндірістік аймақта» жалпы құны 172 млн. теңгені құрайтын жаңа 8 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күнге оның 4-і іске қосылып, 36 жаңа жұмыс орны ашылды.
«Қазалы Керуен» Біріккен Кәсіпорны» ЖШС-не Әйтеке би кентінен 2,5 гектар жер учаскесі беріліп, қалааралық автовокзал салынды. Қазір мұнда инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Нысан биыл іске қосылады.
Бұдан басқа, ауданнан құс фермасын ашу үшін инвестормен келісім жасалып, орналасатын жері белгіленді.
Сонымен қатар, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік жолы бойында 5 сервистік қызмет көрсету нысанын салу қолға алынды. «Мирас» және «Арзан сити» кешендері пайдалануға беріліп, қалған 3 жоба бойынша құрылыс жұмыстары басталды.