«Халық алғысы» кімдерге берілді?
Қала әкімдігінің мәжіліс залында шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар азаматтарға «Халық алғысы» медалін табыстады. Пандемия кезінде қиын жағдайға қарамастан қоғамның пайдасы үшін игі істер жасаған жандардың жанкешті жұмыстары елеп ескерілді.
– Ел амандығы үшін қызмет еткен сіздердің зор еңбектеріңізді біз жақсы білеміз және бағалаймыз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңызбен халыққа қамқорлық көрсетіп, ұдайы жанашырлық танытып отырдыңыздар. Алдағы уақытта да елдің даму жолында бастамашыл болады деп сенім білдіремін. Төтенше жағдай жарияланған кезеңде өз өмірлерін қауіпке тігіп, барлық сақтық шараларын сақтай отырып, халыққа тікелей қызмет көрсеттіңіздер. Бүгінгі марапат сол еңбектеріңізге берілген елдің ықылас батасы деп қабылдаңыздар. Ұрпаққа ұстын болған ынтымақты елдің ырысы кетпесін. Саулық сақтықта екенін есімізден шығармауымыз қажет, – деді қала әкімі.
«Халық алғысы» медалі Мемлекет басшысының Жарлығымен пандемиямен күресте аянбай еңбек еткен азаматтарды марапаттауға арнайы тағайындалған.
Жиында он екі адамға марапат табысталды. Олардың қатарында қала әкімінің кеңесшісі Әмірбек Шаймағамбетов, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ басқарма төрағасының директоры Дінмұханбет Әбдіреев, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Индира Ақжігітова, «Q-Меd» корпоративтік қорының атқарушы директоры Раушан Базарбай, «Қызылорда тазалығы» ЖШС директорының кеңесшісі Серік Теңізбаев, «KazPetroGroup» ЖШС бас директоры Бақыт Тоғызбаев, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Абзал Рысбек, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ бөлім басшысы Шынар Қожбанова, «Қызылорда тазалығы» ЖШС бас дезинфекторы Денис Пятибратов, «Қызылорда жылу электр орталығы» кассир-маманы Құралай Әбжанова және осы орталықтың слесарь маманы Серік Рамберлиев, қалалық «Жастар ресурстық орталығы директоры» Кеңшілік Сабыржан «Халық алғысы» медалін кеудесіне тақты.
– Бұл марапат барша отандастарымызға лайықты. Себебі қазаққа қазақтың қай кезде де көмек қолын созатын қасиеті бар. Бұл маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Мен үшін ұмытылмас үлкен сыйлық. Енді елімізді дерт дендемесін. Алаш жұрты аман болсын. Сыр елінің салтанат шеруі тарқамасын. Біз соған тілекшіміз және қал-қадірімізше қаламыздың дамуы жолында еңбек етеміз, – дейді «Қызылорда жылу электр орталығы» слесарь маманы Серік Дарханұлы.
Байқағанымыздай, бүгінгі марапат төрінен танылғандардың басым бөлігі қарапайым еңбек адамдары. Демек «Еңбек ер атандырады» деген халық даналығы тегін айтылмаса керекті. Бұлар – жұртына деген шынайы жанашырлығын ісімен дәлелдеген дарабоздар. Ал кеудеге тағылған медаль жүрекке жылылық сыйлайды екен.
«Ақмешіт ақпарат»