Бүгін Бүкіләлемдік қол жуу күні
Жыл сайын 15 қазан күні Бүкіләлемдік қол жуу күні атап өтіледі. Мұндай күнді өткізу бастамасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына және БҰҰ Балалар қорына (ЮНИСЕФ) тиесілі.
БҰҰ-ның екі ұйымы қалыптасып кеткен қарапайым қол жуу үрдісі балаларды бірқатар инфекциялық аурулардан қорғап қана қоймай, көптеген өмірлерді сақтап қалатындығын айтудан жалықпай келеді.
ЮНИСЕФ-тің мәліметінше, жыл сайын диарея (іш өту) бір миллион жүз мың баланың өмірін қияды, ал пневмония (өкпенің іріңді қабынуы) бір миллион екі жүз өмірді жалмайды. Қолды сабындап жуу балалар диареясын екі есеге, респираторлы аурулардың санын төрт есеге азайтар еді, - дейді ЮНИСЕФ-тің баспасөз хатшысы Маркси Меркадо.
Мереке жыл сайын әлемнің 80 елінде атап өтіледі. 2010 жылы Бүкіләлемдік қол жуу күніне арналған іс-шараларға әлемнің 70-тен астам елінен 200 миллион адам және 700 мың мектеп қатысты. Аталмыш күнді ұйымдастырушылар қатысушылардың санын жыл сайын арттырып отыруға ниетті. 2010 жылы Бангладеште 53 мың адам бір мезгілде қол жуып, рекорд орнатқан.