Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » "Жылқының етін жейтінімізді айтқанда қатты таңғалады"

"Жылқының етін жейтінімізді айтқанда қатты таңғалады"

Ануар Диханов - Қарағанды қаласының тумасы. Университет кезінен ірі компанияларда жұмыс істеуге мүмкіндік бар екенін біліп, алдына мақсат қойып, тәжірибе жинап, Google компаниясына soft ware engineering - бағдарламашы қызметіне қабылданған. Әлемдегі ең ірі, беделді компанияға жұмысқа қалай тұруға болады, ол үшін қандай қабілеттер керек? Ануар Диханов мектеп оқып жүріп-ақ IT саласына қызығушылық танытып, осы жолда еңбек етуге бел буған. Айтуынша, Google компаниясына екінші рет өтініш жіберген соң қабылданған.
"Google-да жұмыс істеуге болатынын білмеппін"
Мектеп кезінен түрлі олимпиадаларға қатысып жүрдім. Соның ең ірісі "Бағдарламалау бойынша халықаралық студенттік олимпиада" - ACM ICPC олимпиадасы болды. Біздің команда жақсы нәтиже көрсетті. Осы олимпиадаға қатысуым менің мансабыма жол ашты.
Біз қатысқан олимпиада өте ірі халықаралық олимпиада болды және үлкен компаниялар оның нәтижелеріне қарайды. Ол үш кезеңнен тұрады: ел ішіндегі, халықаралық, Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және т.б елдер арасында ТОП-20 команда іріктеледі. Ал үшінші кезеңде 100-120 команда қатысады, бұл қорытынды кезең. Барлық ірі компаниялар осы олимпиада қатысушыларын болашақ жұмысшы ретінде қарастырады.
Жас кезімде мүмкіндіктер жайлы ойланбаппын. Тек 2-курста бір досым тағылымдама ұтып алғанын естіген кезде ғана осы жайлы білдім. Ол кезде көп адам шетел асып, халықаралық компанияда жұмыс істеуге болатыны жайлы білмеген сияқты.
2-курста Google, Facebook сияқты компаниялар жайлы білсем де, онда жұмыс істеуге болатынын білмедім. Сол кезде топтастарым ішкі гранттар айналасында тағылымдамаға Google-ға тапсырып жатты. Сол жаққа барып келгендерін көзбен көріп, өзіме де мақсат қойдым. Бастапқыда жаздық тағылымдамадан өтсем деген ой болды. Оқу бітірген соң, Назарбаев университетінде екі жыл жұмыс істедім, кейін мені Google-ға шақырды.
Google-да жұмыс істеп жүргеніме бір жарым жыл болды, бағдарламашы ретінде компанияның ішкі жобалармен айналысамын.
Жұмысқа тұру үшін арнайы сұхбаттардан өту қажет - олар төрт кезеңнен тұрады
Бірінші кезең: сұхбатқа келісу. Телефонмен немесе Hangouts қосымшасы арқылы жүргізіледі. Бұл сұхбат 45-50 минутқа созылады. Алғашқы бес минутта бәрі таныстырылады, сұхбат алушы сіздің бэкграундыңызды сұрайды. Одан кейін 30-35 минутта берілген тапсырманы орындап, сұхбат алушыға есептің шешімін түсіндіруіңіз керек. Осыдан кейін екі-үш аптадан, кейде бір айдан соң сізге менеджер кері байланысқа шығып, бірінші кезеңнен өтіп-өтпегеніңізді айтады.
Екінші кезең: бірінші кезеңнен соң, олар маған хабарласып Варшавадағы кеңсеге шақырды. Бұл 2018 жылы болған еді. 4 сұхбатты бір күнде өттім. Әрбір сұхбат 40-50 минутқа созылды, оның ішінде техникалық және System design бойынша тапсырмалар жасадым. Ең қиыны соңғы сұхбат болды. Техникалық сұхбатта олимпиададағыдай тапсырмалар беріледі, ал System design бойынша Инсаграмды қалай құратыныңызды түсіндіріп беру керек болды. Екі жылдық тәжірибем ғана бола тұра, екінші кезеңнен сүрінбей өтуіме жеткілікті болды. Ал ЖОО-ны енді бітіргендерге мұндай тапсырма бермейді.
Негізгі талаптар:
Түйіндемені жақсылап жазу: өзіңізді дұрыс таныстыру, жеткен жетістіктеріңіз көзге бірден түсетіндей болу керек. Әрине, тәжірибе де маңызды, дегенмен түйіндеменің дұрыс рәсімделуіне басымдық беру қажет.
Менің бірінші сұхбаттан өткенім, түйіндемемнің сәтті болғанын көрсетеді.
Негізгі қабілеттер:
Шыдамдылық пен байсалдылық, бір орында отырып тапжылмай жұмыс істей білу маңызды.
Дайындық көп уақытты қажет етеді. Мына нәрсені есте сақтаған жөн: сізге берілген тапсырманы міндетті түрде дұрыс шешуіңіз талап етілмейді.
Оны шешудің әртүрлі жолдары бар: бірі жеңіл, бірі қиын. Егер сіз оңай жолын ұсынсаңыз, сұхбат алушымен тапсырманы талқылайсыз, түсіндіресіз.
Осы орайда, өте оңай немесе ойға қонымсыз тапсырмаларды орындау қажет болуы мүмкін. Мұндай тапсырмаларды тез шешу үшін дайындық керек, автоматты түрде жылдап жауап беру үшін бойыңыз осыған үйретіңіз.
Сұхбат кезінде маңызды нәрсе - диалог құру. Үнсіз қалмау. Егер сіз 1 минуттан аса үнсіз қалсаңыз, бұл нашар белгі.
Не ойлап отырғаныңызды, қалай ойлап отырғаныңызды, ойлап тапқан шешімдеріңізді айтып отыру керек.
Ешқандай дискриминация жоқ
Компанияға келмей тұрып, көп нәрсе білетінмін. Жұмыс уақыты еркін екенін, компания барлық жағдайды жасайтынын, тегін тамақ беретінін білдім. Кейбір бөлмелерде ойын, гитара сияқты түрлі аспаптармен ойнауға, бой сергітуге мүмкіндік бар. Ұжымдық мәдениет жайлы айтатын болсақ, расизм атымен жоқ, бәрі бір-бірін құрметтейді, сыйлайды, ешқандай дискриминацияны көрмеймін.
Алғаш келген күндердің бірінде түскі ас кезінде мен өзім Қазақстаннан, Қарағындыдан екенімді айтып бөлістім. Мәдениет жайлы, жылқының етін жейтінімізді айттым, олар осы нәрсеге қатты таңғалды. Қазақ дәстүрлері ішінде "Сырға салу" жайлы айттым. Ол да басқа елдер үшін қызық болды.
Польша Еуропа мен ТМД елдері арасындағы көпір іспеттес
Польшада Варшава қаласының офисінде ешкім кеңседе қалып түнемейді. Жақсы жағдай жасалады, басқа қалаларда ондай кеңсе болуы мүмкін.
Польшада мәдени шок болды дей алмаймын. Польша - Еуропа мен ТМД елдері арасындағы көпір іспеттес. Мұнда Ресейден, Украинадан келгендер көп. Қазақстаннан айырмашылық көп, әрине. Адамдардың өздерін ұстауы жағынан өркениеті мен мәдениеті жоғары.
Варшаваның тарихы ерекше қызықтырды. Соғыс жылдары қала қирап қалғандықтан, оны кейін басынан бастап қайта қалаған. Сондай-ақ, қаланың ішінде ескі қала деп аталатын жер бар. Бұрынғы қаланың кейпін суреттер, ескі фотолардан қарап қайта қалпына келтірген.
Сонымен бірге, қала Нұр-Сұлтан қаласына ұқсас болды. Ғимараттар, жылтыраған заттар көп.
Осы қалада расизммен бір рет бетпе-бет келдім. Бірақ көп жағдайда ондай нәрселерге мән бермеймін. Польша енді ғана Еуропамен бір сарынға қосылып жатқандай.
Польшадағы Google-дің офисінде 75% поляктар, жергілікті халық жұмыс істейді. Командада 7-8 адамның үшеуі - шетелдік, қалғаны поляктар. Әр адамның мықты қабілеттерін байқайсыз. Барымызды бөлісіп, кәсіби деңгейде жақсы қарым-қатынаста жұмыс істедік.
Қызметкерлердің әрқайсысы 100 пайызға беріліп жұмыс істейді
Дәл қазір мен Мюнхен қаласына ауысып жатырмын. Сол жақтағы командамен жұмыс істеп жүрміз. Варшавадан Мюнхенге ауысу үшін қазір көшуге дайындалып жүрмін.
Қызметкерлердің әрқайсысы 100 пайызға беріліп жұмыс істейді. Арада бәсекелестік болса да, позитивті бағытта өрбиді. Адамның креативтілігі жоба жасауда көп рөл ойнайды.
Білімді мамандар Қазақстаннан кетіп жатыр
Жақын арада Қазақстанға ораламын деп айта алмаймын. Қазақстандағы IT саласы дамып жатыр, бірақ басқа елдермен салыстырғанда деңгейін бағалау қиын. Ресей, Польшамен салыстырғанда төмен екені белгілі. Біздің өзімізден шығатын өнімдер аз, көп өнімдер шетелден алынған идеяларға негізделген, өзіміздікі дейтін зат кем де кем.
Бұл саланы дамыту үшін білімді мамандар елде қалу керек, шетел асып кетпеуі қажет. Қазір мен танитын осы саладағы мамандардың көбі басқа елдерде жұмыс істеп жүр. Мұның өзі мамандардың елде қалмайтынын көрсетеді. Жақсы жағдай жасалса, қызықты жобалар іске асырылса ғана білімді жастар елде қалып, ел үшін еңбек етеді.
Google компаниясы тұру үшін не істеу керек, өтінішті қалай тапсыру қажет, сұхбаттарды қалай өтеді, осы сұрақтарға толыққанды жауап ала алатын арнайы сайтты interviews.school досым жасап шығарды. Мен оны барша талапты жастарға, алдына мақсат қойған жандарға ұсынамын.
Сондай-ақ, айтарым, "Cracking the coding interview" кітабын оқуды кеңес беремін. Есептер мен тапсырмаларды жиі шешіп, қолдан келмей жатса, берілмеуге шақырамын.
15 қазан 2020 ж. 317 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам