ИЛЬЯ ИЛЬИН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ДАЙЫНДЫҒЫН БАСТАДЫ
Қазақстандық ауыр атлеттер Илья Ильин мен Зульфия Чиншанло қараша айының соңы мен желтоқсаны айының басында өтетін әлем чемпионатына дайындалуда. Бұл туралы Vesti.kz сайтының тілшісіне Қазақстан ауыр атлетика федерациясының кеңесшісі Алексей Ни мырза айта кетті.
- Алексей Геннадьевич, ұлттық құраманың дайындығы қалай?
- Бәрі бірқалыпты. Команда маусымға дайындық үстінде. Ашхабадта өтетін лицензиялық әлем чемпионатына қатысатынымыз рас. Тамыз айында Азия ойындарына да қатысқымыз келеді. Бірақ құраманың шеттетілу мерзімі 19 қазанда аяқталады. Әйтсе де келіссөздер жүргізілуде. Азия ойындарына қатысуға да үміт бар. 2-3 айда команда 80% бабына келіп үлгереді. Азия ойындары кезінде нағыз бабында болады. Егер қатыспасақ, әлем чемпионатына дайындығымызды жалғай түсеміз.
- Сіз ұлттық құраманың негізгі құрамы жайлы айттыңыз, солай ма?
- Иә, ұлттық құраманың негізі құрамы жайлы айтып тұрмын. Жасөспірімдер өздерінің Олимпидасына дайындық жасауда. Мен федерация олардың қатысуын шешеді деген ойдамын. Олар қатысу керек. Ересектер командасы жайлы айтсақ, Рио Олимпиадасына қатысқан спортшылардың ешқайсысы кеткен жоқ. Бәрі де дайындалып жүр. Екінші нөмірлі спортшылар толқыны да келді. Альберт Линдер Азия мен Универсиадада жеңіске жетті. Ол әлем чемпионатына қатысса, жүлдеге іліге алады. Рио Олимпиадасында жүлде алған және қатысқан спортшылармен қатар Илья Ильин мен Зульфия Чиншанло да дайындық үстінде. Шеттетілу мерзімдері аяқталып келеді. Олар жеке дайындалуда. Шеттетілу уақыты аяқталысымен, ұлттық құрамаға қосылып, Ашхабадтағы әлем чемпионатына бірге дайындалады. Азия ойындары да еліміз үшін маңызды спорттық шара. Егер рұқсат берілмесе, лицензиялық әлем чемпионатына күш саламыз.
- Олимпиада ойындарына іріктеу жүйесі өзгерді. Бұл туралы не айтасыз?
- Алда жолдамалар командалық емес, жекелей беріледі. Дзюдо спортындағы секілді. Дзюдошылар Гран-При турниріне қатысып, ұпай жинайды. Ауыр атлетикада да осындай болады. Спортшы 6 ай сайын Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) санатындағы жарысқа қатысуы тиіс. Олимпиадаға дейін 6 жарыста бақ сынау керек. Егер бұл талаптар орындалмаса, Токиодағы төртжылдықтың басты додасына бара алмайды. Сондықтан Ашхабадтағы әлем чемпионатынан бастап спортшылар жарыстарға қатысу керек. 1 қарашадан бастап жаңа жүйе қолданысқа енеді. Демек әлем чемпионатына кіл мықты спортшылар келеді деген сөз. Бізден Ильиннен бастап, Рахимовке дейін қатысу керек. Ұлттық құрамада да бәсекелестік жоғары. Іріктеу жарысын өткізіп, барлығының да лицензиялық жарыстарға қатысуына жағдай жасаймыз. Қандай орында болады, қанша ұпай жинайды, ол жағы спортшыға байланысты. Оларға біз мүмкіндік береміз. Жаңа жүйеге сәйкес, әр салмақ дәрежесінен бір ғана спортшы қатыса алады. Оның өзін жинаған ұпайларына байланысты ХОК анықтайды. Осыған дейін кімнің Олимпиадаға баратынын жаттықтырушылар қосыны анықтаса, енді басқа болады. Бұл да әділ шешімнің бірі. Спортшылар ұпай жинау үшін барын салатын болады.
- Қазір командадағы допинг бақылау жайы қалай?
- Қазір жағдай бақылауда. Екі жыл ішінде федерация қолдан келгеннің барлығын жасады. Ересектер мен жасөспірімдер командасы халықаралық жарыстарға қатыспады. Ішкі жағдай түзелді. Ай сайын спортшылар допинг сынама тапсырады. Бұл бағдарлама оң нәтиже береріне сенемін.
- Ильин мен Чиншанлоға әлемде әлі де тең келер қарсылас жоқ деп санайсыз ба?
- Мен оларды бала кезінен білемін. Олар ұлттық құрама ғана үздік спортшылар емес, әлемде де көшбасшы ауыр атлеттер. Қазіргі таңда олармен қарсыласа алатын спортшыларды байқап жүргенім жоқ. Оның үстіне олар қазір жарысқа қатысу үшін жігерленіп-ақ жүр. Олар мықтылықтарын дәлелдейтініне сенемін. Олар мен үшін Олимпиада чемпионы болып қала береді.
- Ильин мен Зайчиков бір-бірімен бәсекелес болуы мүмкін бе?
- Салмақ дәрежелері бойынша соңғы шешім қабылданған жоқ. Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы бұл мәселені әлі қарайтын болады. Осыған дейін 94 кг салмақ дәрежесі 97-ге, болмаса 105, 110-ға дейін өзгеруі мүмкін. Нақты шешім шілде айында Ташкентте өтетін Конгресс кезінде қабылдануы керек. Содан кейін барып кімнің қай салмақта боларын анықтайтын боламыз. Зайчиков Ильиннен ауырлау салмақта шықса керек. Айта кетейік, ауыр атлетикадан Ашхабадтағы әлем чемпионаты 24 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өтеді. Илья Ильиннің халықаралық жарыстардан шеттетілу мерзімі 10 маусымда, Зульфия Чиншанлонікі 10 мамырда аяқталады. Олар 19 қазан күні ұлттық құраманың жаза мерзімі аяқталғаннан кейін жарыстарға қатыса алады.