Нартай және филармония
Өңіріміздегі киелі өнер ордасының бірі – Қызылорда облыстық филармониясы. Қазіргі таңда Талғат Бақытбекұлының басшылығымен өнер ұжымында жүйелі жұмыстар жасалып келеді. Біз барған сәтте ішкі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
Жарты ғасырға жуық тарихы бар іргелі ғимаратта талай тарланбоздардың қолтаңбасы қалды. Бұл ұжымның құрылу тарихы Сырдың ұлы перзенті Нартай Бекежановтың есімімен тығыз байланысты. 1936 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігінен елге оралысымен Нартай елдегі ақын жыршылар мен әнші-күйшілердің басын біріктіріп көркемөнерпаздар үйірмесін ашады. Кейіннен үлкен ансамбльге, одан соң филармонияға айналды. Міне қазіргі филармонияның қалыптасу тарихы осындай.
Алғашқы жылдары сазгер Тәңірберген Қалауов басшылық жасап, сол тұста «Сыр күмбезі» фольклорлық ансамблі, «Ақтолқын» эстрадалық ансамблі жұмыс жасады. Фольклорлық ансамбльге жырау Ақмырза Тұяқбаев, әнші Фатима Төлегенова, эстрадалық ансамбльге Қиынбай Сақтағанов жетекшілік етеді. Ұзақ жылдар филармонияның бас администраторы болып Сәнжан Асылбекова қызмет атқарды. 1976-1980 жылдар филармония ұжымы үшін жемісті жыл болды. Дүйсенбі Дүйсенбаевтың басшылығымен «Сыр маржаны», «Сыр самалы» ансамбльдері құрылып, облыстың мәдени өміріне зор сепігін тигізді.
Сол жылдары Мұхит Әбдікәрімов, Тәжігүл Аманжолова, Күлән Қалымбетова, Сұлтан Нұрмаханов, Гүлжан Нұржанова, Шынберген Тілеулесов, Мәди Жасекенов сынды талантты өнерпаздардың басын қосқан ансамбльдің әндері халық жүрегіне жол тауып, әлі күнге шырқалып келеді. Қазіргі таңда мұнда 8 өнер ұжымы жұмыс жасап келеді. Атап айтар болсақ, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрі, «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблі, «Томирис» би ансамблі, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, камералық оркестр, «Тұран» триосы, «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы, «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі филармонияның беделін асырып Сыр жұртшылығына өз өнерлерін тарту етіп келеді. Осы жылдың қаңтар айында қобызшылар ансамблі құрылып, оған «Қорқыт сазы» атауы берілді. Ансамбльге С.Пұсырманова жетекшілік етеді.
Филармония ұжымы мәдени іс-сапарлармен көптеген шет мемлекеттерде өнер көрсетіп жүр. Оның ішінде Түркия, Өзбекстан, Ресей, Татарстан, Босния-Герцеговина елдері мен АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон, Біріккен Араб Әмірлігінің Әбу-Даби қалаларында еліміздің абыройын асқататып келеді. Өнер ұжымындағы әрбір өнерпаздың тынымсыз еңбегінің арқасында жүлделі орындарға ие болып жүр. 2011 жылы Анталия қаласында өткен халықаралық ІІ «Харман фольклор» фестивалінде «Томирис» би ансамблі лауреат атанып келді. «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Ақтөбе қаласының 150 жылдығы мен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 75 жылдығына орай өткен «JUBANOVTAR AYENI» халықаралық ұлт аспаптар оркестрлері мен ансамбльдердің байқауында бас жүлде иеленді. Биылғы жылы «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі Украинада өткен «Яркие таланты осени» фестивалінде бас жүлдемен оралды.
Мәдениет майталмандары да марапат биігінен көрініп келеді. «Камералық оркестрдің» көркемдік жетекшісі А.Жаңбырбаева «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен және «Тұрмағамбет халық аспаптар оркестрінің» көркемдік жетекшісі С.Абылаев Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. «Тұрмағамбет халық аспаптар оркестрінің» әртісі Н.Мирмановқа «Еңбек даңқы» төсбелгісі табысталды. Дәстүрлі орындаушы Ш.Тілеулесов ҚР Конституциясының 25 жылдығы мерекелік медальмен марапатталды.
С.Тасбергенова Н.Тілендиевтың 95 жылдығына арналған «Әлқисса» фестивалі аясында өткен республикалық онлайн-конкурстан ІІІ орын иеленді. Абай жылы аясында бітқатар концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып өткізілді. Филармонияның 48-ші маусымашары «Абай» операсымен ашылды. Операда ақынның өмір сүрген заманы ХІХ ғасырдағы қазақ жастары сол замандағы әрқилы көзқарас көрініс тапқан. Қойылымда облыстық филармонияның және Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының әртістері, Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің аралас хор ұжымынан құралған 100 ден аса өнерпаздар өнер көрсетті. Қойылым көрсетілімі карантин талаптарына орай «Qyzylorda» телеарнасы мен Youtube әлеуметтік желісіндегі «Сыр шаңырағы» каналы арқылы көрерменге ұсынылды.
Би ұжымдарының шығармашылық байланысын нығайту мақсатында «Ұлы дала ырғақтары» атты облыстық онлайн би конкурсы ұйымдастырылды. «Абай жұлдызы» атты музыка және поэзия кеші өткізілді. «Томирис» би ансамбліне Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің репетиторы Бекзат Ағиярдың шеберлік дәрісі ұйымдастырылды. Мұның барлығы өнер ұжымының үлкен еңбегінің жемісі һәм жеңісі болатын.