Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жалғыз «Өнер» мектебі

Жалғыз «Өнер» мектебі

Елдің ертеңгі нұрлы болашағы өнермен тығыз байланысты. Жеткіншектердің өнер саласындағы негізгі іргетасын қалыптастырып, үлкен өмірге қанаттандыруда қалалық өнер мектебінің маңызы зор. Қала бойынша жалғыз өнер ұжымы талай жас таланттардың талабын ұштап, өнер бәйгесіне баптап қосып келеді. Бағындырған белестері де біршама.
Әлқисса, сонымен Сыр өнерпаздарының бағаналы ордасына бас сұғып, тыныс тір­шілігімен танысып қайттық. Іргелі оқу орны 1948 жылы №1 әуез мектебі болып ашылған. Мекеме 1999 жылдан бері «Өнер мектебі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорын болып қайта қалыптасты. 
Бұл бір қарағанда қарапайым ғана шағын мектеп болып көрінеді. Алайда оның ішкі қызу жұмыстары ондағы ұстаздар мен оқушыларға ғана аян. Өнер мектебінде хореография мен сурет сабағы ғана топ болып өткізіледі. Қалған пәндерде бір оқушыға бір мұғалім бір сағат дәріс береді. Тек уақытым өтсе болды­ емес. Сол жеткіншектің бойындағы талант ұшқынын жарыққа шығаруды алдына мақсат тұтады. Нәтиже де жоқ емес. Алды Американы бағындырып жүр. Бұл еңсе тіктеп елдің мақтан тұтар мерейлі мәртебесі.
Осы өнер ұжымына 2017 жылдан бастап Қайрат Жәлімбетов жетекшілік етіп келеді. Бұл сырттан келе салған маман емес. Өзі де осы саланың қазанында қайнап, ыстық-суығын сезін­ген білікті басшы. Халқымызда «Бітер іс­тің басына, жақсы келер қасына» деген уәлі сөз бар. Ол қызметке келісімен салаға серпін беруді алдына мақсат етті. Бір жылдан соң яғни 2018 жылы «Шертер»­ класын ашады. Аз уақыт өтпей-ақ Әбден Жалғас әбден шыңдалып ұстаз мерейін тасытып лауреат атанады. Бұл ұжым үшін үлкен жаңалық болды.  2019 жылы «Жетіген» класы ашылды. Бүгінде бұл жерде болашағына мол үміт күттірер дарынды шәкірттер тәрбиеленуде. Болашақта «Балбұлақ» балалар ән-би ансамблін құрсам деген білікті басшының ниеті бар. Орынсыз емес. Ұлағатты ұстаздардың тәлімін алған  талантты балалардың басын біріктіріп үлкен ансамбль құрылып жатса елдің де, ердің де мерейі. Бұған уақыт деген ұлы төреші өз бағасын береді.
Мектеп директорының айтуынша, мұнда оқушылар алдымен емтиханнан өткеннен кейін қабылданады. Бұл әр балаға жылына бір рет берілетін зор мүмкіндік. Сондықтан өмірін өнермен байланыстырамын деген өрен болса ол өнер мектебіне түсу үшін үлкен дайындықтан өтуі абзал. Әрине, алдымен бала бойында табиғи дарынның болуы заңдылық.
Мектептің оқу – материалдық базасы 600 бала қыбылдауға дейін қауқарлы. Конкурсқа қатысатын бүлдіршіндердің киімі, жолақысы мәселесіне ата-аналар мен демеушілер көмек­теседі. Бір қуанарлығы, бәйгеге барған балалар жүлдесіз оралған емес. Осындай өнерлі ба­лаларға стипендия тағайындалып жатса деген көңіл түкпі­ріндегі оқ­шау ой сананы сілкілейді. Өнер мектебін бітірген балалар музы­калық колледждерге ойланбай түседі. Олар да қуана қабылдайды. Өйткені негізі қаланған шәкірттен түбінде таудай­­ талант шығатыны бесенеден белгілі. Бұл өнер ордасындағы 470 балаға 32 мұғалім саналы білім, сапалы тәрбие беріп келеді. Ұстаздардың басым бөлігі бұрыннан келе жатқан майталман мамандар. Олардың бойындағы өнегелі тәрбие тіні әлі талай шәкірттің шырағын жағуға сеп болары­­ хақ. Мектепте 6000 музыкалық кітап қоры бар. Әр оқушы өзіне қажетті ақпаратты осыдан іздеп табады.­­
2012 жылы осы білім ұясын 23 жыл бас­қарған Сыр елінің талантты сазгері, «Қызылорда вальсі» әнінің авторы Тәңірберген Қалауов атындағы мұражай ашылды. Балалар сабақ арасында осында келіп мұражай қорындағы өміршең дүниелермен танысып, өздеріне керекті мағлұматтарды біле алады.  
2009 жылы өнер мектептері арасында өткен облыстық байқауда І орын иеленіп «Үздік өнер мектебі» аталымы бойынша жеңімпаз атанады. 2013 жыл қорытындысы бойынша қалалық білім бөлімінің «Үздік, кәсіби, шығармашыл өнер ұжымы» аталымын иеленеді. Мектеп оқу­шылары қалалық, облыстық, республикалық байқаулармен қатар өзге мемлекеттерде өткен жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр.
Осы жылы республикалық рухани-патриоттық байқауында «Мәңгілік ел алыптары» атты ұлттық биден өткен жарыста бас жүлде иеленсе, «Жас қаламгер» номинациясы бойынша 4 сынып оқушысы Айару Аманбай І орын иегері атанды. «Дала сазы» республикалық байқауында «Балбұлақ» халықтық би ансамблі бас жүлде алып, республикалық «Қазақстан жұлдыздары» байқауында 3 сынып оқушысы Інжу Әмірхан «Жас ақын» номинациясы бойынша­ бас жүлдені жеңіп алды. Шәкірт шырағын жағып үлкен додаларда жеңіспен оралғаны үшін М.Әбусейт «Үздік көшбасшы педагог» төсбелгісімен марапатталды. Биыл Украинада өткен халықаралық «Звезды выходят­ на сцену» онлайн конкурс-фестивалға «Балбұлақ» халықтық би ансамблі қатысып І орын иеленді.
Ән жанры бойынша «Менің Қазақстаным» атты Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындаудан өткен республикалық байқауда вокал номинациясы бойынша Өміртай Рамазан 4 сынып оқушысы бас жүлде иегері атанды. Сонымен қатар 2 сынып оқушылары Асылай Омарбай І орын, Айым Жолжан І орын, Аделина­ Арман­ ІІ орын иеленіп, мұғалімі Гүлбану Омарова­­ Құрмет грамотасымен марапатталды. А.Құнанбаевтың 175 жылдығына орай өткен «Ұлттың ұлы мұрасы» атты  халықаралық өнер және білім фестивалінде Г.Дайырханова үздік жетекші номинациясы бойынша марапатталды.
Өмір – өлшеулі, өнер – өміршең. «Әлемді иман мен өнер сақтайды» деген тәмсіл сөздің астарында аласармас ақиқат жатыр. Сыр сүлейлерінің дәріпті жалғаушылары өнер мектебінде. Роза Бағланованың, Мәдина Ералиеваның ізін жалғастырар жас жет­кін­шектер осы оқу ордасында тәлім алуда.­ Біз соған анық көз жеткіздік. Мұнда таланты мен талабын ұштастырып, өнерін өмір өзегіне айналдырған өрендер жетерлік. Өнер мектебінде болған бір сағат уақытта біз осыны аңғардық.
17 қазан 2020 ж. 485 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам