Білімнің кені, тәрбиенің ордасы
Шаһардағы білім беру саласы ел көлеміндегі оқу-тәрбие үдерісін игеріп, елеулі қадам жасап келеді. Білім ордалары заманауи әдістемеге сүйеніп, тәрбие берудің жаңа моделін жасап, аймақтағы жастардың болашағын қалыптастыруға күш салуда. Нәтижесінде құрылымдық, жүйелік ерекшелікке негізделген нысандар білімді жастың талпынар бағдарына айналды. Осындай ерекше білім шаңырағының бірі – үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар «Мұрагер» мектебі. Облыс орталығында орналасқан мектеп аймақтағы инновациялық білім беру нысанының қатарына енген. Апта басында аталған білім ордасына бас сұғып, мектептің салалық көрсеткіші мен жетістігіне қанығуға мүмкіндік туды.
Бүгінде ғасырдан астам тарихы бар «Мұрагер» мектебін білмейтін тұрғын жоқтың қасы. Бала тәрбиесінің заманауи әдістерін игерген мамандар талай жастың озық білім алуына септігін тигізді. Тәртіп пен тәрбие, талпыныс пен білімге құштарлық түлектерінің мызғымас қағидасына айналып, әлемдік ЖОО-ға түсуіне мүмкіндік сыйлауда. Содан болар, қаладағы көп баланың арманы – «Мұрагерлік» оқушы атану. Ел елтіген «Мұрагердің» нендей ерекшелігі бары бізге де қызығушылық тудырды. Осы мақсатпен мақтаулы мектепке енгенбіз...
Оқу ғимаратына түс мезігілінде таядық. Мектеп алды бетперде таққан бүлдіршін мен бала жетектеген ата-анаға толы. Бірінші ауысымның бастауыш сынып оқушылары қаздай тізіліп мектептен шығып, ата-анаға жүгіре жетуде. Бүлдіршіндерді тосқан үлкендер де әр оқушыға бажайлай қарап, баланы дауыстап шақырып әлек. Осындайда әлемдік ахуал мұрша бермей, қаңыраған қабырғаларға бала даусы жан бітіргендей әсер сыйлайды екен. Алдымен ата-ана нендей ойда деген ниетпен баласын күткен Сәрсенбай ақсақалды сөзге тарттық.
– Немерем екінші сыныпта оқиды. Мектепке өзім әкелемін, алып қайту да мойнымда. Үйіміз жақын жерде болғандықтан, жолай өткен сабақты, не үйренгенін сұрап отырамын. Мектептің білім сапасы мен тәрбие деңгейі көңілімнен шығады, – деп ағынан жарылды.
Тағы бір ерекше көңіл аудартқан артықшылық – ауладағы Абай Құнанбайұлының алып мүсіні. Ұлы ақын мерейтойының маңызын ашып, мектеп арқалаған білім жүгін еселендірген нысан бірден көзге түседі. Еңселі ескерткіш оқушыларға Абай аңсаған қоғамның негізін қалаушы әрі білімнің бүгінгі мұрагері екенін еске салып, құлшыныс сыйлайтындай көрінді.
Мектепте карантин талаптары мен санитарлық міндеттемелер толық қадағалауда. Бұрыш-бұрышта антисептик қойылып, ғимаратты желдету, тазалық сақтау жолға қойылған. Әрбір адамды қызуын өлшеп кіргізеді. Бетперде де тағу да қатты бақылауға алынған. Оқушылардың мұндай талапқа бейімделгені көрініп тұр.
Мектепте ары-бері сапарылысқан бала аз. Себебі оқушылардың басым бөлігі онлайн режимде білім алуда. Айта кетейік, биыл бірінші сыныпқа қабылдау процесі де онлайн өтініш беру арқылы жүргізілген. Қазір тек кезекші топтағы бастауыш сыныптар ғана дәстүрлі үлгіде білім алуда.
Бізді алдымен білім ордасының директоры Жаннат Сәдуақасова қарсы алып, мектептің материалдық-техникалық базасы мен оқушы жетістіктерін тізбелеп берді. Мектеп тізгінін ұстағалы жарты жылдың көлемі болса да, білім ұясының ғасырлық тарихын парақтап, келешек жоспарын егжей-тегжейлі мәлімдей білді. Сөзге жүйрік, ой таразысы орнықты ұстаздың әңгімесінен ұзақ жылғы педагогикалық тәжірибе мен басшылық қабілет сезілген еді.
– Мұрагер мектебінің ғасырдан астам тарихы бар. Білім ұясы үш тілде білім береді, әсіресе, ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға басымдық берілген. Ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде биік белесті бағындырып келеміз. Мысалы, білім ордасы 2009-2014 жылдардың қортындысына сәйкес, Қазақстан Республикасының «Ең үздік 100 мектеп» қатарына енсе, 2016-2018 жылдар аралығында «ХХI ғасырға лайық ең үздік инновациялық мектеп» атағына ие болды. Сонымен қатар, «Рухани мұра», «Үздік білім беру ұйымы» секілді номинацияларды еншілеген, – деді басшы.
Мамандандырылған мектептер туралы сөз болғанда, оқуға қабылдау процесінің қиындығы және іріктеу талабының жоғары екені айтылады. Тіпті, Назарбаев Зияткерлік Мектептерге қабылдану үшін арнайы курс оқитын оқушылар аз емес. Осы ой арнаулы, мамандандырылған мектептерге түсуді арман еткен оқушыға ең басты кедергі екені белгілі. Ал, «Мұрагер» мектебінде мұндай талап қойылмайды. Білім ұясы жақын маңдағы кез келген оқушыны құшақ жая қарсы алып, тәрбиелеуге құлықты. Білім аламын деген баланың меселін қайтармай, барлығын қабылдауды назарға алуда. Бүгінде 1200 оқушыға шақталған білім ордасында 4 мыңнан астам оқушы қабылданған. Мектеп директоры оқушының көптігі білім деңгейін аласартпайтынын айтып, құлшынысы бар кез келген талапкерді қабылдауға болатынын жеткізді.
– Мектепте балалар саны мөлшерден артық екені белгілі. Халық тығыз орналасқан аймақта өзге білім ошағы болмағандықтан, балаларды қабылдауға міндеттіміз. Нәтижесінде 1200 оқушыға негізделген мектепте 4276 оқушы білім алуда. Соған сәйкес, екі ауысымда оқу, сыныптарды көбейту секілді келеңсіздіктерге жолықтық. Алайда оқушы саны білім сапасына кері әсерін тигізбейді. Балалардың білімге деген құлшынысы жоғары, өзара білім бәсекесі орын алса, ешқандай кедергі жоқ. Kundelik.kz платформасы арқылы сабақ үлгерімі, орташа көрсеткішін анықтауға мүмкіндік бар. Сол арқылы тоқсандық, жылдық білім сапасына мониторинг жүргізіледі, – деді Жаннат Сәдуақасова.
Шынымен, мектептің білім деңгейі қаладағы үздіктер қатарынан түскен емес. Оған бір ғана дәлел – өткен жылғы ҰБТ көрсеткіші. ҰБТ қортындысы бойынша «Мұрагер» мектебіне тиесілі орташа балл 83 процентті құраған. Нәтижесінде 63 оқушы мемлекеттік білім грантын иеленді. Сондықтан артылған жүкті ауырсынбай, жемісті нәтиже көрсете білген мектеп ұжымы еріксіз таңқалдырады.
«Саяхат» шағын ауданына қоныстанушы қатары жылдан-жылға артып келді. Жалғыз мектептің тұтас шағын ауданды қамтуға әлеуеті жетпесі анық. Осы мақсатта тұрғындар тарпынан сұраныс жасалып, «Саяхат» шағын ауданында жаңадан білім үйі бой көтеруде. Сондай-ақ Жаппасбай батыр көшесінен жаңадан салынған №282 мектеп-лицейі де оқушы қабылдауға әзір отыр. Мұндай бастама «Мұрагердегі» оқушы санын азайтуға сеп болмақ.
Біліммен бел асқан
Заман талабы ағылшын тіліне ойысқалы әлемдік оқу орындары мен білім беру орталықтары тіл игеру деңгейін осы тілмен өлшейді. Тіпті жаһандағы экономикалық қатынас тілі де – ағылшын тілінде. Сол себепті елдегі мемлекеттік білім беру бағдарламасының басым бағыты ағылшын тілін игеру, біліктілік артыру бағытына басымдық беруде. «Мұрагер» мектебі де алғашқылардың бірі болып ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға көшіп, тың тәжірибе жинақтады. Бүгінде ағылшын тілінен аптасына 5 сабақ өткізілсе, биология, химия, информатика пәндері 5 сыныптан осы тілде оқытылады. Пән мұғалімдері арнайы дайындықтан өтіп, шет тілінен біліктілікті арттыру курстарына еңсерген.
Мектеп басшысының сөзінше, ағылшын тілін тереңдетіп оқыту өз нәтижесін беріп келеді. Оқушылар шет елде білім алуға қол жеткізумен қатар, ҰБТ-ны ағылшын тілінен тапсыруда. Оған қоса 30 жылға жуық аралықта 101 оқушы Flex, ACCELS халықаралық степендиясын иеленіп, АҚШ-та білім алуға мүмкіндік алған.
Жоғарыда атап өткеніміздей, білім ордасы инновациялық мектеп қатарына енеді. Соңғы үлгідегі пәндік жабдықтау, заманауи технологияларды пайдаға асыру жолға қойылған. Мектепте мультимедиалық, робототехникалық пәндік кабинеттер бар. Ұстаздардан құралған «Ізденіс» қоғамдастығы республика көлемінде семинарлар өткізіп, әріптестермен тәжірибе алмасуда. Себебі пилоттық мектеп есебінде жаңартылған білім мазмұнын іске асырып жатқан бірден-бір мектеп – «Мұрагер».
Осы тұста айта кетерлік жайт, 2018 жылы «Мұрагер» мектебі облыс әкімінің грантын иеленді. Бөлінген 17 млн теңгеге қажетті жабдықтау жұмысры жүргізіліп, керек жарақтар алынған. Әсіресе қаржының орайлы жұмсалғанының бір дәлелі – фотостудия кабинеті. Шағын орталық кәсіби фото шеберханадан кем емес. Соңғы үлгідегі фотоаппарат, қосымша құрылғылар, жарық реттегіш секілді негізгі құралдар қамтылған. Бүгінде оқушылар мен ұстаздар фотостудияның игілігін көруде. Мәселен, қашықтан оқу үрдісіне көшкен сәтте мектеп ұжымы бұл артықшылықты ұтымды қолдана алды. Мұғалімдер онлайн сабақты фотостудияда түсіріп, сапасы жоғары бейне-сабақты әлеуметтік желі арқылы оқушыларға жеткізуге мүмкіндік алды. Ұстаздар онлайн сабақты сәтті жүргізгені үшін түрлі марапат алып, мерейі үстем болды.
Байқағанымыз, материалдық-техникалық базасынан өзге көрнекілік, қабырғаны салалық маңызға сәйкес әрлеу жұмысы да жанданған. Мектептің ішкі қабырғасы мен пәндік сыныптарды әрлеуде жаңашылдық пен креативті көзқарас сезілді. Ұстаздардың сөзінше, мұндай қадам оқушының білім алуға деген ынтасын ашып, пәнге қызығушылығын арттырады.
Білім сапасымен қатар, бала бойындағы талантты тани білу де қырағылықты қажет етеді. Баланың бос уақытын тиімді пайдалануға барлық мүмкіндік жасалған. Мектеп жанынан құрылған спорттық үйірме мүшелері республикалық, облыстық турнирде үздік көрсеткіш көрсетіп келеді. Тіпті, шахматтан «Спорт шебері» атағын алған түлектер бар. Білім ұясы өнерден де құра лақан емес. Мәселен, Сандыбай Піржан «Абай оқулары», «Ғұмыр дария» байқауында жеңімпаз атанса, Аружан Нұрмаханова «Ән салу», «Бейбітшілік әлемі», «Music Festival» сайысында үздік көрінді. Сондай-ақ оқушылар «Достар дауысы», «Мен де жұлдыз боламын», «Үркер», «Абай – дана, Абай – дара» секілді байқаулардан жүлделі оралды.
Мектеп басшысына қойылған тағы бір сауал бала психологиясы төңірегінде өрбіді. Әсіресе, әлеуметтік теңсіздік күшейген тұста мектептерге өзіндік тәрбие моделін қалыптастыру жүктелді. Бұл міндетті де мектеп ұжымы абыроймен атқарып келеді. Бүгінде балаларға біркелкі мектеп формасын кию, қымбат смартфон ұстамау міндеттелген. Мұндай әдістеме оқушының ортада өзін еркін сезінуіне, әлеуметтік теңсіздік орын алмауына жол ашпақ.
Ұстазы мықтының...
«Мұрагер» мектебінің білім сапасында жоғары көрсеткіш көрсетуі мұғалімнің қажыр-қайраты, ерен еңбегінің жемісі деп түсіндік. Ардагер ұстаздардың қалыптастырған бағыт-бағдары мен жас мамандардың тың талпынысы мектепті өрге сүйрегені анық. Мұнда әрбір маманды қабылдау барысы қатаң талап бойынша жүргізіледі. Сұхбаттасу мен салалық тест – үміткердің білім ордасына қабылдануын шешетін басты сынақ. Нәтижесінде білікті кадрдың қадірі артып, еселі еңбек етуде. Мысалы аттестациялаудың жаңа форматына сәйкес, «Педагог зерттеуші» деңгейін 68 мұғалім, «Педагог сарапшы» деңгейін 63 мұғалім, «Педагог модератор» деңгейін 154 мұғалім иеленген. Былтырғы оқу жылында «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен 4 мұғалім, «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен 2 мұғалім марапатталды. Білім күні қарсаңында бір ұстаз «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызыметкері» медалін иеленді. Сонымен қатар, аймақтағы санаулы «Шебер» деңгейін иеленген мұғалімнің бірі осы мектепте білім береді. ЖОО-ның 8 мұғалімі жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде өткізуге атсалысуда. Сондай-ақ білікті ұстаздардың зияткерлік клубы білім беру ісін ілгерілетуді қолға алған.
– Зияткерлік клубтың негізгі мақсаты ұстаздың білік-білімін оқушының қарым-қабілетін шыңдауға пайдалану. Мұнда ұстаздар балаларды пәндік олимпиада, өнер байқауларына дайындайды. Сонымен қатар зияткерлік ойындар, тапсырмалар орындау бойынша түрлі сайыстар жүргізіледі. Сондықтан зияткерлік клуб – ұстазға тәжірибе алаңы, оқушыға білімін жетілдіру мүмкіндігі, – деді мектеп басшысы.
P.S. «Мұрагерлік» оқушылар мен ұстаздардың жетістігі көңіл қуантады. Алайда биылға ең басты олжа – мектепке Абай Құнанбайұлының есімі берілуі. Ұзақ жыл «Мұрагер» мектебіне мұра болған еңселі ескерткіш атауы, міне, енді білім шаңырағының маңдайшасына жазылмақ. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ғасырдан астам тарихы бар мектепке ақын есімі берілуі тартудан кем түспесі анық. Бүгінде ономастикалық комиссияның оң шешімі алынып, жақында күшіне енетін болады. Демек, келесі сапарда «Абай» мектебіне келетін боламыз.
Е.ШАМШАДИН
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ