Мүгедек жандарға арналған мамандықтар атласына кім қатыса алады?
Жыл соңына дейін мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын мамандықтар атласы жобасы әзірленеді. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі азаматтардан ұсыныс жиналып жатыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары Сырым Нәси мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі БҰҰ Даму Бағдарламасымен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдар үшін ұсынылатын мамандықтар Атласын әзірлеуде. Мақсаты – мүгедек адамдарды арнайы курстарда оқытып, жұмысқа орналастыру. Атласты әзірлеу және енгізу мерзімі ағымдағы жылдың соңына дейін қарастырылған. Жобаны еліміздің әр қала, аудан, ауылдарында жүзеге асыру көзделіп отыр. Атлас аясында ұсынылатын мамандықтар 3 мыңға жуық кәсіпті қамтиды. Оған инженер-жобалаушы, медициналық диагностика зертханашысы, суретші-безендіруші, аниматор, экономист, тігінші, бағбан, адвокат, оқытушы, әдіскер, заң саласының кеңесшілері, қор нарығының талдаушысы, сатушы, бухгалтер және өзге де мамандықтар енетін болады», – деді Сырым Нәси.
Оның айтуынша, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жобаға қатысу үшін мүгедек адамдарды іріктемейді. Атластың тұжырымдамасына сәйкес, жұмыс іздеу барысында еңбекке қабілетті жастағы және қызметке орналасуға қарсы көрсетілімдері жоқ барлық мүгедектігі бар адамдар қамтылады.
«Бүгінде Атлас тұжырымдамасы аясында жұмыс берушілер мен мүгедектігі бар адамдардан ұсыныстар жинау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, қолданыстағы нормаларға сәйкес, мүмкіндігі шектеулі адам жұмысқа орналасқан жағдайда мүгедектігі бойынша ай сайынғы әлеуметтік жәрдемақы төлеу жалғаса береді», – деп атап өтті әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары Сырым Нәси.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Атласты әзірлеу барысында Ұлыбритания, Австралия, Ресей, Германия, Сингапур және Оңтүстік Корея елдерінің тәжірибесін негізге алған.