Қазалыдағы балаларды сауықтыру орталығы үздік атанды
Қазалы ауданындағы Шынар Жеңсікбаева басқаратын «Шапағат» балаларды сауықтыру орталығы «Үздік әлеуметтік үкіметтік емес ұйым» номинациясын иеленді.
Марапатты Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өткен «Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі үздік жұмысшы» республикалық байқауында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов өзі табыстады.
Конкурсты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әлеуметтік қорғау жүйесіндегі мамандардың беделін арттыру және осы саладағы озық тәжірибені тарату мақсатында ұйымдастырды.
Айта кетейік, аудандағы даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Шапағат» балаларды сауықтыру орталығы 1995 жылы ашылды. Орталықтағы мүмкіндігі шектеулі балалар денсаулығына байланысты «Үміт», «Тілашар», «Балдырған», «Балауса» топтарына топтастырылған.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі