«Шұғылаға» су жетті
«Арай» шағын ауданындағы «Шұғыла» көшесінің бойында ауыз су желісінің құрылысы жүргізілуде. Бұл осы маңдағы тұрғындар үшін көптен күткен қуаныш болып отыр. Өйткені сапалы ауыз су – қашанда тіршіліктің нәрі. Тұрмыстық қажеттіліктің бір парасы.
Бұған дейін ауыз суды тасып ішіп, тіршілік көзінен тапшылық көрген тұрғындар бұл жаңалыққа ризашылығын білдіруде.
– Осы мекен жайдағы тұрғындардың ауыз су проблемасы өзекті мәселелердің бірі болатын. Қала әкімінің тапсырмасымен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында су құбырын тарту үшін жоба-сметалық құжаттары дайындалып, нәтижесінде «Жібек жолы» көшесінен «Тәуелсіздік» көшесіне дейінгі аралықты қамтитын ауыз су желісінің құрылысы бастау алды. Құрылыс жұмыстарын «Механизатор» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Жоба бойынша ұзындығы 7 мың 864 метр аумақты қамтитын болады. Магистральді құбыр және 175 жеке тұрғын үйге ауыз су құбырын кіргізу қарастырылған. Қазіргі таңда 2 мың 300 метр магистральді құбыр салынып, 86 тұрғын үйге ауыз су берілді.
Биыл желтоқсан айында шағын аудан тұрғындары сапалы ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілмек. Ең бастысы, құрылыс жұмысы сапалы орындалуы басты назарға алынады, – дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Пакуадин Шамұратов.
Иә, расымен халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – заман талабы. Бүгінгідей берекелі дәуір көшінде барлығы қолжетімді болуы керек.
– Жасыратыны жоқ, бұрын ауыз су мәселесі бәріміз үшін ең өзекті мәселенің бірі болатын. Енді, міне, соның күрмеуі шешіліп, көпшіліктің көңілін күпті еткен жағдай жақсаруда. Қазір күз мезгілі. Қыс болса қыр астында. Дегенмен күздің шуақты күндерінде су жүргізу жұмыстары бітеді деп ойлаймыз. Біздің шағын ауданда осындай жағдай жасалып жатқаны үшін тұрғындар атынан алғыс айтамыз, – дейді Алдажар Ысмайылов есімді тұрғын.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ