«Ленин» көшесінен түсетіндер бар ма?»

Тәуелсіздігімізді алғанымызға отыз жылға жуықтады. Құдайға шүкір, еңсемізді тіктей бастадық, айналаға мен қазақпын деп, қазақы көзқараспен қарайтын шамаға жеттік. Әлемдік саяси аренадағы орнымызды нықтап, экономикамызды дамытуға ден қойып, рухани тұрғыдан жаңғыруға бет бұрдық. Мұның барлығы келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалып жатыр. Ал енді Ленинге келейік. Осы уақытқа дейінгі кітаптарды саралап көрсек, Владимир Ильич Ленин – көрнекті ресейлік төңкерісші, сөзші, пәлсапашы, ленинизмнің негізін қалаушы, большевиктер партиясы құрылтайшылардың бірі ретінде беріледі. Сондай-ақ Ресей КФСР мен КСРО орнатушысы, Кеңес үкіметін басқарушы жан ретінде айтылады.

Мәселенің мәнісіне үңілген кезде арнайылап автобусқа мініп, жүргізушілермен де тілдестік. Алдымен №17 бағытта жүретін мемлекеттік белгісі «236 АР 11» нөмірлі автобусқа міндік. Өзін Әмірбек Құрақбаев деп таныстырған жүргізуші өздері «Ленин» деп хабарлайтын көшенің «Тәуелсіздік» деп аталатынын да білмейтін болып шықты. Әңгімені ары қарай созбай, бірден жақын маңдағы аялдамадан түсіп қалдық. Содан соң Тасбөгеттегі №11 бағыттағы автобустың соңғы аялдамасына бет алдық. Азамат есімді жүргізуші: «Бұл көшенің «Тәуелсіздік» аталатынын білеміз. Бірақ тұрғындардың өздері «Ленин» көшесінен түсеміз, деп айтады. Сол себепті солай атап кеттік» деп жауап берді. Бұдан кейін кент орталығына келіп, №11 бағытта жүретін мемлекеттік белгісі «203 ВВ 11» нөмірлі автобусқа міндік. Көлікті тізгендеп отырған Күмісбек Тобылов есімді азамат «Ленин» көшесінің қазіргі атауын «Тәуелсіздік» деп аталатынын білетінін, жолаушыларға солай хабарлайтынын жеткізді.
Атында көше болмаса да солай хабарлайтын Ленин қазаққа аса қадірлі жан емес еді. Рухани жаңғыруға ден қойып жатқанда қалалық автобус паркінің кейбір мамандарына «Тәуелсіздік» көшесін басқалай атау не үшін қажет болып тұр? Бұл айтпасам болмады, ішіме сыймады дегеннен туған дүние емес. Біз кондукторлар (қазір көп автобуста кондуктор да жоқ) мен жүргізушілердің еңбегін жоғары бағалаймыз. Сол себепті көпке топырақ шашудан аулақпыз. Біздікі «Тәуелсіздік» көшесін өз атауымен атайық деген ниет қана.
Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ