Ең ұзын көшені білесіз бе?

Әр көшенің өзіндік тарихы болады. Ал, Қызылорда қаласындағы ең ұзын көшені білгіңіз келеді ме?
«Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістігін бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деп оң бағасын берген еді, Елбасы. Алаштың анасы атанған аймақтың жылдан-жылға дәулетіне сай салтанат құруы ауызбірлікпен атқарылған тірліктің жемісі екені белгілі. Соңғы кезде қаланың қайта түлеп, жаңаша жаңғырғаны жөнінде жұртшылық тарапынан оң пікірді жиі естіп жүрміз. Сондай-ақ, өңірге келген әрбір қонақ аз уақыттың ішінде өрелі өзгеріске қол жеткізген Қызылордаға таңданысын жасырмайды.
Бұған дейін дарияның жағасындағы қалада Сырды жағалай жүретін жол жоқ еді. Бүгінде осы олқылықтың орны толды. Қаладағы ең ұзын даңғыл бойында жаяу жүргіншілерге, велосипедшілер мен көлікке арналған даңғыл дарияны жағалай салынды. Бұл алдымен қаланың ажарын ашса, екіншіден, шаһар ішіндегі көлік нөпірін азайтуға септігін тигізді. Сұлтан Бейбарыс көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аралықта, Сырдария өзенінің бойын жағалай орналасқан әсем жағалауға, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық құрметіне орай «Тәуелсіздік» атауы берілді. Ұзындығы 7 шақырымды құрайтын айналма жолдың бойында барлық стандарттарға сәйкес жарық бағаналары, аялдамалар орнатылған.
Қалалықтар үшін биылғы жылдың тағы бір қуанышты жаңалығы –Тәуелсіздік көшесің Тасбөгет кентіндегі гидроторапқа дейін кеңейтілуі. Бұл жыл басында қала әкімінің есебінде айтылған болатын. Сөзден іске демекші, жол құрылысы да басталып кетті. «Сыр ана» монументі жанынан өтетін Тәуелсіздік даңғылын әрі қарай жалғастыру жұмысын қаламыздағы белгілі компания «Қыран» ЖШС атқаруда. Бұл мақсатта өткен жылы облыстық бюджеттен 100 млн теңге бөлінсе, биыл республикалық бюджеттен 718,4, ал облыстық бюджеттен 5 млн теңге қаржы қаралған. Жол бойында 4 автобус аялдамасы, 3 автотұрақ, жаяу жүргінші және веложол да қарастырылған. Түнгі жарық шамдарын орнату да назардан тыс қалмапты.
Тәуелсіздік даңғылы әуелі Көктөбе көшесімен қиылысады. Одан соң Жастар үйінің жанымен Нұрсұлтан Назарбаев даңғылына қосылады. Сосын тікелей Қызылжарма каналына барып, Тасбөгет кентіне кіреді. Даңғылдың дария жақ беті таспен биіктетіліп, судан қорған қалыптасады әрі қоршаулар қойылады.
Жарасхан Қуанышбайұлы