Полицейлер мен еріктілер бірігіп жоғалған жасөспірімді 12 сағат ішінде тапты
Ел тыныштығы үшін өмірін қатерге тіккен полицейлердің арқалаған жүгі қашан да ауыр. Тәртіп сақшылары күнделікті қызмет барысында түрлі қиын жағдайларға тап болады. Өз ісіне адал қарайтын олар қылмыс ашып, құқық бұзушылықтарды анықтап, жоғалған азаматтар мен балаларды іздеуге барын салады.
Мұндай оқиғаның бірі күні кеше Қызылорда облысы Қазалы ауданында болды. Аудан тұрғыны 31 жастағы азаматша кәмелетке толмаған ұлының үйінен шығып кетіп, қайта келмегені туралы полицияға хабарлады. Бұл туралы хабарлама бірден әлеуметтік желілерде жарияланды.
Түскен хабарлама бойынша аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, кент тұрғындары арасынан шыққан еріктілер іздестіру жұмыстарына кірісті. Ауданның барлық ауылдары мен далалық жолдары, вокзал маңы, орман алқаптары түгел қамтылды.
Бірігіп жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жоғалған бала таңғы сағат 05:30 шамасында табылды. Тәртіп сақшылары өз қызметтерін мінсіз орындап, баланы анасына аман – есен тапсырды. Жасөспірімнің үйден кету себептері анықталып жатыр.
«Көп жағдайда балаларды кезекші тәулікте іздеп табамыз. Баланың ісін шалалық деуге де болады. Көбіне олар достарымен ойнап, ата – анасын ескертпейді. Бүгінгі сәтті аяқталған іздеу жұмыстарына қатысқандардың барлығына алғысымды білдіремін»,- дейді Қазалы аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Арынов Сәбит.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі