Рейд барысында полицейлер тұрғыннан тіркелмеген мылтықты тәркіледі
"Құқық тәртібі" жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында қызылордалық полицейлер Қызылорда облысы Сырдария ауданының тұрғынынан нөмірі өшірілген 16 калибрлі тіркеуде жоқ аңшы мылтығын алып, тәркіледі.
26 қазанда Тереңөзек кентінің орталық көшелерінің бірінде аудан тұрғыны абаттандыру ережелерін бұзып, үйдің алдына қоқыс жинаған. Сонымен қатар, аталған құқық бұзушылықты анықтаған уақытта тәртіп бұзушыдан қару табылып, тәркіленді. Алынған мылтық зауыттық тәсілмен дайындалған, ішкі істер органдарында тіркелмеген.
Айғақ зат Қызылорда облысы Полиция департаментінің жедел-криминалистикалық бөліміне зерттеуге жіберілді.
Қазіргі уақытта бұл азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы (Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің инфрақұрылым объектілерін бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдіру) бойынша және ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабының 1-бөлігі (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленуі, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруі, тасымалдауы) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, жиналған материалдар сотқа жолданды.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі