Ауданның ең өзекті мәселесі келер жылы шешімін табады
Жаңақорған ауданы бойынша 9 айда атқарылған жұмыс барысын өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Руслан Рүстемұлы саралап берді.
Президент Жолдауынан туындаған тапсырмалар негізінде Жаңақорғанда атқарылған істер легі ауқымды. Ауданның 9 айда 17 млрдтан астам қаржыға есептелген кірістер болжамы 18 млрд 285 млн 27 мың теңгеге шығып, бюджет қаржысы өткен жылдан 103,4 процентке артық орындалыпты. Мұны аудандағы өндірістің, ауыл шаруашылығы және т.б саланың ілгері дамуымен байланыстыруға болады.
Әсіресе, уран, полиметалл өндірісінде жемісті нәтижесі бар аудан облыс аумағын құрылыс материалдарымен де қамтамасыз етіп отыр. Ауданның өнеркәсіп саласын жандандыруға басымдық берілген. Бұл мақсатта «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ жылдық қуаты 4 млн тонна болатын кен байыту фабрикасын салу көзделіп отыр. Бұл индустриялы – инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Сондай-ақ аталған бағдарлама негізінде «Қызылорда AGROPlus» ЖШС-нің жылына 24000 тонна томат пастасын өндіру жобасы да өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген. Бұдан бөлек керамзит құрылыс материалынан кірпіш және блок шығару жүзеге асады. Құны 130 млн теңгені құрайтын жоба келер жылы іске асады деп жоспарланған.
Ауданның даму көрсеткішін асырған саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Әсіресе, мал шаруашылығының қарқын алғанын жеткізген аудан басшысы «Сыбаға» бағдарламасының шаруаларға тиімді болғанын айтты. Осы уақыт аралығында 10 шаруа қожалығы мемлекеттік бағдарламамен несиеге 3777 бас уақ мал алған. Жыл аяғына дейін оны 5000-ға жеткізбек. Мал басын асылдандыруда бүгінгі күні 208 қалмақ қашарлары алынса, тағы 2 қожалық 200 бас мүйізді ірі қара сатып алуға өтінім берген. Ал агроөнеркәсіп саласы бойынша Жаңақорған кенті мен оған қарасты 5 ауыл дәнді дақылдар мен көкөніс, бақша өнімдерін өндіру ісін өркендетуде.
Ауданға әкім болғанына көп уақыт болмаса да, ондағы халықтың жай-күйімен жақсы таныс Руслан Рүстемұлы жаңақорғандықтардың тұрмысын жақсартуда жүйелі жұмыс жүргізетінін де жеткізді. Алда халықтың сұранысы негізінде әлеуметтік нысандар салу жоспары тұр. Оның ішінде ескірген мектеп ғимараттары қайта салынып, 18 пәтерлі көпқабатты екі және 2 пәтерлі 3 бөлмелі 10 тұрғын үйдің құрылысы басталмақ. Бұл ретте ауданның инфрақұрылымы да назардан тыс қалмайды.
Ең бастысы келер жылы ауданның ең өзекті болған ауыз су мәселесі шешімін табады. Ол үшін 11 млрд 465 млн 202 мың теңге қаржыға Талап және Сырдария топтық су құбыры салынбақ. Жоба жүзеге асқанда 28 елді мекеннің 38 мың тұрғыны сапалы ауыз суға қол жеткізетін болады.
А.СЕЙІЛ