Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «Әкелер мектебін» үлгі еткен білім ұясы

«Әкелер мектебін» үлгі еткен білім ұясы


Бүгінгі білім беру саласы жаңа үдерістерді қолданумен қатар, дәстүрлі-ұлттық тәрбиені ұрпақ бойында жаңғыртуды талап етеді. Ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұстанымы ескірмес бағдарға айналып, тәрбие ісінің аяқ алысын бағамдауға сеп болды. Осы тұрғыда көптеген мектеп пен лицейлер заманауи әдістемеге сүйеніп, оқушы тәрбиесінің жаңа моделін қалыптастыруға қадам жасап келеді. Түрлі тетіктерді пайдалану арқылы құрылымдық, жүйелік ерекшелікке жол ашып, ерекше білім ордасы болуға талпынуда. Сыр өңірінде де өзіндік тәрбие үрдісін қалыптасыра білген білім беру нысандары аз емес. Соның бірі – қала орталығында орналасқан №7 мектеп лицейі. Апта басында аталған білім ұясына бас сұғып, ұстаздың жай күйі мен шәкірт жетістігіне қанығудың сәті түсті. 

№7 мектеп-лицейдің іргетасы 1979 жылы қаланған. Қаладағы халық тығыз орналасқан «Шұғыла» шағын ауданындағы, білім ұясы 40 жыл­дан астам уақыт шәкірттерге үздіксіз тәлім-тәрбие беріп келеді. Қазіргі уақытта мектеп ғимараты аз-маз жөндеуді қажет еткенімен, ауланы безендіру, оқушыларға арналған ойын алаңын қамтамасыз ету жағдайы көңіл қуантады. Мектеп басшысы Ануза­ Аманжолқызының сөзінше, жақын арада терезелерді ауыстыру, ағымдағы жөндеу жүргізу секілді жұмыс қолға алынбақ.
– Сегізжылдық орыс-қазақ мектебі болып ашылған білім ұясы бүгінде көптеген жетістікке жетті. 2018-2019 оқу жылының өзінде түлеп ұшқан шәкірттердің демеушілігімен өнегелі іс орын алды. Мысалы, мектептің 1991 жылғы түлегі Сағит Алтынбековтың демеушілігімен мектеп музейі ашылса, Тағыберген Асхаттың қолдауымен акт залға керметөбе жасалды. Ал Жайсаң Сыздықов  ұзындығы 280  метрді құрайтын спорт алаңының жолын салуға көмектесті. Бүгінгі шәкірттерді айтпағанда, түлектердің өзі үлкен қолдау білдіріп, мәртебемізді асырып келеді. Мұның барлығы мұғалімдердің сапалы білім мен тың тәрбие әдісінің жемісі екені сөзсіз, – деп мектеп басшысы сөз бастады.
Айтса-айтқандай, мектептегі тәрбие ісі көңіл қуантады. Дәстүрлі оқу үрдісіне көшкен кезекші топтағы бүлдіршіндерге арналған балалар ойын алаңы, шахмат тақтасы балалардың ой-өрісін дамытып, сергуіне бағытталыпты. Сондай-ақ білім ұясы қатарлас мектептерден алабөтен жоба әзірлеген. Ол – «Әкелер мектебі» клубы. Аталмыш клуб оқушының әкелерімен қарым-қаты­насын нығайту, өзара байланысын, ұрпақтар сабақтастығын дамытуды мақсат тұтқан. Бүгінде клуб мүшелігіне 140-тан астам әке қабылданған. Ұстаздардың нендей іс-шара өткізіп, қандай байланыс әдісін қолданатыны қызығушылық тудырып, жауапты маманды сөзге тарттық. Барлық сауалға мектеп мұғалімі Нұржамал Дусбаева­­ жауап беріп, клубтың атқаратын қыз­меті мен маңызын тарқата баяндады.
– Әке мен баланың қарым-қатына­сы – оқушы үшін ең құнды байлық. Кейбір отбасында әкенің қатулы қабағы, қатқыл жүзі балаға өз ойын ашып айтуға, пікірін ортаға салуға байлау болатыны белгілі. Баланың күткен жылуы мен қамқорлығы әке тарапынан сезілмесе, оқу үлгерімі мен тәрбие деңгейінен көрініс береді. Сол себепті оқушылардың отбасындағы ер азаматтармен байланысын нығайтуды қолға алдық. Ай сайын отбасыаралық байқау, қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, әкенің мектепке жиі келуіне, балаға көңіл бөлуіне сеп болуға тырысамыз. Бұл жай мәдени клуб емес, әке мен бала арасындағы киелі байланысты жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам, – дейді білікті маман.
Мұнан өзге мектеп ұжымы оқушының бос уақытын тиімді өткізу, үзіліс арасында пайдалы іспен шұғылдануын ерекше назарға алады. Мәселен, осы мақсатта көлемді шахмат тақтасы орнатылып, музыкалық құрылғылар қойылған. Әрбір оқушы үзілісте қалаған іспен айналысып, тағылымды, пайдалы дағдыны қалыптастыра біледі. Қазіргі карантиндік талаптарға сәйкес, мұндай артықшылықты оқушылар толық пайдалана алмай отыр. Алайда індеттің беті қайтса, әрбір құрал шәкірт игілігіне жарайтыны сөзсіз.
Тағы көзге түскен ерекшелік – робототехника мен домбыра үйірмесі. Мектеп оқушылары жаңа заманның ілімін игеріп, түрлі робот жасауды меңгерген екен. Тіпті, көптеген сайыс­тардан топ жарып, жобаларын сәтті қорғап та үлгеріпті. Бүгінде IT саласына жақын оқушылардың алды жоғары оқу орнының студенті атанып, алған білімін кәдеге жаратуда. Техниканың қыр-сырын үйренуге бастауыш сынып оқушылары да қызығушылық танытатын көрінеді. Бүгінде арнайы кабинет жасақталып, барлық құралдармен қамтамасыз етілген. Бұл қарқынмен мектеп ұжымы кибернетика саласының кемел буынын қалыптастыруға негіз болары сөзсіз.

Мемлекет басшысының мектептерге домбыра пәнін енгізу бастамасы №7 мектептің жаңа жобаны жүзеге асыруына түрткі болды. Бүгінде жоғары сыныптарға қосымша домбыра пәні енгізіліп, балаларды ұлттық мұраны аялауға, домбыра тарту дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік жасалған. Аздан көпті, жоқтан барды жасаған мектеп ұжымы домбыра тапшылығын болдырмау, оқушылардың толық қатысуын қадағалау бойынша­ жүйелі жұмыс атқарып келеді. Тіпті мектеп директоры Ануза­ Аманжолқызы өз есебінен 10 домбыра қосып, сабақтың кешеуілдеуін болдырмауға тырысуда. Ұлттық өнерге деген мұндай ықылас өзге директорларға үлгі болары­­ белгілі. Білікті басшының пікірінше, бұл қадам баланың үйренуге деген ынтасын көтеріп, домбыра тартуға қызығушылығын арттыруға жол ашады.

Шәкірт жетістігі – ұстаз мәртебесі
№7 мектептің жетістігі мұнымен бітпейді. Негізгі бағындырған белес шәкірттерге тиесілі. Мектеп басшысы өткен оқу жылында түрлі байқау мен пәндік олимпиададан олжалы оралған оқушыларды атап, мерейлі сәтімен бөлісті.
– Қазіргі таңда 2114 оқушы оқиды. Барлығы білімге құштар, тәрбиеге ынталы балалар. Соның нәтижесінде түрлі сайыстардан топ жарып, мектеп абыройын асқақтатып келеді. Мысалы, өткен оқу жылында халықаралық, республикалық, облыстық пәндік олимпиада мен ғылыми жобаларда біршама жетістікке қол жеткіздік. Нұрай Зиядин «Жарқын болашақ» олимпиадасында І орын, Ғабит Шахмардан республикалық «Зерде» ғылыми жобалар конкурсынан ІІ орын, Гулмаржан Ибадильдаева «Дарын» республикалық  ғылыми жобасында ІІ орын еншіледі. Сонымен қатар, «ОРДА ДЖУНИОР – 2018» ғылыми жобалар байқауы мен робототехника курсы және республикалық «Балалар шексіз әлемде» ғылыми жобасынан­­ да оқушылар олжалы оралды, – деді директор.
Қазіргі таңда білім ұясында 77 сынып комплектісі, 38 сынып каби­неті бар. Мектеп заман талабына сай жабдықталып, мультимедиа, интерактивті тақта мен кітапханамен қамтамасыз етілген. Демеуші түлектер тарапынан жасалған түрлі қолдау шарасы оқушы мен мұғалімге жаңа серпін беруде десек артық емес.
Сонымен қатар «Жас сарбаз» үйірмесі де шәкірттерді жемісті жолға бастауда. 2018 жылы мектеп директор Ануза Аманжолқызының бастамасымен 7, 8 сынып оқушыларынан «Сыр ұландары» әскери-патриоттық кадет сыныбы мен үйірме ұйымдастыру жүзеге асқан. Білім беретін құрылым ретінде қалыптастырып, жаңа модель бойынша шәкірт тәрбиелеуді бастаған.
– «Кадет сыныбы» жобасының мақсаты – «Мәңгілік ел» патриоттық бағдарламасын жүзеге асыру, жастар­дың отансүйгіштік рухын ояту, әскери қызметке тәрбиелеу, жалпыхалықтық құндылықтарды қастерлеу. 2019 жылы «Jastar Sport Fest» әскери - қолданбалы спорт түрлерінен №7 мектеп-лицей оқушылары жүлделі орынға ие болса, «Мен өз елімнің патриотымын» атты әскери-патриоттық жарыста Диляра Рустамова мен Бекарыс Нұрбекұлы жүлделі ІІ орынды иеленіп, жалпы командалық есеп бойынша ІІІ орынды иемденді, – деді АӘТД оқытушы-ұйымдастырушысы Н.Дүйсенбаев.

Ұстаз ұлағаты
Шәкірттің әрбір жетістігі ұстазға мерей екені белгілі. Мектеп ішінде ілінген «миллионер ұстаз» бен «үздік мұғалім» марапаттары білім ұясының білікті маманнан кенде емес екенін көрсетсе, оқушылардың жетістігі ұзақ жылғы тәжірибе мен еңбекті нәтижесін білдірген еді. Ануза Аманжолқызы да алған асу, жеткен белес тек ұжымның қажырлы ізденісі арқылы келгенінін айтып, мұғалімдердің талпынысы ерекше көңіл қуантатынын жеткізді.
– Бүгінде 189 мұғалім жұмыс атқарады. Оның ішінде жоғары білімді маман – 180, арнаулы орта білім иегері – 9. Сонымен біге жаңартылған санат бойынша 1 педагог-шебер, 42 педагог-зерттеуші, 30 педагог-сарапшы және 33 педагог-модератор бар. Жаңартылған білім мазмұны бойынша­ жұмыс істеуді басты назарға алып келеміз. Мәселен, бүгінге дейін 169 мұғалім арнайы курстан өтсе, деңгейлік курсты 27 ұстаз аяқтады. Мамандардың ақпараттық сауатын арттыру, компьютермен жұмыс жасауды үйрену, интерактивті тақтаның мүмкіншілігін пайдалануын қамтамасыз ету мақсатында арнайы сабақ жүргізіледі. Себебі білікті ұстаз заман көшінен қалмай, жаңа мүмкіндіктерді игере алғанда ғана бәсекеге қабілетті бола алады. Оқушы санасына ақпаратты жеткізуде техникалық мүмкіндікті пайдалану үлкен нәтиже беретіні де белгілі, – деді мектеп басшысы.
Білім ұясындағы «Әкелер мек­тебі», домбыра пәні, робототехника жетістігінен өзге медиация институтының жұмысы да мақтауға тұрарлық. Мектептегі бітімгерлік ісі ата-ана, мұғалім және оқушы арасындағы келеңсіздіктің алдын алу, «Тәуекел тобындағы» оқушылармен байланыста психолог-педагогтардың жұмысын жетілдіру ісін бағдарға алған. Оқушылар да медиация курсын тәмамдап, бітімгерлік ісін мектеп ішінде жандандыруда көмек қолын созуда.
– Бастапқыда жаңашылдыққа үреймен қарағанмен, оқыту курсын аяқтаған сәтте теориялық білімді тәжірибеде қолдануға асықтық. Қазіргі таңда арнайы курсты оқығаннан кейін мектеп басшылығының қолдауымен «Peaceful» атты медиация кабинетін ашуды жоспарлаудамыз. Аталған салада оқушылар да көптеген жетістікке қол жеткізді. Атап айтар болсақ, «5-тамыз медиация күніне» орай өткізілген байқаудан Гүлсезім Мырхиева, Айдын Бүркітбай, Айзада Серікқызы ІІ орын иеленіп, 50000 теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды. Осы жетістік арқасында Айдын Бүркітбай мен Айзада Серікқызы кәсіби медиация курсын аяқтап, кәсіби медиатор сертификаттарын иеленді. Қос оқушы облыс көлемінде өткізілген медиация тақырыбындағы ғылыми жобалар байқауында үздіктер қатарынан табылып, жүлделі І орын иеленді. Алдағы уақытта «Peacuful» клубы ашылып, оқушыларымыз  Айзада Серікқызы,  Айдын Бүркітбай,  Гүлсезім Мырхиева, Ақтілек Ахметәліұлы, Шұғыла Рахманберген және Анель Уалихан өз жұмысын бастайтын болады, – деді педагог-психолог Айнұр Бегенішқызы.
Оқушыларға бітімгерлік ісінен өзге психологиялық қолдау білдіру жұмысында да ілгері қадам аңғарылады. Мектепте «Жан жылуы» психологиялық клубы құрылып, оқушыларға психика­лық қолдау көрсету және психология мамандығының қыр-сырын үйрету мақсатында жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері жүзеге асқан игі бастама мектептегі психологиялық ахуалды тұрақтандыруға сеп болған.
– «Жан жылуы» психологиялық клубында оқушылар психология негіздері туралы теориялық біліммен қоса, сындарлы қарым-қатынастың тәжірибелік, белсенді тыңдау, өзін және өзгелерді түсіну және қабылдау дағдыларын игереді. Сабақтың басым бөлігі жеке және топтық өзара іс-қимыл дағдыларын алу үшін берілген. Оқушылардың алған білімдері мен дағдылары қазіргі сәтте және болашақта тиімді әлеуметтік бейімделуінің базасы болатынына сенемін, – дейді Айнұр Махатай.
P.S. №7 мектеп-лицей білім беру ісіндегі жетістігі мен тәрбие саласындағы жаңашылдығы арқылы өзге білім ұясымен терезесі тең бәсекелестік танытып келеді. Ұстаздың үйретуге деген талпынысы мен шәкірттің білімге құлшынысы мектепті өрге сүйреп, биік белесті бағындыруға жола ашты. Алдағы уақытта жаңашыл мұғалімдердің ерен еңбегі ақталып, марапат мерейі әлі де үстем боларына сенеміз.
Ерсін ШАМШАДИН
Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ 

30 қазан 2020 ж. 1 030 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам