Мұғалімге жаңашылдық тән
Әлемдік білім беру саласындағы жаңалықтар еліміздегі оқу-тәрбие үдерісіндегі елеулі өзгерістерге жол ашты. Бейіндік, арнаулы, жеке мектеп пен лицейлер заманауи әдістемеге сүйеніп, білім берудің жаңа моделін қалыптастыруда. Түрлі тетіктерді пайдалану арқылы құрылымдық, жүйелік ерекшелікке негізделген ерекше білім ордасы Сыр өңірінде де орын тепкен. Соның бірі – қала орталығында орналасқан №8 облыстық арнайы санитарлық мектеп-интернаты. Жаңа оқу жылы басталған тұста мектеп-интернат директоры Еркін Ақшаловпен аз-кем әңгімелескен едік.
– Еркін Кенжебайұлы, оқырман орта мектеп пен лицейдің аражігін ажыратқанымен, арнайы санитарлық мектеп-интернаттың қызметін толық түсіне бермесі анық. Алдымен білім ұясының тарихы мен ерекшелігіне тоқтала кетсеңіз...
– Біздің берекелі ұжым өскелең ұрпаққа заман талабына сай білім мен тәрбие беруді мақсат тұтады. Мектеп-интернаттың іргетасы 1962 жылы Қазалы ауданында қаланған. 1984 жылы білім ордасы Тасбөгет кентіне көшірілсе, 2000 жылдан бастап Қызылорда қаласына ауыстырылды. Бұл мектеп-интернаттың өзге мектептерден ерекшелігі облыстық, қалалық және аудандық туберкулезге шалдыққан науқастың отбасындағы балаларды оқытады. Арнайы санитарлық талаптарды сақтайды. Тиісті өңірдегі туберкулезге қарсы диспансер жанындағы арнайы іріктеу комиссиясының қорытындысымен 6-18 жас аралығындағы балаларды жыл басынан немесе жарты жылдықтан бастап қабылдап, оқытуды жүзеге асырады. 2015 жылдың тамыз айынан бастап №8 облыстық арнайы санитарлық мектеп-интернатының директоры қызметіне тағайындалдым. Алғашқы қызмет күнінен бастап жарасымды дәстүрі бар ұжыммен шәкірттерге білім беру жолында табысты қызмет жасап келемін.
– Мектептің материалдық-техникалық базасында нендей айырмашылық бар?
– Айтарлықтай айырмашылық бар деп есептеу қиын. Тек мектеп ғимараты жанындағы жатақхана мен санитарлық бөлме құрылымы ған өзгешелеу. Мұнда оқушылардың қоғам үдерісіне сай әлеуметтенуіне барлық жағдай жасалған. Тәрбиеленушілерге біліммен қатар, емдеу-сауықтыру шаралары жүргізіледі, алты мезгіл күшейтілген режимдегі тамақ беріледі. Мектеп жанында 220 орындық жатақхана жұмыс жасаса, оның 42-сі жатын бөлмеге арналған, 4 демалыс бөлмесі, 6 тұрмыстық бөлме болса, 5 дәрігерлік бөлме, 2 арнайы оқшаулау бөлмесі бар. Барлығы заманауи құрылғылармен толық қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, қазақ тілі, бастауыш сыныптар, география, биология, химия, физика, өзін-өзі тану, мультимедия кабинеттеріне интербелсенді тақталар орнатылып, барлығы ғаламтор желісіне қосылған. Тәрбиеленушілердің сабақтан тыс бос уақытын мазмұнды өткізу мақсатында спорттық және шығармашылық үйірме тұрақты жүргізіледі. Атап айтар болсақ, футбол, баскетбол, волейбол, стол теннисі, дойбы-шахмат. Ал, шығармашылық үйірме қатарында вокал, домбыра, би, қолөнер, және сурет үйірмелері бар. Спорт алаңы, спорт залы барлық талапқа сай. Оқушылардың құрғақ, таза жерде жүруі үшін мектеп ауласын абаттандыру жұмысы жүргізілген. Мектеп-интернат ұжымының тынымсыз еңбегінің нәтижесінде оқушылар мектепішілік, облыстық, республикалық және халықаралық сайыстарда жүлделі орынға қол жеткізуде.
– Санитарлық мектеп-интернат болғандықтан ұжымда арнайы мамандар қызмет атқаратын шығар?
– Әрине, біліммен қатар оқушылардың денсаулығы да тұрақты бақылауда. Педагогикалық қызметкерлерінің жеке құрамы 90 қызметкерді құрайды. Оның 45-і мұғалім, 45-і тәрбиеші болса, дәрігерлік қызметте 1 фтизиатр, 1 тіс дәрігері, 5 медбике жұмыс жасайды. Педагог қызметкерлердің жоғары санаттысы – 7, I санаттысы –38, II санаттысы – 19, педагог-зерттеуші – 19, педагог-сарапшы – 2, педагог-медиатор – 2. Заманауи педагогика саласындағы үрдістерді игеру мақсатында педагогтар облыстық және республикалық деңгейдегі курстарға қатысып, жаңа идея мен мол іс-тәжірибені әріптестерімен бөлісу бағытында баспасөз бетінде әдістемелік мақалалар жариялауда.
Сондай-ақ, мектеп-интернатта мұғалімдердің оқу-әдістемелік кабинеті жасақталған. Ол пән мұғалімдерінің ғылыми-әдістемелік даярлығын ұштап, шығармашылықпен жұмыс жасауына бағыт-бағдар қалыптастырады. Яғни, ұстаздардың өз білімін толықтырып, озық әдістерді шеберлікпен қолдануға жағдай жасайтын бірден-бір орын, әдістемелік шеберхана болып танылған.
– Білім ордасындағы білікті ұстаздар қатары туралы айтып өтсеңіз?
– Шәкіртке адамгершілік пен ерік-жігер беруде ұстаз еңбегі ұшан-теңіз екені сөзсіз. Сондықтан білікті маман мектептің ғана емес, ұлттың өркендеуіне қызмет етеді десем, артық болмас. Осы мақсатта ұжымда «Озат тәжірибелі мұғалім», «Шығармашыл мұғалімдер», «Жас мамандар» топтары жұмыс жасап келеді. Әрбір топ өз жоспарына сәйкес, әдістемелік жұмыс жүргізіп, мектеп-интернаттағы «Үздік жыл мұғалімі», «Үздік тәрбиеші», «Үздік сынып жетекші» иегерлері анықталады. Нәтижесінде білімді мамандар қатары артуда.
Оған қоса, мектеп алғаш ашылған кезде еңбек еткен ұстаздар да кейінгі буынға білік-білім, іс-тәжірибесі арқылы өнеге көрсетіп келеді. Мұғалімдердің жоғары нәтиже көрсетуі – ұзақ жылғы дәстүрлі тәжірибенің жемісі. Сондықтан, Айтжан Қожағұлов, Қалдыгүл Қазақбаева, Априза Шахапова, Үміт Ыдырысова, Рабат Абишева секілді зейнеткер ұстаздар ұжымына алғысымыз шексіз. Бүгінде білім ордасын өрге сүйреп жүрген қадірлі кадрлардың еңбегін де атап өтуіміз қажет. Ұстаздықтың қыр-сырын меңгеріп, бар күш-жігерін шәкірт тәрбиелеуге арнаған мамандар қандай құрметке болсын лайық. Мәселен, Сәдірбай Әлсейітов, Роза Жақыпбаева, Алтын Сапарходжаева, Шарапат Жанахаева, Күлайхан Тұңғышбаева, Шолпан Төлегенова, Арыс Жаханова, Фатима Арыстанбекова секілді білікті педагогтар шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді.
– Ұстаз мәртебесін қалай түсінсіз?
– Қазақстандық білім беру мен ғылым жүйесі дамудың жаңа қадамына жол алды. Білім берудің мазмұны жаңарту, кәсіби дағды, зерттеу және шығармашылық құзіреттерді дамыту ұстаздан талап етілетін ең басты қағидаға айналған. Сондықтан, инновациялық жаңалық пен ғылыми-педагогикалық тәжірибені ұштастыра білген мұғалім сөзсіз мәртебелі ұстазға айналады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ерсін Шамшадин