Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қызылөзектің картобы

Қызылөзектің картобы

– Мына картоп дәмді екен.
– Қызылөзектің картобы ғой. Жылда Қараөзектің картобын аламын. Дәмі бөлек. Бұл – дастархан басындағы ағайындылардың әңгімесі.
Қызылөзектің картобының қандай құпиясы бар екенін жазуға құмартып ауылға тарттым.         
Картопты ел арасында «екінші нанға» теңейді. Өйткені өзінің құнарлылығымен және дәмімен ерекше маңызға ие. Сапалы тұқым – қашанда мол өнімнің кепілі. Картоп егіп, одан мол өнім алып отырған шаруалар Айнакөл ауылында да бар. Сондықтан картоп ауылдың брендіне айналған.
Қызылөзек ауылдық округіне қарасты Айнакөл ауылының диқан қауымды асырап отырған ырыс көзінің бірі – картоп дақылы.
Рас, бұл ауылды жұртшылық картобымен таниды. Тіпті әрбір үй ұра, немесе көкөніс сақтайтын қойма салып алған. Науқан кезінде қойма лық толады. Мұның ішіп-жемнен бөлек, нәпақасын да айыратын берекесі бар. Біз барған «Смағұлов» жеке кәсіпкерлігі де көктем мен күз арасын бейнетпен өткізіп, ырзығын Жер-Анадан тапқан еңбеккерлерден құралған. Еңбекқор азамат Нұрлыбек Смағұлов әке жолын жалғап, 20 жылдан бері картоп егумен айналысады. Тек судан таршылық болмаса, былайша еңбегі еш кетпеген.
– Картоп егуге дайындықты ерте бастау керек. Ең жақсы тұқым – жазғы егістен және екі өнімдік дақылдан алынған картоп түйнегі. Картопты күтіп-баптауға оны отырғызғаннан кейін 4-6 күн өткен соң ғана кірісу керек. Негізі түйнек үнемі ауаны қажетсінетіндіктен топырақты ұдайы қопсытып отыру қажет. Суды да мөлшерімен, уақытымен берген жөн. Бабы келіскенде картопты қазу маусымның алғашқы онкүндігіне сәйкес келеді. Көктемгі отырғызылған өнімді ең дұрысы – жаз бен күзде пайдалану. Қазан айының аяғы мен қарашаның басында картоп өне бастайды. Қысқы және көктемгі өнім үшін картопты жазда отырғызу керек, – дейді Нұрлыбек.
Осы көкөністің кәнігі маманы болып алған Нұрлыбек картоп сатуды да жақсы жолға қойыпты. Өткен жылы 2 гектарға картоп егіп, 60 тонна өнім алған. Бүгінде оның өніміне сұраныс жоғары. Тіпті қала орталығынан кәсіпкерлер өздері іздеп келеді екен. Біз оның көкөніс сақтайтын қоймасына түсіп көргенімізде өз көзімізге өзіміз сенбедік. Біраз картоп жинапты. Бір картобының салмағы 500 грамм, тіпті онан да жоғары салмақ тартады.
Басында Нұрлыбекті көп ой мазалаған. Алғашқыда ойдағыдай өнім бола ма деген күдік қинаса, кейіннен көңіл жайланып, өнім жиналған соң оны қалай сақтаймын деп уайымдаған. Содан қойма салуға кіріскен. Жерді кісі бойынан биіктетіп қазып, сыйымдылығы 100 тонна болатын қойма салынды. Көкөніс қыстың көзі қырауда да, жазғы аптапта да өз құнарын бойында ұстап, бұзылмайды. Мұны кезінде әкесі үйреткен әдіспен жасады.
Кәсіпкердің әкесі Ғанибек Смағұлов та егіншілікпен айналысқан. Оның тәжірибесі ұлына көрсеткен тәлімі. Бәлкім, соның ықпалы болар, бүгінде Нұрлыбек ауыл ішіндегі тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын созып, көмектесіп келеді. Бір сөзбен айтқанда өнім жинаған соң айналасындағыларға кеусен беруді ұмытқан емес. 
Жалпы Айнакөл ауылы тұрғындарының дені картоп егумен айналысады. Оның себебі де бар, ауылдың дәмді өніміне сұраныс жоғары. Тіпті ауылшаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінде төмен бағада халыққа ұсы­нады.
Нұрлыбек биыл Ресейден картоптың «Гала» тұқымын алдырған. Қазір қоймасында картоп жиналып тұр. Енді оны қыс бойы азық етеді. Сондай-ақ сатуды да жолға қойған.
Картоп – берекелі дақыл. Баптамаса егін өспейді. Сосын ерінбеу керек. Нұрлыбек қазір өнімнің сапалысын сорттап қойды. Енді көктемде жер жыртып, агротехникалық шараларын жүргізбек.
P.S Қызылөзек картобының дәмді болу себебін тапқандаймын. Бұл – ауылдағы ағайынның қажырлы еңбегінің, маңдай терінің жемісі. Сапалы өнім алу үшін ерінбейтін елдің тіршілігі. Ал, адал еңбектің жемісі қашан да тәтті. Қараөзек картобы да...
Жарасхан Қуанышбайұлы
Суретті түсірген  Нұрболат Нұржаубай
03 қараша 2020 ж. 690 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам