Тамшыдан жиналған өнім
«Балапанды күзде санайды» демекші, жаз бойғы диқан еңбегінің өнімі қалай болды екен деп алаңдайтынымыз рас. Жауын-шашынға қалмай, төкпей-шашпай дән қамбаға құйылса деген көптің тілеуі бұл. Дәннен тау тұрғызған диқанның еңбегі ақталып, ел алғысына бөленер күн жақын. Биыл да егін еккен елдің еңсесі биік, жүзі жарқын.
Қалаға қарасты егін жайын білмек мақсатпен қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дәулет Әбдірасуловке хабарластық. Даусы жарқын. Биылғы егіннің жайын айтқанда тіпті кеудесін мақтаныш сезімі кернегендей. Биылғы жетістікті айтып тауыса алатын емес. «Мақтанса, диқан мақтансын» деп, біз де тыңдадық.
Қалаға қарасты егін жайын білмек мақсатпен қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дәулет Әбдірасуловке хабарластық. Даусы жарқын. Биылғы егіннің жайын айтқанда тіпті кеудесін мақтаныш сезімі кернегендей. Биылғы жетістікті айтып тауыса алатын емес. «Мақтанса, диқан мақтансын» деп, біз де тыңдадық.
– Биыл қалаға қарасты шаруашылықтарда егін бітік шықты. Мұнан бөлек бақша өнімдерінің жылдағыдан мол өнім бергенін мақтанышпен айта аламыз. Биылғы су тапшылығына қарамастан жердің жайын білетін мамандар тамшылатып суару әдісін пайдаланып, мол өнім жинады. Қарауылтөбе ауылдық округінде тамшылатып суару әдісімен егілген қызанақ қаланы қамтамасыз етті. Ақсуат ауылдық округіндегі жылыжайдың қияры биыл бағаны қымбаттатпады. Көктем шыға салысымен елді көкке жеткізген ақсуаттық жылыжай қияр бағасын 300 теңгеден асырмады. Әйтпесе, жылдағы бағаны бәріміз де білеміз. Бұған қызылөзектіктердің картобын қосыңыз. «Үміт» шаруа қожалығы 8 гектар жерге картоп егіп, тамшылатып суарумен-ақ мол өнім алды. Тонналап жиналған өнім қазір жәрмеңкеде сатылуда. Апта сайынғы жәрмеңкеде картоп бағасы 100 теңгеден асып жатқан жоқ, – дейді қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы.
Егін жайы да жақсы. Қалаға қарасты шаруашылықтар биыл 4075 гектар жерге күріш егіп, бүгінде әр гектарынан 51,6 центнерден өнім жинады. Бұл жай цифр емес. Сырдың аптапты ыстығына да, дауылына да төзген, су тапшылығына да қарамай, жерге түскен дәнді баласындай баптаған, кетпен арқалаған диқан еңбегінің нәтижесі бұл!
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА