Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Айнакөл. Қараөзек. Қызылөзек

Айнакөл. Қараөзек. Қызылөзек


Сәрсенбінің сәтіне сүйеніп таңертең  Қызылөзекке бет алдық. Қаладан қырық шақырымдай қашық жатқан ауылдың тынысын оқырманға таныстырмақшымыз. Үш ауылды және Арғын мекеннің басын біріктіріп отырған округтің жалпы халқы 3482 адамды құрайды. «Сырт адам сыншы» деген, бірінші байқағанымыз, ауыл бірлігі айрандай ұйыған қоңыр тіршілік құшағында екен. Елді мекен кәсіпкерінің көпшілігі малмен айналысады, қазір қыстауда, ауылға анда-санда бір келеді. Мектеп, клуб, бала бақшада да қызу жұмыс. Қырыққа тарта дүкеннің есігі айқара ашық. Көшенің бойы жүйткіген көлік. Қалаға қатынайтындар үшін тиімділік бар. Үш мезгіл қатынайтын қоғамдық көліктен өзге қырыққа тарта такси жолаушы тасымалымен айналысады. Былай қарағанда, көктемгі қарбаластың нышаны сезіледі. Тазалыққа ден қойылған. Ең бастысы, мұнда ел еңбекке ерте кіріседі, оны мұржадан шұбатылған іртік-іртік түтін-ақ растап тұрғандай болды.
Ауыл әкімі Сәкен Әбдіжаппар қалаға жиналысқа кеткен екен, оның орнына сайдың тасындай сақа жігіттер қарсы алды. Мадияр Әшірбеков, Нұрболат Қайратов, Құрманғазы Досанов үшке бөлініп, біздің барар нысандарға жол бастады.
Ауылдың бас көшесі Абылайханға түстік. Тақтайдай тегіс көшемен келеміз. Кезінде ауыл әкімі қызметін атқарған Роза Бохановаға ел риза, көшеге, клубқа, ойын алаңына күрделі жөндеу жүргіздіріп, ел игілігіне тарту етіпті. Міне, ауылдың сәні мен ажары осылай кірген көрінеді.
Кісілік пен кішілік
Ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Қарақұл Дармолдаевқа ауласы алдынан жолықтық. Кісілігі де, кішілігі де бар кісіге ұқсайды. Кезінде құрылыс саласында қызмет істеген, бүгінде беделді ел ағасы. Ауылдың өзекті мәселесін әкіммен бірлесе шешеді, ардагерлер кеңесінің ролін көтерген кісі. Бүгінде округ бойынша 256 ардагер есепте. Оның 51-і бірінші және екінші топ мүгедегі. 21 тыл ардагері, 1 ауған соғысына, 2  Семей полигонына қатысушы бар. 8 Наурыз мерекесінде үйде жатып қалған кісілерді құттықтап, көңілін бір серпілткен. Жеңіс күні де атаусыз қалмайды, жылдағы дәстүрмен тойланады. Қазір Наурыз мерекесіне дайындық жүруде. Онан өзге түрлі шараға ардагерлер атсалысады. Ауылдық клубта арнайы ардагерлер кеңесінің кабинеті жасақталып, олар осында жиі бас қосады.
...Біз жаяулап клубқа келдік. Көненің көзі екені көрініп тұр. Сәулеті бөлек.
Клубтың тарихы талай рет тартысқа түсті. Бала күнімізде 1958 жыл деген жазу болатын. Ауылдың қарт ақсақалдары 1961жыл деп жүр. Соған қарағанда құрылыс ұзақ жүргенге ұқсайды, –дейді Қарақұл Жайықұлы.
Біз ішке ендік. Мұнтаздай таза әрі көз тартар келбеті өзіне баурайды. Алдымен кітапханаға беттедік. Руханияттың нағыз ордасы емес пе, реттілікпен жиналған рухани қазынаға жанашырлық қасиет байқалады. Келушіге қызметтің сапасы артқанын да аңғардық. Жылы қабақ, ыстық жүрек жайсаң жүздерінен тебіндейді. Кітапханашы  Мираш Досмырзаева ә дегеннен өз міндетін таныстырып жатыр.
–Қазір 13000 кітап қоры бар. Тұрақты оқырман қалыптасқан. Жыл басынан бері 330 оқырман тіркелді. Кітап қоры үнемі жаңа кітаппен толығып тұр. Өткен жылы 310 кітап алдық. Әл Фарабидің 1500, ақын Абайдың 175 жылдығына арнап түрлі шара ұйымдастырылды, –дейді кітапханашы.
Өнердің өзегі
Шынында клубты антиквар дерсін. 100 орындық үлкен және кіші залы бар. Жылу мәселесі толық шешілген. Сахнаның декорациясы көз тартады. Артық зат жоқ, бәрі қолмен қойғандай. Мұнда 2012 жылы күрделі жөндеу өткен екен. Бұзылып, бүлініп тұрған бұйым білінбейді.
Клуб директоры Айдос Байкеновпен еркін сұхбатқа көштік. Ақжарқын жігіт жалындап тұр. Тіпті өнер десе өзегін жұлып берер азамат екен.
–Жылына елуге тарта шара өтеді. Біз санына емес, сапасына жұмыс жасаймыз. Көрермен өзіне керекті құндылықты алуы тиіс. Бүгінде 8 үйірме жұмысына 96 жан қатысады. Мұнан бөлек әжелер ансамблі, «Орда.кз» вокалды-аспапты ансамблі бар, –дейді ол бізбен әңгімесінде.
Айдос көпке танымал өнер адамы. Ол 30-ға тарта әннің авторы. Сұлу сезімге толы «Бір сезім» әнін де есіттік. Ал, оның осы ауылдың түлегі, өнер жұлдызы Ғалымжан Молданазардың ұстазы, үлкен сахнаға шығуына қолдау көрсеткен қамқорлығы тағы бар. Бір таңданарлығы, қалаға қарасты 9 ауылдық округтің ішінде тек Қараөзекте ғана дыбыс жазу студиясы жұмыс істейді. Жергілікті өнерпаздардың әні, музыкалық сүйемелдеуі түгелдей осында жазылады.
Қараөзекке қайырылдық
Ауыл теміржол бойында, былайша айтқанда теміржолшылар мекені. Тарихы 1905 жылғы теміржол құрылысымен байланысты. Ауылда 659 адам тұрады, 100 орындық негізгі мектеп, медпунк, ойын алаңы жұмыс істейді екен. Ауылдың басты мәселесі ауыз су болған, оның да құрылысы бітіп, жақын күнде су торабы іске қосылмақ.
Айнакөл ауылындамыз
Ауылға апарар жол жөндеуден өткен соң жүріс жеңілдей түсті. Қинала қоймадық. Естуімізше, округ әкімі Сәкен Нысанұлы осы жолға айрықша көңіл бөліп, өткен жылы қаржысы шешіліп, құрылысы дәйекті жүргізілген.
Жол шіркін ойды жетелегіш ғой, көлік ішіндегі кісілер кеңесіп отырмыз. Арамыздағы ақылман ағамыз өткен-кеткен тарихтан сыр шертіп, әр ауылдың шежіресін таныстырып келеді. «Мынау былай, мынау анау» дейді. Тіпті кезінде сүйек өңдейтін де зауыт салынған. Талдыкөлдің жағасында мың бас шошқаға арналған ферма да болды. Өтпелі кезеңде талас-тартысқа түскен, қазір қаңқасы қалған. «Харрикейн Құмкөлмұнай» АҚ ет комбинатын да іске қосты. Өндіріс өрге домалап тұрғанда ауыл қарқ болды, бүгінде мүлгіген тыныштық, тіршілігіне «тұсау» түсті. Әттең десейші!
...Бұл Айнакөл одақтың тұсында дүрілдеген, абыройы аспандаған ауыл. Тікелей ел астанасы Алматыға бағынысты тәжірибе алаңы болған. Бір қызығы, экспортқа қауын тұқымын өткізіп отырған. Тіпті қауыннан консервіленген тосап дайындау да қолға алынған. Онда 200-ге жуық адам жұмысқа қамтылған. Қазір де ауыл тұрғындары жерден несібе теріп, тұрмысын түзеп, тіршілігін алға сүйреп келеді. Мұнда өткен жылы 896 тонна картоп, 898 тонна көкөніс, 528 тонна бақша өнімі жиналған. Осыдан-ақ елдің еңбекке ептілігі көрініп тұр.
Ауыл шағын ғана, 468 адам тұрады. Мектеп, медпунк, 2 сауда, 6 мал бордақылау орны және балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер бар.
Су Сауранбай каналы арқылы Жаманкөлге құяды. Ел егінге осы көлден насоспен тартып, суарады.
Сауранбай каналында су жоқ
Ауылдың қазіргі уайымы осы аяқ су. Егін егу алдында ел осыған алаңдаулы. Дариядан түскен су Сайранбай арқылы Жаманкөл мен Талдыкөлге құяды. Біз Қарақұл Дармолдаевпен Айнакөлге барар жол бойындағы шлюз басында тұрмыз. Бұл шлюз екі ауылдың суын реттеуші үш көзді екен. Екеуін жапқанда су Айнакөлді жарылқайды. Әрине, қос көл суға толса малға жайлы, одан бөлек егіннің қажетін өтейді. Ал, Талдыкөлден кейін су Жаңарық каналына барады. Одан Қараөзек ауылы су алады.
Бұдан бірнеше жыл бұрын ауылға кіре берісте жасыл желек алаңы орналасты. Қазір сол ағаштар да қурап кету қаупін кешіп отыр. Ең бастысы, үш ауылдың үміті Сауранбайдың суында. Мамандардың айтуынша, Әйтек су тоспасынан суды реттеуге мүмкіндік көп. Бір өкініштісі, биыл дарияның суы аз болады деген болжам бар.
–Өткен жылы 42 отбасы картоп егіп, әжептеуір өнім алған еді. Соның өзіне соляркасы ауыр тиіп, насосты белгілі уақытпен іске қосқанбыз. Биыл ол күйге де жете алмасақ ел күйзеліске түседі. Ауылдағы ағаш атаулы қурап қалмаса екен, – деп ардагерлер кеңесінің төрағасы Қарақұл аға қиналыс танытты.
 Біз үнсіз қалдық...
Жүрегі жұмсақ, жомарт жан
Ауылдың ажарына айналған Айшагүл апайды білмейтін адам кемде-кем. Қызылөзекке келген әр мейман ол кісінің ақ дастарханынан дәм татпай шыққан емес. Сөзі мен ісі келіскен қарияның жарқын жүзінен өмірге деген риясыз махаббат пен перзенттеріне деген пәк сезімді аңғару қиын емес. Серікбол Аханұлы мен Айшагүл Өмірғалиева отасқан елу жыл ішінде  балаларынан балауса көңілдерін аямаған қос бәйтерек. Ұрпағына ұлағатын үйретіп, ұлтына үлгі болған қариялар халқына қадірлі, немерелеріне ардақты ата-әже. Айшагүл апай Қарлығаш, Рита, Жансая есімді үш келінді бірге ұстап отырған берекелі шаңырақтың ұйытқысы. Онысына ауыл халқы үлкен қызығушылықпен қарайды. Қазіргі кезде бір келінді сыйдырмай отырған отбасыларына осы кісінің шаңырақ шаттығы үлкен үлгі. «Үй ішінен үй тіксең, үйден де жылы болады» деп осындайда айтса керек-ті.
Есік алдына төрт түлігін қатар ұстаған ананың қазанынан қысы-жазы құрт, айраны бір сәтте үзілген емес. Екі ұлынан жеті немере, екі қызынан жеті жиен өрбіген ордалы отбасының арман тілектері елдің бірлігі мен тыныштығы.
Кезінде сауда саласында және жауапты қызметтер атқарған Айшагүл апайдың аудандық, ауылдық кеңестің бірнеше дүркін депутаты болып сайланды, марапаты да мол. Бұл жастықтың жауапкершілігі мен жігерінің жетістігі. Ал, бүгінгі жетістігі – бейнеттің зейнеті. Қарашаңырақтың қазынасына айналған қос қария ұрпағымен мың жасасын дейміз.
Алақандай мектептен Алатаудай шәкірттер шыққан
№39 «Қызылөзек» орта мектебінің негізі «Айнакөл», «Қызылөзек», «Жаңарық» атты шағын колхоздардың халқын сауаттандыру мақсатында 1926 жылы Қараөзек станциясында ашылды. Ауылда ашылған білім ордасында алғаш болып Дүйсен Жұқабаев жұмыс істеді. Бүгінгі күнге дейін бұл қара шаңырақтан Қазақстанға белгілі ғалымдар, журналистер, өнер мен мәдениет қайраткерлері, әйгілі еңбек озаттары шықты.
Бүгінгі зәулім ғимаратты 1996 жылы «Харикейн Құмкөл Мұнай» АҚ салып берген. Содан бері сыны да, сыры да кетпеген білім шаңырағы өз биігін байқатып келеді.
Біз аялдаған білім ордасында журналистерді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сержан Қоқыбасов күтіп алып, мектептің тыныс-тіршілігімен таныстырып өтті. Бір ерекшелігі, бұл білім ұясында мектеп мұражайы жұмыс жасайды. Онда ауылдың тарихы өткеннің өнегесіндей сақтаулы тұр. Жеңісбек Құлғазиев жетекшілік жасайтын білім ордасында 73 мұғалім 434 оқушыға сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді. Айнакөл, Қараөзек, ауылдарының жоғары сынып оқушылары арнайы көлікпен тасымалданады. 2019-2020 оқу жылында 66 бала мектеп табалдырығын аттаса, 23 шәкірт ұлттық бірыңғай тестілеуге әзірлік үстінде. Әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары күніне екі мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. 15 оқу кабинеті, 1 мультимедиа, 1 информатика кабинеті бар. 8 кабинет интереактивті тақтамен жабдықталған. Аталмыш білім ұясында соңғы үш жылда сегіз «Алтын белгі» иегері шыққан. Бұл ұстаздар қауымының өлшеусіз еңбегінің жемісі мен жеңісі.



Мен балабақшаға барамын
Бұл бөбектердің кіршіксіз көңілінен шыққан сөз. Бала бағбандары бөбектерді бауырына тарта білгендіктен олар осылай дейтіні анық.
Біз аялдаған келесі нысан 2009 жылы мектеп жанынан құрылған «Ақ Ерке» шағын орталығы. Мұнда мектеп жасына дейінгі 25 тәрбиеленуші бар. Бүлдіршіндерге ұлттық құндылықтары мен төл тарихымыз, ана тіліміз бен мәдениетіміз жайлы мол мағлұмат беріліп, бала бойына ізгілік қасиеттер ұялатуда ілкімді істер атқарылып жатқанын көзімізбен көріп, көңілімізге тоқыдық.
- Балабақшада әр күн сайын төрт мезгіл ыстық тамақ беріледі. Медбике балалардың денсаулығын ұдайы назарда ұстап, қадағалап отырады. Ата-аналармен тренинг, эстафеталық жарыстар, ертеңгілік сайыстар тұрақты өткізіліп келеді. Бүлдіршіндер еліміздің ертеңгі жарқын болашағы. Кішкентайларымыздың жақсы тұлға болып қалыптасуына балабақшадан берілген тәрбие үлкен рөл атқарады. Сондықтан оларға дұрыс бағыт беру біздің борышымыз. Сол мақсатта отбасымен тұрақты қарым-қатынаста араласып, жүйелі жұмыстар жасап жатырмыз,- дейді орталық әдіскері Гүлмира Сариева. 
Бұл елдің брендісі – картоп
Картопты ел арасында «екінші нанға» теңейді. Өйткені, өзінің құнарлығымен және дәмімен ерекше маңызға ие. Картоп барлық ел дастарханындағы басты тағамның бірі. Сапалы тұқым қашанда мол өнімнің кепілі. Картоп егіп, одан мол өнім алып отырған қожалықтар Айнакөл ауылында да бар. Сондықтан картоп ауылдың брендісіне айналған.
Рас, бұл ауылды жұртшылық осы бір көкөнісімен таниды. Тіпті әрбір үй ұра, немесе көкөніс сақтайтын  қойма салып алған. Науқан кезінде қойма лық толады. Мұның ішіп-жемнен бөлек, нәпақасын да айыратын берекесі бар. Біз барған «Смағұлов» жеке кәсіпкерлігі де көктем мен күз арасын бейнетпен өткізіп, ырзығын жерден тауып отыр. Еңбекқор азамат Нұрлыбек Смағұлов әке жолын жалғап, 20 жылдан бері осы кәсіптен айналысады. Бүгінде өз ісінің шебері. Тек судан таршылық болмаса, былайша еңбегі еш кетпеген.
  – Картоп егуге дайындықты ерте бастау керек. Ең жақсы тұқым жазғы егістен және екі өнімдік дақылдан алынған картоп түйнегі. Картопты күтіп-баптауға оны отырғызғаннан кейін 4-6 күн өткен соң ғана кірісу керек. Негізі, түйнек үнемі ауаны қажетсінетіндіктен топырақты ұдайы қопсытып отыру керек. Суды да мөлшерімен, уақытымен берген жөн. Бабы мен байыбы келіскенде картопты қазу маусымның алғашқы онкүндігіне сәйкес келеді. Көктемгі отырғызылған өнімді ең дұрысы –жаз бен күзде пайдалану. Қазан айының аяғы мен қарашаның басында картоп өне бастайды. Қысқы және көктемгі кездерде пайдалану үшін картопты жазда отырғызу керек, – дейді Нұрлыбек.
  Осы көкөністің кәнігі маманы болып алған Нұрлыбек картоп сатуды да жақсы жолға қойыпты. Өткен жылы 2 гектарға картоп егіп, 60 тонна өнім алған. Бүгінде оның өніміне сұраныс жоғары. Тіпті қала орталығынан саудагерлер  өздері іздеп келеді екен. Біз оның көкөніс сақтайтын қоймасына түсіп көргенімізде өз көзімізге өзіміз сенбедік.  Былтырғы өнім әлі бар. Кейбірі 500 грамм, тіпті онан да жоғары салмақ тартады.
Басында Нұрлыбекті көп ой мазалаған. Алғашқыда ойдағыдай өнім бола ма деген күдік қинаса, кейіннен көңіл жайланып, өнім жиналған соң оны қалай сақтаймын деп уайымдаған. Содан қойма салуға кіріскен. Жерді кісі бойынан биіктетіп қазып, сыйымдылығы 100 тонна болатын қойма салынды. Көкөніс қыстың көзі қырауда да, жазғы аптапта да өз құнарын бойында ұстап, бұзылмайды. Мұны кезінде әкесі үйреткен әдіспен жасады.
Кәсіпкердің әкесі Ғанибек Смағұлов та егіншілікпен айналысқан. Оның тәжірибесі ұлына көрсеткен тәлімі. Бәлкім, соның ықпалы болар, бүгінде Нұрлыбек ауыл ішіндегі тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын созып, көмектесіп келеді. Науқан кезінде оларға қаптап картоп береді. Мұны өздері «кеусен» деп атайды.
 Жалпы, Айнакөл ауылы тұрғындарының дені картоп егумен айналысады. Оның себебі де бар, ауылдың дәмді өніміне сұраныс жоғары. Тіпті ауылшаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінде төмен бағада халыққа ұсынады.
  Әрине, баптамаса егін өспейді. Сосын ерінбеу керек. Нұрлыбек қазір картоп егуге дайындығында. Ол үшін өнімнің сапалысын сорттап қойды. Жақында жер жыртып, агротехникалық шараларын жүргізбек.
Жаңа емхана жақында ашылады

  Жанның байлығы – деннің саулығы. Сондықтан әр азамат өзінің басты байлығын сақтау үшін барын салады. Ал халықтың денсаулығын сақтау – мемлекеттің мойнына артылған басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта Қараөзек ауылдық округінде жаңа емхана бой көтерді. Ауылдың ажарын еселеп тұрған жаңа емхананың тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге дайын.  Емхана келушілерге қолайлы, заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Онда физотерапия, күндізгі стационар, зертхана, дәрігерге дейінгі қабылдау, әйелдерді және балаларды қарау, екпе, қабылдау бөлмелері бар. Ал бұрынғы емхана бүгінде апаттық жағдай тұр.
– Бұл ескі емхана демеушілер көмегімен 2004 жылы салынды. Бүгінде тозығы жетті. Мұнда Айнакөл, Қараөзек тұрғындары да келеді. Бір өкініштісі, бізде дәрігер жоқ. Ал, ауру диогнозына қарай  қала орталығындағы №5 емханаға жолдама беріп жібереміз. Бұл нысанда орта буын 13 медқызметкер жұмыс істейді, – дейді аға аяжан Гүлсара Рахметова.
Шындығында дәрігердің болмауы ауыл адамдарын да алаңдатады. Жаңа амбулаторияның жаңалығын дәрігер толықтырса деген тілек те бар. Ал,   ескі ғимаратты жас отбасыларға бөліп берсе құба құп болар еді.

Жас кәсіпкер Жасұлан
Ия, мал баққанға бітеді. Әр кезеңнің өз  белесі бар, бүгінгі жаңа заманның кілті жастарда, оларға білімді, білікті әрі қабілетті болу жарасады. «Жас келсе іске» демекші, кәсіптің көзін тауып, ісін өрге сүйреп отырған жастардың саны жыл санап артып келеді. Соның бірі Қараөзек ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Жасұлан Қуанышов.
Жасұлан 20 жасында тәуекелге бел буып кәсіп ашқан  жігіт. Ата кәсіп − мал шаруашылығын қолға алған ол сан түрлі қиындықты да, жетістікті де басынан өткеріп, істеген ісінің нәтижесінен сабақ алуды да жақсы меңгерген. Ол мемлекет ұсынған бағдарлама арқылы 2 млн 300 мың теңге несие алады. Осылайша шаруа қазір мал басын көбейтіп, өз кәсібін дөңгелетуде. Алынға несиеге ол 8 бас мүйізді ірі қара алған. Бүгінде олар төлдеп, мүйізді ірі қара көбеюде. Жасұлан төрт-түлікті негізінен қыстауда ұстайды. Таңертең тірлікке ерте кірісіп, сауған сүтін қалаға сатады екен.
– Мемлекет көмегімен кәсібімді кеңейтсем деген мақсат жолымды ашты. Менің атам қой баққан, ал әкем жылқы баққан. Осылай әке жолымен мен де жиырма жасымда осы шаруаға келдім. Бүгінде інім екеуміз шаруашылықты жүргізіп жатырмыз десем де болады. Мүйізді ірі қара күніне екі мезгіл сауылады. Жалпы, төрт-түлік қыста қыстауда, жазда жайлау жайылады, – деді Жасұлан.
Жасұлан облыс әкімінің «Жас кәсіпкер-2019» марапатын алған. Бүгінде екі ұлы бар. Марғұлан және Парасат. Жұбайы Мереке екеуі үшінші бөбегін күтуде. Болашақта ол мүйізді ірі қараны семіртіп, қала орталығындағы тұрғындар үшін ет сатуды жоспарлап отыр. Біз Жасұланның кәсібіне береке тілейміз.
Ауылдағы алма бағы
Әсілі, ауылдағы алма баққа сырттай сыни көзбен де, қызығушылықпен де қарадық. Өйткені судан тапшылық көріп, біршамасы қурап қалыпты. Ағаш арасы арам шөп басқан. Оны реттеуге көп күш керек.
Біз бағбан Жұмабек Оспановпен әңгімелескенде көп жәйтке қанықтық. Өзі ауылдық әкімдікте еңбек етеді, арасында алма баққа да жанашырлық танытады.
Жұмабек ағамыз тракторист болып жұмыс істеген. Бүгінде зейнет жасында. Қол қалт ете қалса болды алма бағына барып, оны көгалдандыруға кіріседі. Қазір мұнда жеміс ағаштарының түбін қопсыту, тазалау жұмыстары жүруде. Бақта алмадан өзге, шие, қара өрік, күрең, мәуе ағаштары өседі.
– Мен үнемі ауылдың жастарына ағашқа ешқашан қиянат жасамаңдар. Олардың да сендердей өмiрi, көрер қызығы бар. Алма бақты мен о дүниеге арқалап кетпеймiн, сендерге, ұрпақтарыңа қалады. Бұл – бiздiң ауылға «Алланың берген сыйы». Оны күтіп қарауға бәріміздің атсалысуымыз керек деп үнемі айтып жүремін. Алма ағаштары үлкен күтімді қажет етеді, – дейді бағбан Жұмабек.
Бір айта кетерлігі, бұл алма бағы әкімшілік, жеке шаруашылыққа қарамайды екен. Жұмабек ағамыз өз еркімен мұнда бағбан болған. Ауылдағы мектеп оқушылары мұнда келіп, әр сенбі сайын сенбілік жасап, айналасын тазалайды. Жеміс піскен уақытта ауыл тұрғындары келіп, барлық ағаштан жемісті теріп әкетеді екен.  
Ағашты суару да көп еңбекті қажет етеді. «Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір» деген нақылды өмірлік ұран еткен ағамыз бағында жазғы жемістерден басқа, қыстық алма да өседі.
Даналардан шыққан «Ең бақытты адам – бос уақыты жоқ адам» деген сөз бар. Сол сөз Жұмабек бағбанға айтылғандай. Осыншама еткен еңбектің, төккен тердің арқасында жайнаған бақтың өз қонақтары бар. Олар – ауыл тұрғындары, балалар. Алма бағы әр жылда әр түрлі өнім береді. Алынған өнімді сатуға шығармай,  ауыл тұрғындарына береді екен. Ал, оның себебін адал еңбектің сатылмайтындығымен түсіндіреді.
Қаныбек ӘБДУОВ,
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ,
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ



17 наурыз 2020 ж. 1 983 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам