Ақын сүйген, ақыл түйген төл ойын
Қазақ халқының ұлттық ойыны саналатын тоғызқұмалақ бүгінде спорт саласында ойып тұрып орын алады. Кезінде ұлы Абайдың өзі бұл ойынды жан-тәнімен ойнаған. Одан кейін де Ш.Уәлиханов, М.Әуезов пен Б.Момышұлы секілді қазақтың ардақты азаматтары бұл ойынға қызығушылық танытып, қолдау білдірген. Міне, сол интеллектуалды ұлттық ойын қазір де өз құндылығын жоғалтқан емес.
Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын интеллектуалдық ойын, логикалық ойлау өнері. Бұл спорт түрі адамның денесін шынықтырмаса да, ақыл-ойын дамытуға елеулі үлес қосып, ойлау қабілетін жақсартады. Сол себептен бүгінде тоғызқұмалақпен шұғылданатын спортшылар қатары көбейіп келеді. Тіпті, аталмыш спорт түрінен әлемдік деңгейде жарыстар ұйымдастырылады.
Жақында облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы мен «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Абай сүйіп ойнаған тоғызқұмалақ» атты шеберлік сағаты өтті. Шараға ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт қайраткері Еркетай Әлкенұлы, ҚР еңбегі сіңген спорт шебері, үш дүркін әлем чемпионы Хакімжан Мектепханұлы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азияның бірнеше дүркін чемпионы Бексұлтан Хасенұлы мен облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Әлима Жақыпқызы арнайы қатысты.
– Кезінде Абай Құнанбайұлы бұл ойынға ерекше құштар болған. Менің де бұл спорт түріне деген қызығушылығымды ашқан ұлы ақын Абайдың бұл ойынға деген ыстық ықыласы. Соңғы бес жылда мен «Неге тоғызқұмалақ Абайдың сүйікті ойыны болған» деген сұраққа жауап табу үшін ұлттық ойынымызды зерттеп жүрмін. Қазіргі кезде ол сұрақтың жауабын да тапқан сияқтымын. Алайда бір ғана сұрақтың бірнеше жауабы бар, яғни көп. Ең бастысы – тоғызқұмалақ ойнаған адамға Абай айтқан «Адам болуға» зор көмегін тигізеді, – дейді спорт қайраткері Еркетай Иманбаев.
Жиын барысында арнайы қонақ болып келген спорт шеберлері жас спортшыларға ойынның қыр-сырын үйретіп, шағын шеберлік сағатын өткізді. Одан бөлек, балалар өз арасында төл ойынымыз тоғызқұмалақтан сайысқа түсіп, бір-бірімен жарысты. Спорт шеберлеріне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Шара соңында қонақтар жас қатысушыларға алғыс хат пен сый-сияпаттарын табыстады.
Аслан НҰРАЗҒАЛИ