ТАСБӨГЕТ: ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚОЛҒА АЛЫНҒАН
Қала іргесіндегі Тасбөгет кенті жаңарып келеді. Бұған мұндағы атқарылып жатқан сан алуан жұмыстардың нәтижесі дәлел. Кенттегі толымды тірлікке тұрғындар дән риза. Кенттің күн тәртібіндегі өзекті мәселелері жан-жақты сараланып, ретімен шешімін тауып келеді. Осы орайда кенттің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен баспасөз туры болып өтті.
Бүгінде кентте жалпы ұзындығы 74,2 шақырымды құрайтын 52 көшенің 37 көшесіне асфальт жабындысы, 8 шақырым көшеге малта тас төселген. Бұл кенттегі барлық көшелердің жалпы ұзындығының 59 процентін құрайды. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» аясында 3 көшеге күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар кенттің жаңадан қалыптасып келе жатқан аумағында 15 көшеге малта тас төсеу жұмыстарына қала бюджетінен 624 млн теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде жол құрылысы жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Кент көшелерін жарықтандыру жұмыстары да тиімді жолға қойылып келеді. Атап айтар болсақ 23 көшеге 957 дана жарық шамдар орнатылған. Биыл 4 көшеге облыстық бюджеттен 70 млн 686 мың теңгеге жарық бағаналарын орнату жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда бітуге таяу. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» аясында 29 млн теңге қаражат бөлініп, бір стритбол алаңы бой көтерді. Кент маңайынан қорым үшін жер учаскесі дайындалуда. 101 млн 732 мың теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылып, нәтижесінде жаңа бейіттің құрылыс алаңын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Кентке қарасты Сабалақ саяжайына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржы негізінде 6 дана трансформатор және 488 дана электр бағаналарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сабалақ шағын ауданын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып, ұзындығы 17 шақырым болатын су құбыры жүргізілді. Бүгінде ауыз су желісін жүргізу жобасының ІІ кезеңі бойынша суды әрбір үйге тарту жұмыстарының алғашқы кезеңі басталуда.
«Ақмешіт ақпарат»