Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Абай трагифарсы – жастар театрының жаңа белесі

Абай трагифарсы – жастар театрының жаңа белесі

Хакім Абай өзінің саналы ғұмырында ұлылықты аңсаған да жоқ, ұлы болам деп шаршаған да жоқ. Оның тәлім-тәрбиеге толы шығармалары мен талайға үлгі боларлық ғұмыры руханият әлеміндегі орнын биіктетті. Абайды тек қазақ қана емес, өзіне саналы ғұмыр тілейтін талай адам баласы оқып жүр. Оқып қана қоймай, өзгеге насихаттауда. Мұндай мақсаттағы жұмысты қызылордалық жастар театры да қолға алды.
А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде хакім Абайдың 175 жылдығына орай «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» атты қойылым сахналанды. Қызылордалықтарды рухани азықтандырған пьесаны ҚР Мәдениет қайраткері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Оңталап Нұрмаханов жазған. Негізінен Абайдың ішкі жан-дүниесін, қиындықта қолдау тапқан сәттерін көрсеткен көркем қойылым жоғары дәрежеде өтті.
– Ұлы ақынның мерейтойында барлық өнер адамдары «Абай» тақырыбына барып,¬ Абайды өзінше толғап, өзінше жырлап жатыр. Біздің театр да мерейтой аясында Абайдың болмысын ашып, көрерменге ұсынуды көздеді. Осы мақсатта арнайы драмалық шығарма жазылып, бүгінде көрерменге жол тартты. Бұл қойылымды жастар өз деңгейінде сомдап, ұлы Абайдың образын сахнаға алып шықты, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі О.Нұрмаханов.
Сондай-ақ философиялық иірімге бай қойылымда басты рөлдегі Абайдан бөлек, тағы жас бес Абай ойнайды. Мұны пьеса жазған театр жетекшісі былайша түсіндіреді: «Абай сүрінгенде, құлағанда, жылағанда біреуге қолын созып, көмек сұрамайды. Ондай кезде Абай өзінің ішкі болмысы мен рухына сыйынады. Ал оның ішкі болмысы – жас кезі, қиындық көрмеген, таза балғын балалық шағы. Біздер біреу биіктен көрінсе аяғынан шалатын, жолын кескестейтін халық екенімізді жасырмауымыз керек. Міне, соны біз сахнада көрерменге ашық айттық».
Бір жарым ай уақыт дайындалған қойылымдағы рөлдерді сомдаған жастар өздеріне артылған жауапкершілікті түсініп, өнер көрсете білді. Сонымен қатар спектакльден музыка, ән мен би де орын тапқан. Ұлы тұлғаның болмысы мен ән-бидің қосылуы нәтижесінде рухани тәлім-тәрбиеге бай қойылым дүниеге келген.
Қойылым көрерменнің көңілінен шыққанын ыстық ықыласынан анық аңғарылды. Театр актерлары мен авторына құшақ-құшақ гүл табысталып, көрерменнің қалың қошеметі өнер иелерінің мәртебесін биіктетті. Премьераға Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов арнайы қатысып, ыстық ықыласын білдірді.
– Бүгін қазақ драматургиясы ойлы, тәлімі мол шығармамен толықты. Сыр сахнасында кезекті бір керемет қойылым көрсетілді. Адамзаттың асылы болған Ұлы Абай тақырыбын екінің бірі қозғамасы анық. Алайда біздің өнердегі ағамыз Оңталап Дүйсенәлиұлы бұл тақырыпта керемет шығарманы көрерменге паш етті. Ағамыздың шығармашылығына табыс тілейміз. Ал осы шығарманы жеткізе білген жастар театры ұжымына шығармашылық шабыт тілеп, ыстық ықыласымызды білдіреміз, – деді ол өз сөзінде.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ
10 қараша 2020 ж. 255 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 433 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам